Биылғы жылыту маусымында үшінші жылу магистралі іске қосылмақ. Ол Оңтүстік-Шығыстағы жаңа нысандарды жылумен қамтып, қазір қолданыстағы желілерге түсетін салмақты азайтуы тиіс. Сала мамандарының айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр.
№10 жылу магистралі мен 29 шағынаудандағы жөндеу жұмыстар барысы арнайы ұйымдастырылған баспасөз турына өзек болды. Жалпы ұзындығы 22 шақырым құбыр ЖЭО-3-тен Оңтүстік-Шығысқа өтеді. Бұл осы ауданды толық қамтуға, әсіресе, жаңа нысандарды жылытуға сеп болмақ.
– 30 жылда бізде мұндай жоба болған емес. Биыл біз оны аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Төрт сорғы қондырғысы жөнделді, барлық қажетті жабдықтар орнатылды, қазір іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 3 шақырым желіні орнату ғана қалды. Осы арқылы Оңтүстік-Шығыс нысандарын жаңа жылу құбырынан қуаттандырып, қаладағы жүктемені төмендеткіміз келеді. Қазір қосымша жылу көзі болмағандықтан аудандағы көпқабатты үйлердің, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандардың құрылысын жасанды түрде тежеп отырмыз, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Рүстем Мақсатұлы облыс орталығының басты жылу көзі – ЖЭО-1 мен ЖЭО-3-те бүгінгі күні барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтты.
– Үш қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық объектілер мен көпқабатты үйлердің қазандықтары жөнделіп, көмір сатып алынуда. Биыл жоспар бойынша 31 шақырым жылу желілерін ағымды және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Желілерді гидравликалық сынау кезінде ақаулар анықталды. Оларды жойғаннан кейін қайта тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ, қалада инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мәселен, Шахтерский кентінде 33 үй орталық жылытуға қосылады, өтініш бергендері осы. Жылыту маусымы басталғанға дейін өзгеруі мүмкін. Шамамен 15-20 қыркүйек аралығында жылыту маусымын бастау үшін қала желілерін толтыратын боламыз.
Ресми өкіл инфрақұрылым нысандарын жылыту маусымына дайындау үшін әртүрлі көздерден 51 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 11 млрд теңгеге көп.
– Қала бойынша 2568 көпқабатты үй бар. Оның 1938 дайындықтан өтті. 21 әлеуметтік нысанның орталық қазандығы, 3 көпқабатты үйдің қазандығы жөнделді. Жылу маусымын жылдағы тәжірибе бойынша қазанның басында іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Рүстем Қожақапанов.
Оңтүстік-Шығыстың барлығы осы 10 магистраль желісіне тартылған. Мұнда жұмыс істеп жатқан «Алматыинжстрой» АҚ жобалар жетекшісі Рашид Төлеубаев магистральді жөндеу былтыр басталғанын, ол кезде 1,2 шақырым жөнделгенін, ал, биыл қалған 1,3 шақырымды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін жеткізді.
– Бұл желілердің 73%-ы тозған. Апаттық жағдайлар көп орын алды. Қазір жұмыстың 95%-ы аяқталды. Қыркүйекте гидравликалық сынақтар жүргізу үшін тапсырамыз. Жөндеу жұмыстары жаңа технологиялар бойынша жасалды. Егер бір жерден ақау шықса, мамандар оны іздеп жүрмейді, ол туралы жүйеге бірден мәлімет келеді, яғни, жарылған құбырды бірден көре аламыз. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Біз қолданатын өнімдер жергілікті өндірушілерден, жұмыскерлер де осы жергілікті тұрғындар, – деді ол.
Жұмыс барысында қолданыста болған 700 дм-лік құбырлар 920-ға ауыстырылды. Бұл «Степной-1», «Степной-2», «Степной-3», «Степной-4», «Гүлдер-1», «Гүлдер-2», «Кең-Дала», «Панель-Центр» секілді шағынаудандардағы нысандарды жылумен қамту сапасын айтарлықтай арттырады. Жоба нәтижесінде апаттық жағдайлар жойылып, жылу жоғалту көлемі жылына 5 мың Гкал-ға азаяды әрі желілердің тозу көрсеткіші де төмендейді деп күтіледі.
29 шағынауданда жоспарланған 1,36 шақырым жылу құбырларының 75%-ы аяқталған. Қазіргі уақытта «Арай» базары мен Карбышев 5 көшесі аралығы жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары маусымда басталған.
Мердігер «Астанаинжкомстрой» ЖШС жоба жетекшісі Арман Акимбаев жылыту маусымына дейін аяқталатынын айтты.
– Жылу құбырларының диаметрін үлкейтіп жатырмыз. Ол жерде 400 дм болса, біз 530 дм салдық. Нәтижесінде жылу жоғалту көлемін жылына 2,4 мың Гкал-ға дейін азайтуымыз керек. Жұмыс барысында жерді қазып, белгілі бір учаскелерді жабуымызға тура келеді. Ол үшін кешірім сұраймыз. Әрине, тездетуге тырысамыз, дегенмен, түрлі жағдайлар болып қалады, – деді ол.
Бұл маңдағы құбырлар 15 жылдан бері ағымдық жөнделгенімен, толық ауыстырылмаған. Апаттық жағдайлар жиілегеннен кейін учаскені арнайы жобаға енгізіпті.
– Осы учаскеде жылу жоғалту көлемі артқандықтан, біз оны арнайы жобаға қостық. Жасалып жатқан жұмыстар сапалы орындалуда. Былтыр екі жағдай орын алып, дереу жөнделді. Біз барлық ақауларды қала бойынша қарап, бақылап, қажет болған жағдайда осындай бағдарламаларға қосып отырамыз. Жобаның құны – 2 млрд 170 млн теңге. Ол «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жүріп жатыр, – деді «Теплотранзит Караганда» ЖШС даму бойынша директоры Асқар Арыстанов.
Аталған учаскедегі жылу құбыры 33 көпқабатты үйді сапалы жылытуға әсер етеді. Сонымен қатар, сол аумақтағы «Жұлдыз» балабақшасы, №66 жалпы білім беретін орта мектеп, Сарыарқа кинотеатры, ҚарЗУ корпусы мен жатақханасы да осы желіден жылу алады. Мамандар шағынаудан тұрғындарының шаңырақтары биыл жылырақ болады деп сендірді.
Мердігерлер өз жұмысына кемі 5 жыл кепілдік беріп отыр. Осы аралықтағы барлық ақауларды жөндеу солардың мойнында.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ