Жаңалықтар

Шаңырақ күніндегі шаттық

Көктеммен бірге келе­тін жаңару мен үміттің ныша­ны – Наурыз мейрамы ая­сын­дағы «Шаңырақ кү­ні» аймақ­та ерекше сипатта өтті. Бұл күні өмір есігін аш­қан сәбилерге ақ тілектер ай­тылып, жас аналарға құрмет көрсетілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелері мен ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері қаладағы перзентханаларды аралап, дәл осы күні дүниеге келген нәрестелердің аналарын құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Мерекелік іс-шара барысында Қарағанды қаласындағы үш перзентхана қамтылды. Әрбір шаңырақта жаңа өмірге келген сәбилер – елдің ертеңі, отбасының қуанышы ретінде құрметке бөленді.

Алғашқы құттықтау Қарағанды қаласындағы №1 перинаталдық орталықта өтті. Бұл күні ана атанған 29 жастағы Айжан Серікқызына «Шешен-ингуш» этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев пен «Вайнах» этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің мүшесі Раиса Хусейнова арнайы барып, ақ тілектерін жеткізді. Олар жас анаға ізгі ниеттерін білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Ал, №2 перинаталдық орталықта Диана Шабдан құттықтау­лар легін қабылдады. Оған Қарағанды облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Киясова мен «Қарағанды облыстық поляк қоғамы «Polonia» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Хмелевский арнайы барып, жылы лебіздерін жеткізді.

– «Шаңырақ күні» – отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ерекше күн. Біз үшін жаңа өмірдің басталуына куә болып, жас аналарға қолдау білдіру – үлкен жауапкершілік әрі құрмет. Бүгін дүниеге келген әрбір сәби – еліміздің болашағы. Сондықтан, аналарға жылы сөз айтып, қуаныштарын бөлісу – біздің азаматтық парызымыз деп білемін. Осындай шаралар қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты нығайта түседі, – дейді Айжан Қиясова.

Сондай-ақ, Аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталықта Ұлжан Молдалықызы да назардан тыс қалмады. Мұнда да ҚХА өкілдері жас ананы құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды.

Айта кету керек, бұл игі бастама тек құттықтаумен шектелмейді. Ол – қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуды көздейді. Өйткені, қазақ танымында шаңырақ – ұрпақ сабақтастығының, бірлік пен берекенің белгісі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button