Шахтинск қаласында жастар кәсіпкерлігі кеңінен қанат жайып келеді. Мұнда өз кәсібін ашам деген жас адамдардың конкурсқа ұсынып, жеңімпаз танылған бизнес-жоспарларына қала әкімінің гранты берілуде. Жылдағыдай 2023 жылдың қараша айында өткен осы байқаудың нәтижесінде Шахтинск қаласы әкімінің 1 миллион теңгеден грантын алған 17 қыз-жігіттің арасында 27 жастағы жеке кәсіпкер Әлихан Қыдырмұратов та бар еді.
Ол бұл конкурсқа шаштараз ашу жөніндегі жобасымен қатысқан болатын. Сол ойын жүзеге асыру мақсатында осы гранттың ақшасы қолына тиісімен ол көп бөгелмей, қаладағы Жеңістің 40 жылдығы көшесінің бойында орналасқан дүкен үйін жалға алды да, іске кірісті. Әуелі оның ағымдағы жөндеуін жасап, жұмысына қажет құрал-саймандар мен сатып алған жиһаздарын орналастырды. Атап айтқанда, аумағы 46 шаршы метрлік екі бөлмесіне үш-үштен кресло, стол, айна және диван, киімілгіш қойып, қайшы, ұстара, электрқырғыш, шашкептіргіш, әтір, тағы басқадай керек-жарақтарын даяр етті.
Әлихан осылардың бәрін түгендеп болғаннан кейін сол өткен жылдың 3 желтоқсанында жеке меншік шаштаразын ашып, шаруасын бастап та жіберді. Бұл жерде бастапқы бетте ол бірыңғай ер адамдардың сақал-мұртын күзеп, бастырып, ұл балалардың шашын алуды жолға қойды. Сол үшін маман кадрларды алыстан іздеп немесе оқытып әуре болмады. Астана мен Шахтинск қалаларында бірнеше жыл шаштараз болған тәжірибелі дос-жарандары Болатбек Есбергенов пен Бегалы Тұрғыновты тұрақты жұмысқа қабылдаса, жұбайы Ләззат жұмыс орнының тазалығын сақтап, мұнтаздай ұстаумен айналысады.
Жеке кәсіпкердің «Босс» деп аталатын шаштаразы қаланың орталық базарының дәл бүйірінде, кісі аяғы көп жүретін жерде орналасқандықтан да ертелі-кеш бір босамайды. Таңертеңгі сағат 10:00 мен кешкі сағат 20-00 аралығында демалыссыз жұмыс істейтін оларға келушілер көрсетілетін қызметтің сапасы мен шаштараздардың кәсіби шеберлігіне дән риза. Қызмет бағасы да қаладағы осындай салондарға қарағанда арзан және үлкен-кішіге бірдей 2 мың теңгеден аспайды.
Аз уақытта осы шаруаға басшылық жасап, шаруасын дөңгелетіп жүргізе бастаған Әлихан алдағы уақытта тағы 1 шаштаразды жұмысқа алып, әйел адамдарға да қызмет көрсетуді жоспарлауда. Сонымен, шахтинскіліктер жас кәсіпкер ашқан осынау шағын шаштараздың шапағатын көруде.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz