АймақБас тақырыпСаран

Шағын шаһар шырайланады

Елімізде моноқалаларды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеген. Мәселен, Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөнінде өткен республикалық кеңесте еліміздің дамуындағы моноқалалардың рөлі өте зор екенін, моноқалалардың 30 пайызы экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырғанын айтқан еді. Мұндай моноқаланың көшбасында Саран да бар. Бүгінде Саран моноқала емес, Қарағандының өнеркәсіптік серіктестігі.

Сурет bizmedia.kz

Қалалар қанаттанып келеді

Экономикасы әртараптанып, өндірісі өркен жайған Саран қаласында жаңа зауыттар ашылып, соның нәтижесінде 2000 жұмыс орны құрылды.

Бүгінде Саран моноқала емес, халық саны өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұраныс, заманауи инфрақұрылым, жаңа әлеуметтік энергиясы бар Қарағандының өнеркәсіптік серігі. Жалпы, Қарағанды облысы моноқалалар саны бойынша көш басында. Мәселен, Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқашта 340 мыңға жуық адам немесе өңір халқының үштен бір бөлігі тұрады.

«Осы жылдың ақпан айында Үкіметтің қаулысымен Қарағандыда агломерацияны дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оған Теміртау, Шахтинск, Абай қалалары және 28 елдімекен кіреді. Алдағы жылға біршама іс-шара жоспарланды. Әсіресе, инженерлік желілерді жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарту секілді жобалар жүзеге асады. Серіктес қалаларды Қарағандымен байланыстыратын бірыңғай қоғамдық көлік жүйесі жолға қойылған. Күнделікті еңбек көші-қонын ескере отырып, электронды билеттеу енгізілді, соның арқасында тұрғындар тұрақты және ыңғайлы көлікке қол жеткізді. Жолаушылар тасымалында бірыңғай тариф қолданылады. Мұнымен қоса, Теміртауда 20 мың шаршы метр аумақты кеңейту жүріп жатыр. Шахтинск пен Абайда құрылыс материалдарын, металл бұйымдарын шығару бойынша жобалар іске асырылуда, сондай-ақ, агроөнеркәсіп өркендеп жатыр. Туристік әлеуеті артып келе жатқан Балқаш өңіріне бөлінген. Қаржы сомасы 200 млрд теңгеден асады. 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Жағалау аймағын дамыту, туристік объектілер ашу, көлік логистикасын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл Астанадан Алматы қаласына дейінгі төрт жолақты автобан құрылысын аяқтау, әуе желілерінің рейстерін ұлғайта отырып, Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялау, теміржол көлігінің рейстерін ұлғайту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту. Оның ішінде, 16 млрд теңгеден астам сомаға су және жылу желілері», – деген еді аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Smart City: ақылды қала құрады

Сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қаланы басқарудағы ақылды технологиялар мен сандық шешімдер оңынан шешіліп жатыр деседі. Оның айтуынша, өңірлерде 14 Smart City жобасы іске асырылды.

«Қазіргі уақытта біз өңірлерде цифр­лық трансформация бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Smart city Accelerator – бұл стартаптарды қаржыландыруды, сарапшыларды қолдауды және табысты шешімдерді масштабтау­ды қамтамасыз ете отырып, идеядан қалалық инфрақұрылымды енгізуге дейінгі жолды өтуге көмектесетін құрылымдық бағдарлама. Smart City Accelerator бағдарламасы Астана қаласында іске қосылды. Қысқа уақыт ішінде бағдарлама қалалық инфрақұрылым, медицина және экологияның негізгі салаларында пилоттық жобаларды табысты енгізу есебінен тиімділігін көрсетті.

Астана қаласында табысты нәтижелерді және бағытты одан әрі дамыту әлеуетін ескере отырып, жұмыс істеп тұрған 19 IT-хабтың инфрақұрылымы негізінде еліміздің барлық өңірлерінде тәжірибені масштабтау жоспарланып отыр», – дейді вице-министр.

Саранның серпілісі

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов моноқалаларды дамытуда әуелі жұмыссыздық мәселесін жойып, инфрақұрылымын жаңарту арқылы ілгерілей аламыз дейді.

– Бұрын моноқалалар саны 27 болса, қазір 20. Саран солардың қатарынан шықты, себебі, экономика әртараптандырылған. Бұл дегеніңіз көптеген ірі өндірістер, түрлі бағыттар және әлемдік бағалардың құбылмалылығына тәуелділік жоқ дегенді білдіреді. Моноқалалардың ортақ проблемасы ол – инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі, экономиканың шикізат өндіруге тәуелділігі. Осы орайда, өз алаңын ұсынып, тәжірибесімен бөліскені үшін Қарағанды облысына алғыс айтамыз. Біз моноқалаларға талдау жасап, трансформациялау шараларын ұсынамыз, – дейді Қайсар Нығметов.

Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр 2019 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп көлемі қалада 5,6 есеге өскенін, ал, өңдеу секторының үлесі 92 пайызға жеткенін айтады. Ірі өндірістердің іске қосылуы шағын және орта бизнестің дамуына әсер етті. Нәтижесінде бюджетке салық түсімдері үш есеге ұлғайды.

Тұрақты жұмыс тек жергілікті тұрғындар үшін ғана қамтылып қоймай, енді Саранға жұмыс іздегендер басқа қалалардан да келіп жатыр. Сондықтан тұрғын үйге деген сұраныс жоғарылаған. Қалада иесіз қалған бос 22 көпқабатты үй бюджет қаражатына да, жеке инвестициялар есебінен де қалпына келтірілді.

–  2023 жылдың қарашасында Саранды моноқалалар тізімінен шығару – жай ғана формальды іс емес. Бұл біздің қаламыздың тұрақты және ең бастысы, әлеуетті болғанын мойындау. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 208 млрд теңгені құрап, шамамен 4 пайызға өседі деп күтілуде. 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда. Қаланың табысы өседі, бұл қосымша қаражатты инфрақұрылымды, тұрғын үй жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Дарын Бұлқайыр.

Өндірісі өркендеген Хромтау

Саран секілді Ақтөбе облысының Хромтау қаласында да өнеркәсіп өндірісі қарқын алып келеді. Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың сөзінше, Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, Саран қаласының тәжірибесін ескере отырып, Хромтау моноқаласында жалпы аумағы 150 гектарды құрайтын индустриялдық аймақ құрылған.

Өңірде өнеркәсіп өндірісі де қарқынды дамып жатыр. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 630,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,1 пайызға жетті. Ал биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 278,3 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 103,4 пайызды құрады.

«Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Халықтың сұранысын ескере отырып, маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бюджет есебінен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, мұражай және мұрағат ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Келер жылы мұз сарайы мен шығармашылық академиясы секілді әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жоспарда бар. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен құны 1,8 млрд теңге құрайтын мәдениет орталығы құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда ERG компаниясының қолдауымен 840 млн теңгеге бассейн құрылысы басталып кетті», – дейді аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов.

Хромтауда тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ерекше жобалардың бірі – Tugan Qala бастамасы. Бұл жоба – ERG компаниясының қолдауымен іске асырылып отырған әлеуметтік жоба. Tugan Qala жобасы аясында балаларға арналған ойын алаңдары, воркаут аймақтары, шағын футбол алаңдары, тротуарлар, автотұрақтар салынуда.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button