Жаңалықтар

Шағын несиенің көкжиегі кең

Ауылдарда жаппай кәсіпкерлікті тиімді жүзеге асырып отырған шағын – несие. Оны бірі тиімді пайдаланса, екіншісі мақсатсыз жұмсап жіберген. Шағын несиенің шарапатын көріп, қала мен ауыл ортасында шауып жүрген шаруагердің бірі – Айдын САТЫБАЛДИН.

Кәсіпті нөлден бастадым. Бюджеттік мекемеде қызмет жасадым, айдан-айға еңбекақы күтіп жүреміз. Көпбалалы отбасы деген санаттамын. Ойлана келе, қызметтен кеттім. «Даму» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін игеруге бел будым. Оқып, сертификат алдым. «Құласаң, нардан құла» жығылғанды жер көтереді, деген оймен жылқы шаруашылығымен айналысамын деп шештім. Бизнес жоспарым мақұлданып, төмен пайызбен несие алдым. Қолға тиген қаражатты шашау шығармастан, мақсатты түрде жұмсадым. Биесі бар, барлығы 10 бас жылқы сатып алдым да, жұмысты бастап кеттім,– дейді Айдын Есенжолұлы.

Әлбетте, ауыл баласының мал өсіргені қазір таңсық емес. Бірақ, мал сатып аламын деп комиссияны алдап, қаражатын басқа бағытқа жұмсағандардың сан соғып қалып жатқанын естіп те көріп те жүрміз. Ал, Айдын алған ұстанымынан қайтпай, қолға тиген қаражатын мақсатты түрде жұмсады. Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 4 млн. теңге алады. Жылдық үстеме 6%. Несие мерзімі 6.5 жыл. Жылына екі мәрте 400 мың теңгеден несие төлеп отыр.

Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалардың шарапаты зор. Ауылды ұстап қалу, мал шаруашылығын дамыту мен халықты тұрақтандыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздеген бағдарлама тек ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталады. Өзін-өзі жұмыспен қамту заман талабы десек те, жеке кәсіппен айналысуда жинаған қаражаты бар адам кемде-кем. Идеясын бизнес жоспары арқылы бекіткенімен, бастапқы қаражатты іздеуге тура келеді. Екінші деңгейлі банктердің талабы кепілзат көлемі мен несие мөлшері көбіне қолбайлау. Халық мүддесіне сай жасалған мемлекеттік түрлі жобалар кәсіппен айналысамын деген шалғайдағы халыққа жаңа тыныс, тың серпін берді.

– Өзім Қарқаралы қаласынан 30 шақырым жердегі Нұркен ауылында тудым. Бүгінде қала басында тұрамын. Таңмен таласа, ауылға тартамын. Жеке автокөлігім бар. Ауылдағы үйде інім тұрады. 20 бас жылқыға арналған қора салғанмын. Биені өзіміз сауамыз, күніне 10 литр қымыз. Оның 7-8 литрін сатамыз. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Қымыз баптау оңай шаруа емес. Анамыз көмектеседі. Алда үлкен жоспарларым бар. Жылқы санын арттырып, қымыз шаруашылығымен қатар, ірі салмақтағы жылқы басын көбейтуді де қолға алмақпын. Мен секілді енді кәсіп бастаған жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әлі де қолдау ауадай қажет, – деді сөз арасында.

Қолда бар мүмкіндікті ұтымды пайдалана білді. Жоғарыда өзі айтқандай, берілген теңгенің әр тиынын іске жаратты. Жылқыны күні-түні бағып әуре болмайды. Үйірдегі айғырға GPS бақылау құрылғысын таққан. Күніне 8 рет сигнал түседі. Сол арқылы жылқының секундына, минутына қандай жылдамдықпен, қай бағытта жүргенін бақылап отырады. Бие байлар уақытта мотоциклмен барып айдап келеді.

Тек мал шаруашылығымен айналысқан шаруашылықтарда шығын жабу өз есебінен жүргізіліп жатады. Яғни, малдың жем-шөбі, төленетін несие сол малды сату арқылы жүзеге асады. Айдынның да әрекеті солай. Төлдерін бордақыға байлайды. Соғымға сатады. Одан түскен қаражатпен несие жабады, қалғанын керек-жарағына жаратады.

Жылқы шаруашылығы – жауапкершілігі зор кәсіп. Екінің бірі жүрегі дауалай бермейді. Таңнан өріске жіберіп, күн ұзақ соңында салпаңдап жүріп, кешке қораға қамайтын ірі қара мен ұсақ тұяқты емес. Ен далада емін-еркін жүрген жануарға сырттан келетін қауіп көп. Ұры-қарыдан бөлек ит-құс бар. «Әрине, ондай қауіп бар. Әр нәрседен тосыла берсең, кәсібің жүрмейді. Бастысы – тәуекел ету керек» дейді. Көзі ашық, көкірегі ояу ынталы азаматты ештеңе алаңдатпайды. Бұл сұрақ қойғанда байқағанымыз. Бар ойы – жылқы қарасын көбейту, қымыз өндірісін автоматтандыру. Бұның бәрі тағы қаржылай қолдауға тәуелді. Алайда, бұдан бас тартар шаруагер жоқ. «Егер пайдасы болмаса, бастамас едім ғой» дейді.

– Мал шаруашылығымен айналысуға ынталы топ көп. Ол мемлекеттік бағдарламалардың әсері деп ойлаймын. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға берілетін жеңілдетілген несиенің осыған дейін өз талабы болды. Алдымен кәсіп ашуға ынталы адам ЭЦП жүйесі арқылы «Enbek.kz» порталына кіреді. Сол арқылы 10 күн үздіксіз онлайн режимде оқып, сертификат алады. Несие мен грант алудың да өз талаптары бар. Мәселен, несие алатындарда кепілзат болуы керек. Грант алатындарға әлеуметтік санаттағы адамдар кіреді, жас мөлшері ескеріледі. Бірақ, екеуі де жұмыссыз болуы шарт. Несие алатындардың кепілзатын қаржылай қолдау орталықтары жіті қарайды. Бизнес жоспары комиссия арқылы тексеріледі. Шешімнен кейін тиесілі қаражат беріледі, – дейді Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қанат Бабайбеков.

Сайып келгенде, еңбек етемін дегенге аянған мемлекет жоқ. Қолдау бар, бастысы. Кәсіпкерлікті дамытуға ниет еткендердің қажетін шығарған «Еңбек» бағдарламасының уақыты былтырғы жылы аяқталды. Жаңа жоба әзірлену үстінде. Қыркүйек айында жүзеге асады. Оның да талаптары өзгеруі мүмкін.

Кәсіпкерлер легін жыл санап еселеп арттырып отырған шағын несие алғандардың мүмкіндігі мол. Сайып келгенде, кәсіпкерге бастапқы қолдау болып отырған шағын несие ауылдың әлеуетін арттырады.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button