Шағын кеме – зор жауапкершілік
Облыс аумағындағы су айдындарында адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық шаралар жүзеге асырылу үстінде. Осы бағытта Самарқанд, Федоров, Шерубай-Нұра су қоймаларында және Балқаш көлінде су көлігін қауіпсіз пайдалану бойынша кең көлемді рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Рейд барысында мамандар су көлігін басқарушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жеке қорғаныс құралдарын қолдану қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, заң бұзушылықтар анықталып, тиісті ескерту мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай алдын алу шаралары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, су айдындарында тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Алдағы уақытта бағдарлы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.
Акция аясында шағын көлемді кемелерді басқарушылармен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, су көлігін және кеме тұрақтарын пайдалану тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Іс-шара барысында 100-ден астам адаммен тікелей түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейіне назар аударылды. «Назар аударыңыз! Шағын көлемді флот!» атты жыл сайынғы алдын алу науқаны шеңберінде тұрғындар жиі шоғырланатын су айдындарында кешенді рейдтер өткізілді. Рейд кезінде кеме жүргізушілерінің рұқсат құжаттарының болуы, сондай-ақ, қажетті құтқару құралдарымен жарақтандырылуы мұқият тексерілді.
Жалпы саны 83 шағын көлемді кеме тексеріліп, олардың 40-тан астамында қолданыстағы заңнама мен қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Тексеру нәтижесінде 68 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалды. Бұған қоса, жалпы ұзындығы 273,4 шақырымды құрайтын су көлігі жолдары мен 10 өзен кемесіне қатысты жоспарлы бақылау және тексеру шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстар су көлігін пайдалану тәртібін сақтау деңгейін бағалауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Суда демалушы жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы ақпараттық жадынамалар әзірленіп, шомылу орындарына орналастыру үшін облыстың қала және аудан әкімдіктеріне жолданды. Бұл ақпараттық материалдар азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, су айдындарында тәртіп сақтау шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Атаулы жұмыс жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті мекемелердің ерекше бақылауында болып, жүйелі және үздіксіз түрде жалғасатын болады. Алдағы уақытта да су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу және бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі.
Әлбетте, су айдыны – жөнекей демалыс орны ғана емес, жауапкершілік алаңы. Әр кеме жүргізушісі, тіпті, әр шомылушы адам қауіпсіздік ережесін есте тұтса, бір сәттік салғырттықтың соңы қайғыға ұласпайды. Ал, қауіпсіздік – ортақ іс. Тәртіп – тіршіліктің тірегі. Сондықтан да, судағы тыныштық пен тәртіп – тек рейдтің емес, әрбіріміздің саналы қадамымыздан басталады. Кемеңіз суда сенімді жүзсін десеңіз, заң талаптарын құрметтеңіз. Судағы бейбіт өмірдің кепілі – өзіңіздің сергектігіңіз екенін ұмытпаңыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»