Шағын грант шапағаты
Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды шеттетпеудің амалдарын жасауда. Бұл істе үкіметтік емес сектордың да өзіндік үлесі бар. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың мүмкіндіктерін пайдаланып, күрмеуі күрделі мәселенің шешілуіне дем берген тиімдірек. Биыл наурызда бастау алған «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды азаматтық қоғам күштерімен әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды іске асыру» жобасы дәл соны көздейді.
Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен еліміздің үш өңірінде – Шымкент қаласы, Түркістан және Қарағанды облыстарында пилоттық негізде қолға алынған. Оны іске асырушы – «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі. Бірлестік менеджері Анна Малютина жоба жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтардың көмегімен мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғандығын айтады.
– Жоба аясында осы үш өңірден 39 өтінім түсті. Нәтижесінде, Түркістан облысы бойынша – 10, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы бойынша 5 шағын грант бөлінді. Әр сертификат 1 млн теңгені құрайды. Шағын гранттар мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту ісіне бағытталатын болады. Бүгін біз Қарағанды облысындағы жеңімпаздарды марапаттау үшін осында келдік, – дейді Анна Малютина.
Оның айтуынша, біздің аймақ пилоттық жобаға алдын ала жүргізілген бірқатар әлеуметтік зерттеулер негізінде енгізілген. Әуелі мүгедектігі бар адамдардың саны, басты мәселелері анықталып, зерттелді.
– Басты мәселе, бізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың барлығына бірдей кедергісіз орта қалыптаспаған, – дейді Анна Малютина. – Ірі мегаполистерде бұл мәселенің шешілуі жақсырақ, ал, шалғай елдімекендерде мүмкіндік мүлде жоқ. Сосын, жұмысқа орналасу мәселесі. Осы тұрғыдан жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қарым-қатынас негізі дұрыс емес. Жұмыс берушілер ондай адамдарды жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы осы мәселені қоғамға жеткізгіміз келеді.
Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев жобаға ұсынылған бизнес жоспарлардың барлығы да маңызды, сауатты екенін атап өтті.
– Біздің өңірден 9 өтінім түсті. Конкурстық комиссияның мүшесі ретінде жеңімпазды анықтағанда ұсынылған жұмыстардың маңыздылығына, тұрақтылығына, грант қаражатын тиімді пайдалана білуіне қарадық, – дейді.
Алдағы уақытта Балқаш қаласында жаңа иппотерапия орталығы ашылуы бек мүмкін. Қала тұрғыны Меруерт Қасымова ұтып алған грантын осы мақсатқа жұмсайтынын айтты.
– Менің жеке кәсібім жылқы өсірумен байланысты. Мүмкіндігім бар болған соң ерекше балаларға бір көмегім болсын деген ниетпен осындай бастаманы қолға алдым. Бастапқыда 2-3 баланы қабылдап көремін. Иппотерапияның оң әсері жайлы деректер көп. Грант қаражатына арнайы орын, ертоқымдарын алуды жоспарлап отырмын, – деді ол.
Жоба аясында «Өмір сыйла» қайырымдылық қоры да жеңімпаз атанды. Қор құрылтайшысы Марина Бошель бұл қаражаттың үлкен көмек екенін тілге тиек етті.
– Қор екі жылдан бері тек құрылтайшылардың қолдауының арқасында жұмыс істеп келеді. Сондықтан, бұл көмек біз үшін өте маңызды. Әрі бұл – біздің қол жеткізген алғашқы грантымыз. Қор сүт бездері обырына шалдыққан әйелдерге көмек береді. Бүгінде 50-ден астам адам бар. Мемлекет ол науқастардың бәріне көмектесуде. Бірақ, адам емнен кейін әдетте жалғыз қалады. Біз әрқайсына көмектесіп, қамқорлық, мейірім танытамыз. Науқастарды кәсіпкерлік негіздеріне, тігіншілікке үйреткіміз келеді, – деді Марина Бошель.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, гранттың тиімді жұмсалуына бақылау жасалады. Оның иелері есебін беруге міндеттелген. Әрі олар ұсынған бизнес жоспар төрт айда жүзеге асырылуы керек. Яғни, шағын грант шарапатын көретін уақыт алыс емес.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»