Шағын футболда «Тұлпар» қамшы салдырмады
Шағын футболдан ел чемпионатының Х туры аяқталды. Бұл кезеңде қарағандылық «Тұлпар» клубы өз алаңында ақтаулық «Каспийді» қабылдап, бірінші ойында 1:1 есебімен тең түсті. Ал, қарымта ойында 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Олардың әлі ойналмаған екі ойыны бар. Сондықтан, қарағандылықтарға ұпай жоғалтуға болмайды. Қос қарсылас үшін бірінші ойын оңайға соқпады. Әрине, шағын футбол болған соң шабуыл да жиі болып, ірі есеп те тіркеліп жатады. Бірақ, дәл осы кездесуде қос тарап қақпадан саңылау таппады. Бірінші айналымда ақтаулықтар есеп ашып, жеңіске бір табан жақындаған болатын. Екінші айналымда «Тұлпар» таразы басын теңестірді. Бұдан кейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Ойын да аяқталды. Есеп – 1:1. Ал, қарымта кездесуде алаң иелері тың күшпен оралды. Ақтаулықтарға мүмкіндік бермей, шабуылды үдете түсті. Сөйтіп, бірінші айналымның өзінде бірден төрт гол салып, есеп алшақтығын ұзартып тастады. Бірақ, қарсыластар жауап ретінде бір гол салып кетті.
Бұдан кейін есеп ашылмай, бірінші айналым 4:1 есебімен жерлестердің пайдасына шешілді.
Екінші айналымда қарағандылықтардың қарқыны сәл басылғандай. Себебі, қарсыластар сапынан қысым күшейе түсті. Сондықтан, қорғанысқа баса назар аударып, қателікке бой алдырмауды ойлады. Десе де, жер- лестер сапынан Кирилл Дуров бесінші гол салып, ойынды ширата түскен-тін. Бірақ, қарсыластар жауап ретінде тағы бір гол салып, есепті 5:2-ге жеткізді. Осылайша, ойынның негізгі уақыты аяқталып, жерлестер маңызды кездесуде жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта турнир кестесінің көш басында 21 ұпаймен – «Семей» клубы тұр. Одан кейінгі сатыда 20 ұпаймен Рудныйдың «Аят» клубы. Жерлестер еншісінде – 19 ұпай. Үздік үштікте тұр.
Енді «Тұлпар» 6-7 қарашада сырт алаңда алматылық «Қайратпен» кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



