Шағын бизнесте шексіз мүмкіндік бар
Қарағанды облысы шағын бизнесті дамыту бойынша республикада көшбасшылар қатарында. Түбегейлі өзгеріс дәуірі қазыналы Қарағандыны да айналып өтпеді. Қуантарлығы, мұнда әрбір соны стартап – саф ауаның бір жұтымына парапар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Президент тапсырмасын орындау аясында өңірде бастамашыл азаматтар үшін тартымды орта қанат жайды.

Әлі есте. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана облыс орталығында шағын дәмхана немесе шеберхана ашқысы келген кәнігі кәсіпкер бюрократиялық кедергілерге тап болып жататын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен былтыр желтоқсанда қабылданған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасының арқасында жағдай түбегейлі өзге сипат алды. Бірегей бағдарлама бытыраңқы бастамаларды біртұтас әрі үйлесімді тетікке біріктірді. Кәсіп иесі үшін бұл – өз әлеуетін ескере отырып, табыс тартатын нарыққа мән беру деген сөз.
Дерек пен дәйек те көңіл көншітеді. Жыл қорытындысы облыста 102 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, 6 пайызға артқанын айғақтады. Салада 236 мыңға тарта адам еңбек етеді. Яғни, өлкенің жұмыс істейтін халқының 43,5 пайызы бұл. Шағын бизнес өндіретін өнім көлемі 38 пайызға өсіп, 1 973,8 миллиард теңгеге жетіп жағылған. Кез келген статистиканың соңында адам тағдыры тұрмақ. Теміртаулық кәсіпкер Айгүл Жұмабекова «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы шағын наубайхана ашқан.
– Бұрын құжаттың көптігінен қорқатынмын, – дейді ол. – Кейінірек 12,6 пайыздық субсидияланған мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге несие алып, қажетті жабдықты сатып алдым. Енді берекелі бизнесім отбасымды ғана емес, көршілерімді де жұмыспен қамтып отыр.
Іске қосылған мұндай мүлтіксіз мүмкіндіктер ел бойынша мыңдаған жобаны қамтып үлгерген. Қарағанды облысындағы көлемі 200 миллиард теңгеден асты. Респонденттер осынау игі кезеңді Президент тапсырмаларының нақты нәтижесі деп бағалайды. Экономист Мұрат Ахан: – Іскерлік үдерісінің жеңілдеуі белсенділіктің өсуіне бастайды. Биыл инновация идеяларын іске асыруға, жасампаз креатор жастарға арналған гранттар саны сөзсіз артады. Есепті экономика әртараптана түссе, жақсы болмақ, – дейді. Осы тұста әйгілі эксперт, әзірбайжандық STEM сараптама орталығының директоры Орхан Йолчиевтің «Қазақстан жаңа парадигманы таңдады: цифрландыру мен жасанды интеллект шағын бизнеске жол ашады» деген мәшһүр пікірі назарға ілігеді.
Шағын бизнеске сандық технология бейне бір мирас үлескендей екінші тыныс сыйлағаны аян. Әрі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жегі құртының ортан белінен пышақпен кескендей қылды. Бір айта кетерлігі, еліміздегі шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлес-салмағы 40 пайызға жуықтаған. Қарағанды облысында өткен жылдың 10 айында инвестиция көлемі 932,9 миллиард теңгені құрап, өңір рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Әрине, қиындық болмады емес, болды. Жыл басынан күшіне енген жаңа Салық кодексі қым-қуыт қоғамда сан түрлі пікірталас туғызды. Алайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселе мәнісіне жедел назар аударды.
– Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстар қолға алынды, жаңа инвестициялық кезең басталғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде, Салық кодексі қасиетті кітап емес, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында.
Нәтижесінде микро және шағын бизнес үшін «таза парақ» қағидаты енгізілді: өткен жылдар үшін камералдық тексерулер азайды, бақылаусыз оңай таратылу мүмкіндігі берілді, әкімшілендіру жеңілдетілді.
Мұндай гуманизм сипатындағы пайдалы шаралар легі облыс өмірі үшін де терең мәнге ие. IT-стартап иелерінің көбісі «Бұрын салық тексерісі деген суық сөздің өзі қолға алған бастамамызды «тұншықтыратын». Қазір еркін тыныстап, қағазға емес, дамуға көңіл бөлеміз», – дейді.
Кәсіпкерлер палатасы ұсынған гранттық қолдау да ересен. Өңірде туризм мен сауда салаларында жобалар іске асырылары мәлім болды. Қажетсіз тосқауылдар азайып, биыл инвестиция көлемі 1,9 триллион теңгеге жетеді деп болжануда. Ауылдық жерлерде шағын кәсіпкер саны 105 пайызға артқаны көп жайдан жағымды хабар береді.
Әрине, табыскер тұлғаның жолы задында теп-тегіс емес. Тәуелсіз салық кеңесшісі Екатерина Ким, қосымша құн салығы мәселесі бойынша қосымша талқылаулар қажет екенін алға тартқан еді. Айтса айтқандай, кәсіпкер болу Instagram-ға әдемі бейне жүктей салып, жұрт назарын ретті-ретсіз өзіне аудару емес болар. Керісінше, адалдан тапқан әр теңгені есептеп, әрбір жағдаятқа сауатты көзқарас танытатын күнделікті күйкентайлық күрес. Бүгінгі кәсіп иесі әмбебап болмағы – заман талабы. Өзі әрі есепші, әрі менеджер, әрі жүк тасушы бола білуі шеберлік деп қабылданады.
Тұтынушылық қабілет те төмендемесе, албаты артпайды. Минимализм мәніне «сүңгіген» халық осы күні азырақ шығындалады. Демек, бұл кафе, дүкен егелеріне, қызмет көрсету саласына тікелей соққы. Салмақ санда емес, сарапта. «Жеткізуші бағаны көтерсе ше?», «Клиент маркетплейске кетсе ше?» деген соғынды ой маза бермейді. Сондықтан, есте сақтаңыз: әсем сурет пен әлеуметтік желідегі табысты посттың шалғайында неше түн ұйқы көрмей, айды шығынсыз «жабуды» есептеген адам тұруы ықтимал. Кәсіпкер болу – оңай ақша табу емес. Оңай ақша алаяқтық албарында қылаңытар.
Зер саларлығы, қоғамның жалпы көңіл күй – оптимистік реңкке саяды. Былтыр республиканың жалпы ішкі өсімі 6,5 пайызды құраса, мұндағы Сарыарқа салымы аса қомақты. Облыс экономикасы 5,4 пайызға өсіп, шағын бизнес жаңбырдан кейінгі дала қызғалдағындай жайқалып келеді.
Ұғынсақ, кез келген елді алға сүйрейтін қуатты да шуақты адамдар екендігі шындық. Әредік сондай жандардың көпшілігі Орталық Қазақстанда тұратындай көрінеді көзге. Біле білсек, Қарағанды игілікті идеяларды іске асырудың хабына айналып келеді. Ендеше келер күндерде жөнекей кісінің де терге малшынған тебінгісі теңге саулатсын дейміз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



