Қарқаралылықтар жуырда «Қыс мерекесін» жоғары деңгейде өткізсе, бұл жолы шаңғы спортынан V ашық марафон ұйымдастырды. Биыл бесінші мәрте өткеніне қарамастан, бұл жарысқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Атап айтқанда, биыл марафонға Астана, Көкшетау, Павлодар және Қарағанды қаласынан арнайы келіп қатысқандар болды. Сонымен қатар, ауданның түпкір-түпкірінен 50-ге жуық шаңғышы бақ сынады. Марафонның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Марафонда қашықтықтар жас санатына қарай белгіленді. Атап айтсақ, оқушы қыздар үшін – бес шақырым, оқушы ұлдар үшін – 10 шақырым. Ал, ересек қыздар үшін меже – 15 шақырым болса, ерлер 30 шақырым қашықтықты бағындырды.
Қарқаралыда өтетін спорттық бәсекелерде Корнукийлер әулетінің есімі жиі аталады. Бұл отбасы мұндай жарыстардан ешқашан қалыс қалған емес. Әулет отағасы Михаил Корнукий турнир өтетіні туралы ақпарат тараған сәттен бастап-ақ дайындықты ерте бастаған. Шаңғысын сайлап, жаттығуды күшейткен. Бұған дейін ол Бұғылы марафонына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген. Өзі бос уақытында шаңғы теуіп, табиғат аясында серуендегенді ұнататын көрінеді. Әрі саламатты өмір салтын отбасының басты қағидасына айналдырып, балаларын да кішкентайынан спортқа баулыған. Соның нәтижесінде бүгінде ұлы Кирилл оқушы ұлдар арасындағы бәсекеде мәре сызығын екінші болып кессе, қызы Ангелина оқушы қыздар арасындағы сайыста топ жарған.

– Қысқы спортты насихаттау мақсатында Қарқаралыда мұндай шаңғы турнирлерінің жиі ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Бұл – халық үшін аса қажет әрі пайдалы бастама. Ең бастысы, балалардың бос уақыты тиімді өтіп, олардың назары теріс әдеттерге емес, спортқа ауады. Жалпы, шаңғы спорты – денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан, балаларымды кішкентайынан осы спорт түріне баулыдым. Көңіл күй керемет. Жыл сайын қатысушылар саны артып, бәсекелестік те күшейіп келеді. Өз басым аудан көлемінде өтетін мұндай турнирлерден қалыс қалған емеспін. Бұл жолы да отбасымызбен қатысып, жүлдемен оралып отырмыз, – деді Михаил Корнукий.
№44 мектептің оқушысы Әділхан Нұрлыбай мұндай спорттық турнирлерге жыл сайын қатысатын көрінеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, шаңғыдан өткен ашық марафонда бақ сынап отыр.
– Шаңғыдан өткен турнирлерге алтыншы мәрте қатысуым. Ал, марафонға алғаш рет шықтым. Шаңғы тебу өзіме қатты ұнайды. Бос уақытымда достарыммен келіп, жиі шаңғы тебемін. Бұл жолы 10 шақырым қашықтықты еңсердім. Алдағы уақытта да мұндай жарыстарға тұрақты түрде қатыса беремін, – деді жас шаңғышы.
Қарқаралы жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Думан Бейсенаев V ашық шаңғы марафонының жалпы жүлде қоры 500 мың теңге болғанын баса айтты.
– Аталған марафонға арнайы эскиз бойынша жасалған медальдар табысталды. Осындай ерекше медальдардың дайындалуына демеушілік көрсеткен, өңір спортының дамуына әрдайым қолдау білдіріп жүрген жергілікті кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, жеңімпаздарға демеушілік танытқан отандық «NATIGE» сүт фабрикасының басшылығына да зор ризашылығымызды білдіреміз. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшылар бағалы сыйлықтармен, ақшалай жүлдемен және арнайы әзірленген медальдармен марапатталды, – деді ол.
Іс-шараға тұрғындар мен спортшылар отбасыларымен келіп, жанкүйер ретінде қолдау көрсетті. Қатысушылар марапат иеленіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



