Шаһардың шаттығымен бөлісті
Өткен сенбіде облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Приозерск қаласында болып, осы шаһардың 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Приозерскінің мәдени-сауық орталығында өткен шараға ардагерлер, Құрметті азаматтар, қалалық мәслихат депутаттары, қаладағы мемлекеттік мекемелердің басшылары және басқалар қатысты.
– Аз ғана уақыт ішінде бұл қала құлдырауды да, қайта түлеуді де басынан өткерді. Қазіргі таңда шырайы кіріп, гүлдене түсті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде, қаланың келбеті ерекше өзгерді. Мәдени-тұрмыстық жаңа нысандар бой көтеріп, кәсіпорындар ашылуда. Инфрақұрылым ілгері жылжып, табиғи ресурстар мен көлік логистикасы туризмді түлетуге септігін тигізуде. Шағын және орта бизнес субъектілері қонақ үйлер, кафелер, дүкендер сияқты нысандар құрылысын қарқынды салуда, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, Приозерскінің гүлденуіне, бейбіт өміріне тілектестігін білдіріп, қала тұрғындарына ақжарма тілегін арнады.
Облыс әкімі атап көрсеткендей, қаланың осынау мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және облыстың 80 жылдығымен тұспа-тұс келуі де ерекше жаңалық.
Бұдан соң қаланың бірнеше тұрғыны облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың арасында еңбек ардагері, жергілікті өзін-өзі басқару аумақтық кеңесінің төрағасы – Мұхамедия Сахалов, қалалық мешіт имамы Давид Қожахметов және басқалары бар.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.