Шаһардан шырай кетіп тұр
Көктем шыға балшық пен лай, үйілген қоқыс пен ойдым жолдың ортасында қалатын Қарағанды шаһарының шаңы бұрқырап тұр осы күні. Көлікте келе жатып, әйнек ашсаңыз, шаң кеңсірігіңізді кептіріп, қойнықонышыңызға толады. Ал, жол жиегіндегі, үй арасындағы батпақ-балшықтан сол арада бәтеңкеңізді шешіп жүре беруіңізге болады. Көлік жолының жыртығы туралы күнді түнге алмастырып жырлауға жетеді. Осыны көрген аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бірер күн бұрын Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВКЕ сөгіс, Октябрь ауданының әкімі Мейрам ҚОЖЫҚОВҚА қатаң сөгіс жариялады. Бұл әкімдерге сөгіс жетпей тұр екен. Сөгіс алысымен қаланың жаяу жүргінші жолы сумен жуылды. Жұрт жыбырлап сенбілік жасай бастады. Аймақ басшысы қаланың жолын және өзге де олқылықтарды жою үшін қала әкіміне бір жеті уақыт берді.
Шұңқыры көп көлік жолы
Қар көбесі сөгілгенде Ерлан Жақанұлы қала әкімін жетектеп жүріп, Қарағандыны қардан аршытып еді. Енді тағы жетектеп жүріп, жолдың жыртығын жаматуда.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов осы аптада қаланың бірқатар шағын аудандарын, бөліктерін аралап көрді.
Атап айтқанда контейнерлік алаңдар- дың айналасындағы қоқыс, абаттандыру жұмыстарының нашарлығына қатысты тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен Майқұдық және Пришахтинск аулаларын көріп қайтты. Сонда қала басшысы мен оның қарамағындағыларға нашар баға берген-ді. Облыс әкімі қалалық мәслихаттың хатшысынан депутаттар бүкіл қаланы аралап, әкімдіктің жұмысына өз бағасын беруін және өтінді. Облыстық бюджеттен аулаларды абаттандыру үшін «100 аула» бағдарламасына арнайы қаражат бөлінді де. Аймақ басшысы осы бағдарлама барысының да жүйесіздігіне наразылығын білдірді.
– Сіздерде өткен жылдан бері қалған қоқыс бүкіл қалада шашылып жатыр. Кез келген аулаға барыңыз, санитарлық жағдайынан түршігесіз. Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін! Мүлдем босаңсып кеттіңіздер, – деп Ерлан Қошанов қалалық билікке сын айтты.
Айта кету керек, облыс әкімінің ешкімге ескертпестен қаланың қызмет көрсету орындарын, мекемелерін аралап шығуы жұмыс тәсілінің бірі. Бұған дейін де бірқатар мекеме-ұйымдарды арнайы аралап, кемшіліктердің түзелуіне түрткі болған-ды.
Аймақ басшысы сын айтып, тұрғындардың ашынатын жөні бар. Ресми деректердің мәлімдеуінше, кейінгі үш жылда қала ішіндегі 150 шақырым жолдың жабыны айырбасталған. Сөйте тұра, аз ғана уақытта бұл жолдардың ойдым-ойдымы шығып жатыр. Қала әкімдігінің дерегінше, кепілдік берген мердігерлер сол жолдарды жамауға кірісті.
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Әскербек Халтоновтың баяндауынша, былтырғы жылы Қарағандыда жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 38 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. 110 шақырым жол жөндеу жұмыстарын көріпті.
Дегенмен, жаңа жолдардың өзі де «сыр» беріп жатқанын қала әкімі Нұрлан Әубәкіров те жоққа шығармайды. БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде шаһар басшысы қала тұрғындарының жол сапасын сынға алуын орынды деп мәлімдеген. Осыған орай, тұрғындардан кешірім де сұрайды. Жол салған компаниялар мұндай сапасыздықты битумнан көріп отырса керек. Ал, бұған дейін олар материалдардың талапқа сай екендігі туралы талдау қорытындыларын ұсынған. Дегенмен, іс жүзінде жолдар бір қыстан қалмайды. Қала әкімдігі ауа райы мүмкіндігіне қарай мердігерлердің кепілдік бойынша жұмыстарды жүргізетінін мәлімдейді.
Балшық – тобықтан
Қаланың шет аймағы тұрмақ қақ ортасында тұрғындар балшықты тобықтан кешіп жүр. Мәселен, 45 орамнан 92 орамға барар жаяу жүргіншілер жолының көктем шыға балшығы бір құрғамайды. Қаланың ортасында аяғыңыз балшық-батпақ болып кетіп бара жатсаңыз, қазір ешкім таң қал- майды. Өйткені, Қарағандының қазіргі келбеті сондай. Бұл – көз үйренген сурет.
Индира ЕРБОЛАТОВА, Нұркен Әбдіров даңғылының тұрғыны:
– Қыстай жаяу жүргінші мен көлік жолына топырақ шашылады. Бірақ, жер жібігенде соны қайта жинап алатын жан жоқ. Ол болса, көктем шыға, балшыққа айналады. Адамның аяқ алып жүруі мүмкін емес. Бұл – бір. Екінші – енді Нұркен Әбдіров, Бұқар жырау даңғылдарын түнімен жинайды, көріп жүрміз. Бірақ, не жинағаны белгісіз. Сол жолдың жиегіне топырақ үйіліп жиналады. Құрғағанда шаң боп, көкке көтеріледі.
«100 аула» бойынша жасалған жұмыстар да сын көтермейді. Мысалы, вокзал маңындағы 6 шағын аудандағы кей аулалар былтырғы жылы сол жобаға енді. Әйткенмен, тұрғындар соған әлі разы емес. Неге? Өйткені, сапасы – кемшін.
Полина СЕРГЕЕВНА, 6-шағын аудан тұрғыны:
– Мамырда үй алдындағы жолдың жиектасын қопарып жұлып тастады. Ол солай бір айдан астам уақыт жатты. Жаз ортасында келіп, жиектастарды бекітті. Күздің қара суығында, асфальт төселді. Ол асфальттің сапасы қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді. Ала жаздай жарық бағандары орнатылды. Бірақ, оған жарық күз түскенде берілді. Үйдің іргесіндегі жаяу жүргінші жолы тек бір үйдің бойымен ғана шектелді. Оның ұзындығы шамамен 60 метр шамасында ғана. Одан әрі үйдің маңы – балшық. Тіпті, қоқыс төгетін контейнерге балшықтап жету мүмкін емес.
Қалаға келген адам вокзалдан түседі. Ал, вокзалдан бері қарайғы жаяу жүргінші жолының сықпыты тап осыған жуық. Бұдан соң Қарағанды таза қала деп кіммен дауласасыз?
Санда бар, санатта жоқ Майқұдық
Бұл – қала ішіндегі бірен-саран жағдай. Ал, қаланың Майқұдық аталған бөлігіндегі ахуал, тіпті, кісі жыларлық. «Көгілдір тоғаннан» басталған жолдан көлігіңіз мөңкімей өтпейді. Одан әрі жағдай бұдан да қорқынышты. Көлігіңізді тастап, жаяу кетіп қалғыңыз келеді. Оған «ұшып-қонып» жүр- ген қоқысын қосыңыз. Аялдамалардың ластығы, үйлердің қасбетінің тозығы… Жиек тастар әбден мүжіліп, жолға сіңіп жер боп кеткен. Санда бар, санатта жоқ Майқұдық деп түңілуіміз – осыдан…
Күл-қоқыс һәм вандализм
Қаланың тазалығы – тек билікке қатысты десек, оңбай қателесеміз. Бұл таяқтың бір ұшы өзімізге келіп тіреледі. Рас, жолды жетістірмесе, оған кінәлі – белгілі бір құ-зырл орындар. Енді, қоқыстың ортасында отырсақ, оған айыпты – өзіміз. Билік әкеліп, ауламызға, үйіміздің маңына қоқыс төгіп тастаған жоқ шығар. Әрқайсымыз өзімізді мына қоғамның бір бөлшегімін деп қабылдамайынша, мұндай қасақылықтан тыйылмайынша, күл-қоқыстың ортасында отырғанымыз – отырған. Терезеден қоқыс лақтыру немесе үйдің кіре берісіне тастап кету, балалар ауласына қалдыру кімге ерегесу?! Жасап берген демалыс орындарын қирату. Сәкілердің тақтайларын жұлып алу. Аялдамалардың күл-паршасын шығару. Бұлар қашан тыйылады? Осы арада құқық қорғау органдарының қызметін күшейтетін бейнебақылау камераларының санын арттыру қажеттігі туындайды.
Жалпы, қаланың көркі, тазалығы, дегенде, әркім өзінен бастауы тиіс. Өзіңізге жасалғанын қаламайтын әрекетті сіз де өзгеге жасамаңыз. Ең аяғы ит екеш ит те орнын тырмалап, тазалап барып жатады емес пе? Оның қасында біздің Адам деген атымыз бар емес пе?!
Мәдениеттен мақұрымдықтың салдары – күл-қоқыс, вандализм.
Қызғалдақ Айтжанова