Басты тақырыпҚарағанды

Шаһар жұртына – астатөк ырзық

   «Сарыарқа» сауда үйі – демалыс күндері қыстың қамын ойлаған қарағандылықтар жиналатын орындардың біріне айналуда. Қапшығын арқалаған қалалықтар ақ адал асын арбалаған ауылдықтарды осы жерден қарсы алуды дәстүрге енгізді. Арқаның аязы бет шымшыған сенбі таңында да шаһар жұрты азық-түлік сауда үйінен табылды.

Базардағы еттің нарқы төмендемейтін түрі бар. Сиыр етінің келісі – 2000 теңгеден артық болмаса, кем емес. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен табарсың» деген. Алыпсатарлар жылқы етінің бір келісін 2500 теңгеден әрі бағалап отыр. Соғым кезі, сұраныс бар. Ауылдан тамыры ажыраған қала халқы лажсыздан делдалдың сұраған құнын беруге мәжбүр. Ал, жәрмеңкеде, әрине, азық-түлік құны едәуір төмен.

Сауда үйіндегі сөрелерден облыстың сегіз ауданынан жеткізілген астатөк ырзық орын алды. Шет, Қарқаралы, Ақтоғай, Жаңаарқа, Осакаров, Бұқар жырау, Нұра, Абай аудандарындағы мал бағып, көкөніс еккен ағайын табан ақы, маңдай терімен өсірген өнімін қалалықтар талғамына ұсынды.

Қаладағы тамақ кәсіпорындары да түрлі-түрлі тауарларын сөреге шығарды. Бұл жердегі тағамның құны Қарағандыдағы арзан деген дүкендегі бағадан арзан болды.  Яғни, 10-15 пайызға.

Сиыр етінің келісі 1300 теңгенің мұғдарын маңайласа, жылқы етінің келісі 1550 теңгені құрады. Қазының бағасы 1800 теңгеден басталды. Абайлық диқандар картоптың келісіне 70-80 теңге сұрады.

Дана ӘБІШЕВА,

Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Картоп, көкөніс бағасының төмендігі қуантты. Базарда келісі 120-125 теңге тұрады. Жәрмеңкеде арзан екенін көршілерден естідім. Олар өткен жәрмеңкеге келіпті. Бүгін арнайы өзім келіп отырмын. Екі қап картоп алдым. Қысқа жетіп қалар. Енді, сәбіз, пияз қарап жүрмін.

Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл жәрмеңкеде 60 тоннадан астам азық-түлік саудаға түсті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 39,5 тонна ет, 3 тонна балық, 7,5 тонна сүт өнімі, 136 мың тауық жұмыртқасы және 12 тонна өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді.

Биылғы жәрмеңкелер мұнымен тәмамдалмайды. Бұйыртса, 23 желтоқсанда тағы бір шараның басы қайырылмақ.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button