Шаһар шекарасынан бұрын ой шекарасы өзгерді
Көп жылдар бойы жай кеңейе берген, біртіндеп шеті мен шегі көрінбей кеткен Қарағанды енді жаңа даму бағытын таңдап отыр. Бұл жолғы бетбұрыс – сыртқа емес, өз ішіне. Қарағандының жаңа Бас жоспары – осы өзгерістің айқын дәлелі. Жақында Достық үйінде өткен қоғамдық тыңдауда құжаттың басты тетіктері таныстырылды. Әкімдік өкілдері, жобалаушылар, сарапшылар мен қала тұрғындары Қарағандының қайда бет алатынын бірге саралады. Тыңдауға – 200 адам, өзгеріске – бүтін қала үн қосты. Жиынға Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов пен оның орынбасары, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласына жауапты Қайрат Қамзин қатысты.

Ықшам, бірақ, ширақ қала
Қарағанды – сыртқа емес, өз ішіне үңілуді таңдады. Қаланың жаңа Бас жоспары дәл осы ойдың дәлелі іспетті. Енді бейберекет кеңею емес, жүйелі және ықшам даму – басты ұстаным.
Жобаны әзірлеген «Биосфера Қазақстан» компаниясының басшысы Валентин Жирковтың айтуынша, қала дамуының үш түрлі сценарийі қаралған. Бірі – оңтүстік бағытқа, екіншісі – солтүстікке (Теміртауға қарай), үшіншісі – орталық, яғни, қала шекарасында шоғырлану бағыты. Соңғысы – ең тиімді, тұрақты және экологиялық жағынан ұтымды нұсқа ретінде таңдалған.
– Біз нақты есеп жүргізіп, шынайы жағдайға сүйене отырып, «қолданыстағы мүмкіндік аясында шоғырланған даму – ең тұрақты жол» деген қорытындыға келдік, – дейді Валентин Жирков.
Мұндай тәсіл Пришахтинск пен солтүстік-шығысқа қарай орналасқан аумақтарды дамытуды көздейді. Сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыс бағытта – Көгілдір тоғандар аумағында және шығысқа қарай жаңа тыныс ашылады. Бұл – көмірсіз, таза аймақтар.
Экологиясы қолайлы, ресурстық жағынан тиімді, болашаққа сеніммен қарауға болатын мекендер.
Жаңа жоспар қаланың шетін үлкейту емес, шекара ішіндегі тынысты кеңейту. Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс аудандарын қосу арқылы инженерлік және көліктік жүйелер бір-біріне жақындай түседі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді – жол қысқарады, қызмет жақындайды, сапа артады.
Бас жоспар жаңа құрылыс орындарын белгілеумен қатар, нақты әлеуметтік қажеттіліктерді де назарға алған. Мысалы, Оңтүстік-Шығыста медициналық және университеттік кластерлер құрылады. Бұл – тек ғимараттар ғана емес, жаңа жұмыс орындары, білікті мамандардың шоғырлануы, және, ең бастысы, сапалы қызметке қолжетімділік.
Басты мақсат – қала тұрғындарының бірдей жағдай мен тең мүмкіндікке ие болуы. Әр аумақтың өз бет-бейнесін сақтай отырып, қаланы біртұтас, үйлесімді кеңістікке айналдыру. Бұл – Қарағандының жаңаша тынысы.
Құпиясыз құжаттар, ашық пікір
Қала – ортақ үйіміз. Ал, сол үйдің болашағын айқындайтын басты құжат – Бас жоспар. Биыл Қарағанды қаласының стратегиялық экологиялық бағалауы (СЭБ) алғаш рет толық көлемде ашық жарияланып отыр. Бұрынғыдай «жасырын» қосымшалар жоқ. Әр тұрғын қалада не, қайда және қашан өзгеретінін алдын ала біліп, бағалай алады.
– Біз енді «жасырын» қосымшалар дәуірінен алыстадық. Енді кез келген тұрғын алдағы тексерудің қайда болатынын, жел мен инсоляцияның қалай өзгеретінін көре алады, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин қоғамдық тыңдауда сөйлеген сөзінде.
Жаңа Бас жоспар аясында тек жоспар емес, нақты қадамдар қарастырылған. Мысалы, ЖЭО-3 алаңында жаңа қуатты қазандық салынады, ЖЭО-1-ге экологиялық жағынан тиімді жабдықтар орнатылады. Газдандыру жұмыстары да жалғасын табады – 28 мыңнан астам жаңа абонент қосылады деп күтілуде.
Достық үйіндегі тыңдау жай басқосу емес, ашық диалог алаңы болды. Тұрғындар, әкімдік, сарапшылар – бәрі бір үстел басына жиналып, қала болашағы туралы ой бөлісті. Қайрат Қамзин атап өткендей, мұндай кездесулер заң талабы ғана емес, шынайы халықпен жұмыс істеудің белгісі.
Бас жоспар бойынша дайындалған барлық материалдар – шығарындыларды есептеу, шулы карталар, ұсыныстар жинағы – әкімдіктің, табиғи ресурстар басқармасының және мамандандырылған порталдардың сайттарына алдын ала жарияланған. Бұл – әрбір азаматтың құжатпен танысып, сындарлы ұсыныс айтуына жол ашты.
Нәтижесінде, тыңдауға бір ай қалғанда-ақ қала тұрғындарынан 50-ден астам ұсыныс пен ескерту түсті. Ең көп қозғалған мәселелердің бірі – Ерубаев көшесіндегі терек буферін сақтау және жүк көлігі тұрағын қала сыртына шығару. Бұл – қарапайым адамдардың жанашырлығы мен қатысуға деген дайындығының көрінісі.
Кездесуде айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстар қорытынды хаттамаға енгізіледі. Әкімдік уәде еткеніндей, бұл ұсыныстар қағаз жүзінде қалмай, жобаға нақты өзгерістер ретінде енгізіледі.
Бас жоспардың ашық түрде таныстырылуы – Қарағандының басқару мәдениетінде жаңа кезеңнің басталғанының белгісі. Қалада не болып жатқанын тек шенеунік емес, қарапайым тұрғын да білуі керек. Себебі бұл – бәріміз бірге тұратын, бірге дем алатын ортақ кеңістік. Ал, ондағы шешім – баршамыздың даусымызбен қабылданса, оның салмағы да, шынайылығы да арта түспек.
Көлік – тек қозғалыс емес, өмір сапасы
Қала тіршілігі – қозғалыспен, ал, қозғалыс – көлікпен өлшенеді. Қарағанды алғаш рет жаңа көлік мәдениетіне қадам баспақ. Жоғары жылдамдықты BRT (Bus Rapid Transit) жүйесі енгізіледі. Бұл – қаладағы шалғай аудандар мен орталық арасындағы байланысты күшейтіп, күнделікті кептелістерді сейілтетін жаңашыл қадам. Сарапшылардың есебі бойынша, жаңа жүйе кей бағыттарда жол жүру уақытын 25 минутқа дейін қысқартады.
Қалалық әкімдік те алдағы жоспарлармен бөлісті. Қарағандыда мультимодальды көлік жүйесі құрылмақ. Бұл жүйе жеңіл рельсті пойыздарды, жүрдек автобустарды, веложолдар мен самокат жолдарын бір арнаға тоғыстырады. Яғни, қаладағы қозғалыс бірізденіп, тұрғындарға таңдау еркіндігі мен ыңғайлылық ұсынылады.
Жаңа Бас жоспар аясында велосипед пен самокат енді жай спорттық құрал емес, толыққанды көлік ретінде қарастырылуда. Сондықтан да, қалада веложолдардың кеңейтілген, тармақталған жүйесі салынады. Бұл – таза ауа, қауіпсіз қозғалыс, саламатты өмір салтына жасалған нақты қадам.
Қаланың тынысын ашатын тағы бір маңызды жоба – Батыс айналма жолының құрылысы. Бұл жол қала арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің ағынын сыртқа шығарып, ішкі көлік қысымын азайтады. Әрі қауіпсіздікке, әрі экологияға оң әсер етеді.
Экология демекші, Бас жоспар көлікпен ғана шектелмейді. Ол – тұтас бір экологиялық жүйені қайта ойлаудың жобасы. Қаланы газдандыру жұмыстары жалғасады. ЖЭО-1 мен ЖЭО-3 жылу орталықтары жаңғыртылып, зиянды шығарындылардың мөлшері айтарлықтай азаймақ. Өндіріс орындарына да ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу жоспарланған.
Қалаға «экологиялық тірек құрылымы» қажет – бұл жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуды көздейтін кешенді бастама. Әкімдіктің дерегі бойынша, қазіргі таңда жасыл аймақ көлемі 7,2 мың гектарға жетсе, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 35%-ға ұлғаймақ. Әр тұрғынға шаққандағы жасыл аумақ үлесі – 9,8 м²-ден 18,6 м²-ге дейін өседі.
– Біз өтемақы есебінен жыл сайын кемінде 2 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, – дейді қала әкімдігі. Қуантарлығы, кез келген ағашты кесу үшін енді фитопатологтың қорытындысы қажет. Тұрғындар бұл туралы кемінде бір апта бұрын хабардар етілуі тиіс.
Көгалдандырумен қатар, ауа мен судың сапасын нақты уақыт режимінде бақылайтын экологиялық мониторинг жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе – қала экологиясының «жанды барометрі» іспетті.
Қалдық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қалада сұрыптау орталықтары, заманауи қоқыс жағу зауыты салынады. Қалдықты басқарудың жаңа технологиялары енгізіледі. Бұл – тек санитарлық мәселе ғана емес, денсаулық пен қауіпсіздік кепілі.
Сумен жұмыс – бұл тек ауызсу туралы емес. Жаңбыр мен еріген суды жинап, тазартып, коммуналдық және өндірістік мақсатта қайта пайдалану – Бас жоспардың тағы бір өзекті тармағы. Бұл – суды құрметтеудің, ресурсты үнемдеудің, болашаққа қам жасаудың белгісі.
Бір қадам – бүтін болашаққа
Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы ретінде қатысушылардың басым бөлігі ұсынылған түзетулер жобасын қолдады. Қайрат Қамзин барлық конструктивті пікірлер ескеріліп, тиісті органдарға жолданатынын атап өтті. Бұл тыңдау – Қарағандының болашағына қатысты маңызды шешімдерде тұрғындардың үнінің бар екенін көрсеткен тағы бір қадам болды. Тыңдаудың қорытындысында жиналғандар Бас жоспар жобасын қолдайтынын білдірді. Қалаға бағыт беретін құжат енді тек жоспар емес. Ол – Қарағандының болашаққа жасаған алғашқы нақты қадамы.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»