Шаһар сәулетінің сыры
Биыл Кеншілер қаласына 90 жыл толды. Ендігі мәдени ұйымдар қазыналы қала тарихын жұрт жадында жаңғырту мақсатында түрлі көрме, кездесулерді бастап кеткен. Ақпан айынан облыстық бейнелеу өнері музейі де «Қарағанды – Сарыарқаның монументалды орталығы» атты мұражай сабағын өткізеді.
Мұражайда қаланың сәулет өнерінен сыр шертетін суреттерден көрме ұйымдастырылады.
– Қала мектептері мен колледждерінің оқушыларына арнап, көрме жиі өткіземіз. Мұндағы көрмені тамашалап қана қоймай, олар тақырыптық сабақтарды осында өткізе алады. Қала тарихы баршаға ортақ. Сол себепті, оқушылармен бірлесе жұмыс істейміз, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Айгүл Омарова. – Мұражайдағы сабағымыз Қарағандының монументалды өнері тақырыбына арналмақ. Қаланың сәулет құрылысы ерекше. Біз оқушыларға қаламыздың монументалды өнерінің алуан түрлілігін көрсеткіміз келеді.
Мәселен, мұражай сабағына Манат Аманбаевтың «Нұркен Әбдіровтің ескерткіші» атты линогравюрасы қойылады. Суретші Павел Реченский қаланың қалай салынғаны жөнінде әңгіме өрбітеді. Сол кезде дүрілдеп тұрған «Юбилейный» дүкені, көпқабатты үйлердегі мозаикалық фотосуреттер тарихы да айтылады.
Бұл мұражай сабағы орта және жоғары сынып оқушыларына арналған. Мұражай сабағына 475-475 нөмірі бойынша жазылуға болады. Облыстық бейнелеу өнері музейі Қарағанды қаласы, Бұқар жырау даңғылы, 76 мекенжайында орналасқан.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz