Ресми

«Үш жылда маман тапшылығы жойылуы керек»

14 ауылдық аймақта салынып жатқан фельдшерлік-амбулаториялық пункттер жыл соңына дейін ашылады. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында мәлім болды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта екі жылда барлығы 92 медициналық нысан салынады. Оған 21 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ауылда тұратын 200 мыңнан астам облыс тұрғынын сапалы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік бермек. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова баяндады.

– Салынатын нысандар негізінен, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-пункттер мен медициналық пункттер. Жаңа нысандар сапалы медициналық көмек көрсетуден кемшін қалып жатқан аймақтарда тұратын 57 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Биыл қолға алынған 14 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған, – деді Бибігүл Төлегенова.

Басқарма басшысының айту­ынша, тағы 27 нысан бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған өтінім қабылданған. Оларға қаражат келесі жылы бөлінеді. Қалған 45 нысан бойынша жергілікті жерге кіріктіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ол келер жылдың қаңтар-ақпан айында аяқталуы тиіс.

– Тұрғыны 200 адамнан аз мекендерде де медициналық нысан салу жоспары бар. Осындай алты нысанның құрылысы жөнінде келісім жасалды. Ұлттық жоба аясында Балқаш және Теміртау қалаларында ауданаралық аурухана ашылады. 2022 жылдың соңынан бүгінгі күнге дейін аталған медициналық нысандарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ашылуы тиіс инсульт, хирургия, травматология, реанимация бөлімдері мен перинатальдық орталық бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес­тендіру мақсатында Теміртауда ангиографқа, Балқашта диагнос­тикалық бөлім үшін жапсарлас­тыра ғимарат салынуда. Биыл аталған ауданаралық аурухана үшін 22 медициналық жабдық сатып алынды. КТ, МРТ, ангиограф сынды жабдықтар 2024-2025 жыл­дары алынады, – деді Бибігүл Райханқызы.

Баяндамашы ауылдық жерде­гі медициналық нысандарың тап­шылығын да атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ауылдарда 342 дәрігер мен 1 356 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Биыл 38 дәрігер, 68 орта медициналық маман келсе де, әлі 23 дәрігер мен 40 орта медициналық маманға қажеттілік бар.

– Келер жылы акушер-гине­колог, неанатолог, анестезиолог­ревматолог, нейрохирург, травматолог-ортопед, кардиолог, нев­ролог, реабитолог, хирург, радиолог сынды 40 резидент оқуын аяқтайды. Олар екі ауданаралық ауруханада жұмыс істейтін болады. Мұны біз былтыр жоспарлап, оқытқан едік. Қарағанды облысы бойынша 35 мамандықта 794 резидент оқып жатыр. Оларды ауылдық жерлерге тарту үшін биыл алғаш рет әлеуметтік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 61 адам 1,5 млн. теңгеден 5 млн.теңгеге дейін қаражат алды. Бұдан бөлек, олар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 100 АЕК мөлшерінде қолдау көрді. Денсаулық сақтау минис­трлігі 2024-2026 жылдары бірқатар заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу арқылы ауылдық жерлерге бес жылға барған мамандарға бір реттік 8,5 млн.теңге төлеуді жоспарлап отыр. Бұл мамандардың ауылдық елді мекендерде қалып жұмыс істеуіне жақсы ынталандыру деп санаймын, – дейді басқарма басшысы.

Алайда, оның айтуынша, ау­данаралық ауруханаларға келетін мамандар бұл қаражатты ала алмайды. Себебі, аталған ауруханалар қалада орналасқан. Сондықтан, ол жерге баратын мамандарды ынталандырудың басқа жолын іздеу қажет болады.

Ермағанбет Бөлекпаев орынбасары Ермек Алпысовқа алдағы екі-үш жылда медициналық кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін тапсырды.

– Қаржылай қолдау ма, баспа­на ма, «Отбасы банк» арқылы болса, олар үшін арнайы бағдарлама жасайық. Кең қолдау пакетін басқармалармен бірлесе отырып, қарастырыңыз, ұсыныстар күтемін, – деген Ермағанбет Қабдулаұлы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Мұрат Мағзинге нысандардың уақытылы аяқталуын тапсырды.

Негізгі тақырыптан бөлек, аппарат жиынында өткен демалыстағы қатты жел салдары жайлы да айтылды. 18-19 қарашадағы қатты жел салдарынан облыс аумағында тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттардың шатырлары мен қабырға қаптамаларының ұшуы бойынша 114 жағдай тіркелді. Облыстың төтенше жағдайлар де­партаменті бастығы Мұрат Қатпановтың баяндауынша, 18 974 шаршы метр шатырды жел ұшырып әкеткен.

– Қарағанды, Теміртау, Бал­қаш, Шахтинск қалалары мен Ақ­тоғай, Шет, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарының бірқатар елді мекендері электр қуатынан ажырап қалды. Қазіргі уақытта елді мекендердің көп бөлігінде электр желілері қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта үш қала мен төрт ауданда бұл жұмыстар жалғасуда. Қарағанды мен Теміртау қалаларында ағаш құлау қаупі жайлы 85 хабарлама келіп түсті. Зардап шеккендер жоқ, – деді Мұрат Қасенұлы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button