Ұшқыр ой һәм шеберлік
Қарағандылықтар үшін Орталық саябақ демалыс орны ғана емес, экологиялық тәрбиенің де жаңа алаңына айналып отыр. Жақында мұнда ерекше мүсін – қоқыстан жасалған піл көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл экологиялық арт-нысан қалдықтардың да екінші өмірі бар екенін көрсетіп қана қоймай, тұрғындарды экологиялық жауапкершілікке шақырады.

Піл мүсіні қарапайым топиарлық пішіннен бастау алып, толықтай өзгеріп, екінші рет өмірге келген. Оған 10 мыңға жуық түрлі-түсті сусын қақпақтары, ондаған пластикалық бөлшектер, темір құтылар мен басқа да тұрмыстық қалдықтар қолданылған. Автор әр қақпақтың өз тарихы мен мағынасы бар бөлек бөлшек екенін айтады.
Ерекше жобаның авторы – Қарағанды қаласындағы саябақтар мен демалыс орындарын көркемдеуге жауапты суретші Марина Зварыгина. Ол осы жұмысы арқылы көпшілікке кез келген қалдықтың пайдаға жарайтынын, тіпті, өнерге айналуы мүмкін екенін көрсетуді көздеген.
– Кез келген затты қоқыс ретінде емес, жаңа мүмкіндік ретінде қабылдай білу – аса маңызды. Бұл пілді жасау арқылы біз қоқысты қайта қолданудың озық жолын көрсеттік, – дейді суретші.
Жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асып, қаланың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Пілдің бетіне жабыстырылған түрлі-түсті қақпақтар үнділік үлгідегі ою-өрнектермен безендіріліпті. Бұл – мүсінге жарқын реңк бере отырып, көркемдік мән үстейді.
Қалдықтан жасалған пілді алғаш көргеннен-ақ, көпшілік қызығушылық танытып, суретке түсіп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Әлеуметтік маңызы зор мұндай жобалар экология мәселесіне қоғам назарын аударудың тиімді тәсіліне айналып келеді.
Бұл бастама экологиялық мәдениеттің ұранмен емес, нақты іспен қалыптасатынын айғақтайды. Қалдықтарды сұрыптау, тұрмыстық заттарды қайта пайдалану, табиғатқа ұқыпты қараудың барлығы күнделікті өмірде әр адам жасай алатын қарапайым, бірақ, маңызды қадамдар.
Піл мүсіні – осы идеялардың нақты көрінісі. Ол қалалық кеңістікті көріктендіріп қана қоймай, адамдарды ойлануға, әрекет етуге итермелейді.
Піл мүсіні экологиялық ағартушылықтың, тұрақты дамудың үлгісі ретінде қала бермек. Табиғатты қорғау – ортақ міндет.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»