Шөпте шығым, шаруада шара жоқ
Шаруалардың мазасы қашты. Жаңбырсыз жаз. Шығымсыз шөп. Осыны ойлаған шаруалар ойдың да, қырдың да шөбін орып жүр. Тіпті, шөп қорын жылдағы межеге жеткізе алмаған фермерлер малының жартысын сатып жіберіп жатыр. Шабындықтың тозуы ауыл шаруашылығы саласының алға озуына оңдырмай кедергі. Ал, мал азығын сатып алатын ауылдағы ағайынды шөп қымбатшылығы алаң да алаң күйге түсіріп отыр.

Мысалы, Нұрадағы отар-отар Қарғалы қой тұқымын өргізіп отырған шаруашылық амалдап жүріп, мың тоннаға шөп маясын үйген. Ал, былтыр, шабындықтарға қардың суы мол жиналып, шөп шығымы жоғары болып, төрт мың тонна шөп жинаған. Содан қалған қор бар, биылғы шөп бар, бір жөні болар дейді шаруа иелері. Соның салдары шаруашылық қой санын бірте-бірте азайтып келеді.
«Соңғы жылдары шаруаларға табиғаттың қабағына қарап, жұмыс істеу қиындап барады. Ауа райы бұрынғыдан қатты өзгерді десе болады, ашық тұрған күн күрт құбылып шыға келеді. Қазір де тамыз айы әдеттегіден жаңбырлы болып, пісіп тұрған егінді орып алуға қолбайлау болып тұр. Сондықтан, бәріне дайын болған абзал. Біздің шаруашылық жылда шөптің басым бөлігін сол жайылмалы шабындықтардан дайындайды. Биыл су түспегендіктен ол жерлерге шөп шыққан жоқ. Биыл көлдер мен шағын көлшімектердің, тоғандардың етегіне шыққан шөпті айналдыра шауып алуға тура келді», – дейді «Отқанжар» шаруа қожалығының негізін қалаушы Қанат Отарбаев.
«Жер мал ұстағаннан тозбайды, керісінше, бос жатқаннан тозады», – дейді білікті агроном Қанат Жариясұлы. «Қой жарықтық ғасырлар бойы осы сайын даланы тұяғымен қопсытып, құмалағымен байытып, тұрақты экожүйені қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан түлік.
Қой өсіру – ел келешегі. Айналып келгенде, қой бағудан әлі де қашпаймыз. Кім біледі, біздің де, қойдың да жарқын келешегі алдағы күндердің еншісінде шығар. Тек, мемлекеттік жобалар дұрыс бағыт алып, шаруаларды қолдаса», дейді Қанат Отарбаев.
Ақтоғай ауданының шаруа иелерін де қуаңшылық қос бүйірден қысып отыр. «Жанқұтты» шаруа қожалығының басшысы Азамат Ордабаевтың жеке меншігінде 4000 гектарға жуық жер бар. Өкінішке қарай, екі-үш жыл болды, бір фермердің жерін бірлесіп, шауып отыр. Шөпті тең бөліп алады. Шабындығы шаруа қожалығынан 45 шақырым жерде.
– Амал жоқ, осы кәсіпті таңдаған соң, тауқыметіне шыдаймыз. Өзімнің іргемде жеткілікті жер бар. Бірақ, қу тақыр. Биыл жылдағыдан ерекше. Сол себепті, Қызыларай ауылына барып, шауып жатырмын. Алыс. Оның шығына да, бейнеті де бар. Сонда да биылғы қысқа қорқыныш бар. Жылқы қолға қарап қала ма деген де қауіп бар. Бір ғана амал, малымды сатып жатырмын, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Ақтоғай ауданындағы ауылдарға шөп сатылымға шықты. Шөбі құнарлы өскен шаруалар 200-250 келілік рулонды 13-15 мың теңгеге өткізіп жатыр. Шет ауданында әзірге 10 мың теңге. Ал, бір пойыз шөпті 250-300 000 теңгеге сатып жатыр. Бір айта кететіні, шөп саудасы былтырғыдай қызу емес. Әзірге баяу көрінеді. Шөпшілер тапсырыс көп дейді, бірақ дала шөбінің жұтаңдығына байланысты алдын ала ақшасын алмауда.
«Жерді аздырмай, тиімді пайдалану, мал санын ретке келтіру үшін биліктің де, шаруаның да жауапкершілігін көтеріп, міндеттерін бекіту мақсатында Жеке қосалқы шаруашылық туралы заңды шұғыл қабылдау керек, әйтпесе таяу жылдары қазіргі ауыл маңы жерлерінің қу тақырға айналуы үлкен апатқа айналады», деп отыр ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Ниқанбай Омарханов.
«Мал азығы тапшылығы кенеттен келген нәубет емес, бұл біраз жылдан бергі бар мәселе. Мал басының есепсіз көбеюі, төрт түлік мал ұстаудағы тепе-теңдіктің жоғалуы, ұйымдасқан мал бағымының жоқтығы, жерді рационалды пайдалану механизмінің жойылуы, соның салдарынан табиғи шөптің азаюуы, жер деградациясының ұлғаюуы, ең бастысы облысымыздағы 300 мың гектардан астам көпжылдық екпе шөптер алқабының тозып, өнім бермеуі сияқты тізбекті мәселелер бүгінде мал азығы тапшылығына жеткізді. 2023-2025 жылдарға болжанған және климаттың өзгеруімен дәл келген құрғақшылық жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Бұрынғы кездерде 1,5-2 жылдық мал азығы қорын жинауға басымдық берілетін, ол кездерде суармалы жерлер арқылы пішендеме сияқты құнарлы мал азықтары дайындалса, сабан мен жемдік дақылды араластырып кормоцехтар арқылы пісіріп малға беретін. Жыл он екі ай тамағы тоқ мал да өнімді көп беретін, аурудан аман болатын, қазір малдың да тұқымы азып кетті, өнім өткізуде қиындап кетті. Азық болмаған соң ел де малды жаппай сатып жатыр», – дейді агросарапшы.
Сарапшы Ниқанбай Иманғалиұлы Үкімет көпжылдық шөптер алқабының тұқымына, гектарына субсидия төлеу арқылы бір жыл көмек көрсетіп шабындықты, жайылымды қалпына келтіруге жағдай жасаса, шаруалардың 8-10 жылдық мәселесін шешіп бере алатынын және айтып отыр. «Ол үшін суармалы жер алқаптарын ұлғайту керек. Ұйымдасқан жұмыстар жасау үшін ауылдарда ауылдық тұтыну кооперативтерін ашу қажет», дейді.
Облыста ауыл шаруашылығының жер көлемі 11 932,4 мың гектар. Оның ішінде егістік – 1201,3 мың гектар, босалқы – 312,4 мың гектар, шабындық – 312,2 мың гектар, жайылым – 9 865 мың гектар. Ал, ауыл шаруашылығына жарамды қордағы жер көлемі – 6 116 мың гектар.
Суармалы жерлер алқабын ұлғайту мәселесін жергілікті билік басты назарға алынып отыр дейді. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалар Жол картасының шеңберінде, биыл 8,7 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізіп, жалпы ауданын 45,7 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын алға тартады облыстық ауыл шаруашылық басқармасы.
Ведомстваның мәліметінше, аймақта 430,7 мың ірі қара, 370,4 мың жылқы және 684,4 мың қой-ешкі бар. Осы мал басын қыстан қолайлы шығару үшін облыс бойынша 1 958,8 мың тонна шөп, 17,3 мың тонна сүрлем, 24,4 мың тонна пішендеме және 250 мың тонна сабан дайындау қажет екен. Жоспарланған мал азығы көлемін мерзімінде дайындау үшін 4532 шалғы, 3 107 бірлік тырнауыш, 1788 сырма және 987 пресс жинағыш жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда 1 350 мың тонна шөп және 15,9 мың тонна пішендеме, 5,1 мың тонна сүрлем және 3,5 мың тонна сабан дайындалды.
«Биылғы жылы қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты, кей өңірлерде шөп түсімі азаюы қажетті көлемді дайындауға қиындық туғызып отыр. Осы қалыптасқан жемшөп дайындау мәселелерін жедел шешу үшін аудан әкімдерінің орынбасары төрағалығымен өңірлік жұмыс топтары құрылған. Өңірлердің жұмыс тобы, шөп шабуды ұйымдастыру үшін мемлекеттік және орман қорының жерлерін бөлу бойынша жұмыс жүргізуде. Аудан әкімдіктерімен шөпті шет өңірлерге сатуға шектеу қою және бағасын шектен тыс көтермеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге, жеке шаруаларға шөп шабу үшін облыстың 3 орман шаруашылығының жалпы ауданы 21 мың гектар мемлекеттік орман қорынан, оның ішінде 2 мың гектар шабындық және 20 мың гектар жайылымды жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қоса, жайылымдарды ұтымды және тиімді пайдалану үшін ауыл шаруашылығы айналымына тарту және суландыру жөнінде шаралар жүргізілуде. Мал азығымен қамтамасыз ету және осы бағытта туындаған мәселелерді шешуді үйлестіру жөніндегі облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында», – дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Фермерлер мұндай шаралар бір қыстың ғана шаруасын шешеді дейді. Қысқасы, шабындық пен жайылымға Үкіметтің жаны ашып, кешенді шаралар қолға алынбаса, ауыл азып, тозады. Ақиқаты – осы…
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»