Спорт

Үш ұпай олжалады

Қазақстан Бірінші Лигасының VI туры тәмам. «Шахтер» соңғы екі ойында қарсыластарымен тең түсіп, осы турда жеңіске жетті. Бұл жолы олар өз алаңында «Ақтөбе Жастары» клубын қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша турнирлік кес­теде 14 ұпаймен ІІ орынға көтерілді.

Сурет клубтың баспасөз қызметінен

Жерлестерге ұпай жоғалтпауы керек. Соңғы екі ойында тең ойнап, турнирлік кестеде ІІІ орынға түсіп қалған-тын. Премьер-Лигаға қайта оралу үшін оларға тек жеңіс қана керек. Әлбетте, жанкүйерлер қауымы бұл кездесудің тағдырын алдын ала білді десек те болар. Ақтөбеліктер соңғы бес ойында тек 3 ұпай ғана еншілеген. Оның өзінде кездескен бес команданың екеуіне жеңіліп, үшеуімен тең ойнапты. Турнир кестесінің ең соңында, яғни, қауіпті аймақта тұр. Егер бұлай жалғаса берсе, Бірінші Лигадан да қош айтысары сөзсіз. Сондықтан, олар қарсыластарын жеңу үшін ештеңеден тайсалмайды. Ал, бұл жерлестер үшін – қауіпті.

Бұл жолы алаң иелері қателікке бой алдырмады. Ойын басталысымен допқа иелік етіп, қауіпті шабуыл да ұйымдастырды. 22-минутта Юрий Перцухтың алыстан бағыттаған ғаламат соққысы таблодағы есепті өзгертті. Алаңның сол қапталынан шабуыл ұйымдастыр­ған жартылай қорғаушы Арман Нүсіп допты ортада жүрген әріптесі Рафаиль Оспановқа шығарады. Ал, ол допты көп ұстамай, ашық тұрған Юрийге жеткізеді. Осы тұста Юрий алдында тұрған қарсылас команда қорғаушысын алдап өтіп, алыстан соққы жасайды. Оның жойқын соққысы қақпаның оң жақ жоғарғы бұрышына дөп кірді.

Бұдан кейін таблодағы есеп өзгермеді. Ойынның алғашқы бөлігі де осы есеппен аяқталды. Тек 53-минутта алаң иелері шабуыл ұйымдастырып, нәтижесінде шабуылшы Диас Қалыбаев есепті еселеді. Алаң ортасында жүрген Рустам Жанхаев өзіне әуелете асырылған допты әріптесі Диастың аяғына салып берді. Ал, Диас қақпашымен бірге-бір шығып, одан айласын асырды.

Бірақ, араға үш минут салып ақтөбеліктер есепті 2:1-ге жеткізді. Қонақтардың сапынан жартылай қорғаушы Дәулет Мұратов көзге түсіп, есеп алшақтығын қысқартқан еді. Араға 2 минут салып, Диас Қалыбаев екінші голын соқты. Бұл жолы оның алыстан бағыттаған соққысы қарсылас қақпасынан табылды.

Турнирлік кестеде ақтаулық «Каспий» қарағандылықтардан бір ғана ұпай айырмашылығымен көш басында тұр. Ал, ІІІ орында 14 ұпаймен қарағандылықтардың басты қарсыласы – павлодарлық «Ертіс» құрамасы тұр. Қос команданың ұпай саны тең. Бірақ, жерлестер алты кездесуде қарсыластар қақпасына 14 гол салып, павлодарлықтардан гол айырмашылығымен көш ілгері тұр.

«Шахтер» енді 22 маусымда сырт алаңда «Алматы жастарымен» кездеседі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button