«Үш ноянның» бірі болған Ераға

Өмір – өзен. Қарағанды облысы өз алдына енші алып, Солтүстік Қазақстаннан бөлініп шыққанына биыл 90 жыл болса, сол жылы дүниеге келген нәрестелер міне абыздыққа жеткен, көпті көріп, небір қиыншылық заманды бастан өткерген аңыз адамдар. Сондай өмірін өзін дүниеге әкелген Қарағандысына арнаған еліне сыйлы аңыз адам, өнердің абызы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Президенттік стипендия иегері Ерғали Жүнісбеков 90 жасқа келіп отырса, сүйікті мамандығын игеріп, бар саналы ғұмырын арнаған Сәкен театрында тапжылмай еңбек еткеніне 67 жыл толып отыр.
Ерғали Сыздықұлы Жүнісбеков 1936 жылы 22 наурызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1954 жылы Ерғали Қарағанды қаласында Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепті бітіреді.
Жастайынан өнерге құштар Ерғали мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Хор, драма үйірмелеріне қатысып жүреді.
Сарыарқаның бел ортасында әлемнің төрт қиырын тоғыстырып, күллі жұртқа мәшhүр болған атақты Қоянды жәрмеңкесіндегі Ұлы даланың сал-серілері Қажымұқан, Әміре, Қалыбек, Майра, Мәди сынды ән мен жырдан шашу шашқан, дала дарындарының бірқатарының көзін көрген Ерғали да өзінің бойындағы табиғи талантын ғұмыр бойына киелі сахнаға арнады. Осылайша оны бала қиялындағы асыл арманы кәсіби театрға, қазіргі С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрына біржолата байлады.
Ерғали Сыздықұлы – бүгінде жетпіс жылға жуық театр саласында еңбек етіп жүрген республикамыздағы санаулы ардагер, жоғары санатты актер. Оның репертуарынан әлем драматургиясының інжу-маржан дүниелерін көруге болады. Көне грек философтары Софокл, Эзоп, Еврипид шығармаларынан бастап, әлемдік классик Шекспирдің өлмес шығармасы «Ромео-Джульетта» трагедиясындағы махаббат үшін құрбан болған Ромео, қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы батыр Кебек образдары – Ерғали Сыздықұлының сомдауында көрермен жүрегіне жол тапқан мәңгі бейнелер. «Ромео-Джульетта» трагедиясында қазақ театр өнерінде өзіне ғана тән орындаушылық ерекшелігімен дараланған бірегей тұлға Әнуар Молдабековтің Тибальтты ойнап, әріптес болғаны жас актер Ерғалидың талабын ұштай түскен еді.
1967 жылы Октябрь революциясының 50 жылдығына орай, режиссер Мұхтар Қамбаров Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» драмасын сахналады. Бірнеше жыл бұрын ғана мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің есіміне ие болған театрымыздың сол кездегі жас актері Ерғали Жүнісбеков тұңғыш рет Сәкен образын шеберлікпен сомдап, кейіпкердің қазақ театрларындағы көркем бейнесін қалыптастырды.
1998 жылы Ерғали Жүнісбековке «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді, 2002 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2007 жылы сахнада 100-ден аса образ сомдаған Ерғали Сыздықұлы Президенттік стипендия иегері атанды.

2025 жылы желтоқсан айында Республикамыздың театр сыншылары ұйымының ұйғарымымен өнердегі өрелі табыстары үшін «Сахна Абызы» сыйлығын алды. Бұл өнер адамына, сахна саңлағына деген ерекше құрмет, айрықша марапатпен мойындау екені сөзсіз.
Ол У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» Гортензио, Ә.Әбішев пен С.Мәуленовтың «Қамбар батырында» Қамбар батыр, М.Әуезовтың «Қаракөзінде» Наршаны, «Абайда» Әбішті, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Төлегенді, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында» Еркебұланды, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Оразқұлды, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Ақжігітті, М.Файзидің «Ғалиябануында» Исмагиылды, Н.Островскийдің «Найзағайында» Дикойды, Ә.Тәжібаевтың «Жомарттың кілеміндесінде» Жомарт батырды, З.Ақышевтің «Жаяу Мұсасында» Мұстафаны, М.Ахундовтың «Мусье Жордан, ғалым, ботаник және әйгілі сиқыршы Масталишах дәуірінде» Гатамхан ағаны, Л.Егембердиеваның «Аққу сезімдесінде» Өмірсерікті, А.Галинның «Қайран жас дәуренінде» Шмутинді, А.Чеховтың «Шағала» комедиясында Дорды сомдады. Сұңғыла сезіммен, сахнаға деген құштарлығымен, шексіз сүйіспеншілігінің арқасында сыншылар мен көрермендердің көзайымына айналған ізденімпаз актер.
1962 жылы Алматы қаласында театрдың 30 жылдығына орай өткен гастрольдік сапарда қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, профессор, Қазақстанның Халық әртісі Асқар Тоқпанов «Зәуреш» спектаклін көргеннен кейін жас актердің ойнаған қайсар рөліне өте жоғары баға беріп, консерваторияның «актерлік» факультетіне өзінің курсына оқуға шақырады. Бірақ, Ерекең отбасылық жағдайына байланысты оқуға бара алмайды.
Сол кездегі Қазақстандағы белгілі театр сыншысы өнертану ғылымының кандидаты Қажықұмар Қуандықов жас актер Ерғали Жүнісбековтің ойнаған рөлдерін талдай келе, болашағынан зор үміт күтетін талантты актер екендігіне сенім білдіреді. Әсіресе, «Зәуреш» спектакліндегі Қайсар, «Бажалар мен балдыздар» комедиясындағы Еркеғали, «Қара Қыпшақ Қобыландыдағы» Шуақтың рөлдерін айрықша атап өтеді.
Мен өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғында театрға алғаш келген кезімде, сол кездегі жастары енді ғана отызға толған сайдың тасындай іріктелген актерлер бір-бірімен керемет дос болатын. Біздің театрымыздағы Қазақстанның Халық әртісі Қарғаш Сатаевты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәміл Жүнісов және осы Ерекең – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерғали Жүнісбековті елдің бәрі «Үш ноян» деп атайтын. Бұлардың достығы мен бір-біріне деген сыйластығы, құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың ойын-қалжыңдарының өзі айрықша болатын. Ерағаңды жай ғана түртіп қалсаңыз болды, «оппа» деп, күлкі қысып, орнынан ұшып тұратын мінезі қызық. Соны біліп алған достары, тіпті, кей уақытта жиналыста отырғанның өзінде ол кісіні бүйірінен түртіп қалса, Ераға елдің бәрін жалт қаратып, сықылықтап тоқтай алмай қалатын. Ал, Шәмілдің қиялы шексіз ғой, байқамай қалдым деп, жайбарақат отыра береді.
Ерағаңды Ерағаң қылып, асқақтатып тұратын көркем мінезі – өнерге де, достарына да адалдығы, ешкімге ешқашан жамандық ойламайтын тазалығы. Ерағаңның көптеген актерлерден ерекше бір қасиеті – романтик адам. Ол гастрольге шыққан кезімізде барған жердегі ауылдарды, тау-тасты аралап, зерттеп жүреді. Менің ол уақытта жастау кезім, қасына ертіп алады. Өзендерді жағалап жүреміз, ауылдардағы қорымдарды аралап, тарихына үңілеміз, қай рудан, кімдер жерленген дегендей білгіміз келеді. Ерағаң түйсігі өте терең адам, кезінде институт бітірмесе де, сондай тарихты оқып, біліп, көкейіне түйіп жүреді.
Егер біздің театрдың тарихын 25 жылдан бірнеше кезеңге бөлетін болсақ, Ерағаң сол алғашқы 25 жылдықтағы бірінші буынды көрген, солармен бірге сахнада қызмет еткен, алдыңғы толқын аға буынның бүгінгі қалған көзі, ең соңғы тұяғы. Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, Әнуар Шәймерденов, Зейнел Көшкімбаев, Зейнолла Жақыпов, Торша Жабаевтармен бірге сахнада ойнап, солардың ақыл-кеңесімен әртіс болған адам. Сөйтіп, өзінің өнерге ғашықтығының арқасында, табиғи талантын алдыңғы дала дарындарынан үйрене жүріп, ұштай білген. Әлі күнге дейін ерте кездерде қойылған «Ер Тарғын» сияқты қойылымдардағы ария, әндерді салып отырады, сағынады ғой сол бір сағым жылдарды. Біздер, жастар, «Қыз Жібекті» қойған кезде, «біз мына жерінде мына әнін айтатын едік» деп, өзі ойнаған Төлегеннің ариясын төгіп-төгіп жіберетін сәттері болып тұрады. Ерағаң – негізінен Ақжігіт, Қозы Көрпеш, Төлеген сияқты лирикалық тұлғаларды ойнаған актер.
Ерғали Сыздықұлы – ұлттық драматургияның сан салалы жанрларында алуан характерлі рөлдерді ойнап, көптеген елдерде Египет, Түркия, Беларусь, Татарстан мен Башқұртстан елдерінде өткен халықаралық театрлар фестивальдерінде өнер көрсетіп, ұлттық сахна өнерін биік тұғырдан насихаттауға ерекше атсалысқан өнер қайраткері.
Кеңес Жұмабеков,
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты



