АймақБас тақырыпҚарағанды

Үш миллиондық мүмкіндік

Саранда өндірілген шина атаулысы тұңғыш рет отандық автозауыттарға жөнелтілді. Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген негізгі міндеттермен толық үндес. Президент өз Жолдауларында өңдеуші өнеркәсіптің әлеуетін арттыру, өндірісті әртараптандыру және технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау арқылы жұмыс орындарын көбейтіп, ел экономикасының тұрақты дамуына жол ашу – стратегиялық басымдық екенін баса көрсеткен. Бұрынырақта тек шетелдік «тағаға» телмірген темір тұлпар түмені енді толықтай қазақстандық өніммен қамтыла бастады. Бұл – тек отандық өндіріс үшін емес, мұқым машина өндірісі үшін жаңа белес. Алғашқы партия – 900 дана! Ал, анығында, бұл тек – бастамасы ғана…

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Индустрия мен идея үйлесімі

Саран қаласындағы шиналар зауыты республика автозауыттары үшін өз өнімін жөнелте бастады. Ендігіде Қазақстанда шығарылған автомобильдер облысымызда өндірілген шиналармен жабдықталады. Яғни, бастапқы 900 данасы Қостанай қаласындағы Allur кәсіпорнына сәтімен жөнелтілді. Осылайша 205/55 R 16 типоразмеріндегі Attar S01 модельді жаздық шиналар енді отандық жеңіл автокөліктердің «төрт аяғына» «тағаланады».

Айта кету керек, өнім алдын ала омологациядан өткен. Бұл дегеніміз өнімнің немесе техникалық құрылғының тиісінше стандарт пен талапқа сәйкес екенін ресми түрде растау амалы. Аталған үрдіс көбінесе автомобиль өнеркәсібінде, құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру барысында қолданылады. Бір жұпыны мысал, қолға түскен шина омологациядан өткенде, оның тиісті сапа стандарттарына сәйкес келетінін әрі қауіпсіз пайдалану үшін барлық қажетті сынақтардан өткенін көрсетеді. Мұндай амал автокөлік өндірушілері үшін өте маңызды. Себебі, омологациясыз өнімді сертификациялау және сату әсте мүмкін емес. Демек, өнімнің нарыққа шығуына және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беретін рәсім. Зауыттағы жіті бақылау үрдісі 100 емес, 200 пайыздық деңгейде жүзеге асырылады. Әрбір шина міндетті визуалды тексеруден әрмен қарай автоматты құралдармен сынақтан өтеді. Техникалық тексеруден өтпеген өнім атаулысы жарамсыз деп есептеліп, «жыртылған бүйірімен» өңдеуге қайта жөнеледі. Есесіне ақаулы өнімдердің сатылымға түсуі түбірімен шектеледі. «Неге?» дейсіз ғой. Өйткені, өнім тек ел ішіндегі нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, жоғары талап жоғары нәтижеге ықпал етеді.

Еске салайық, шина зауытының құрылысы 2021 жылы Саран индустриалды аймағында бастау алған. Жоталы жобаға инвесторлар – ПАО «Татнефть» ашық акционерлік қоғамы мен «ГК «Аллюр» акционерлік қоғамы әртарапты қолдау көрсеткен. Бұған құйылған жалпы инвестиция көлемі 531,8 миллион АҚШ долларын құрады. Зауыттың қызмет алаңы да таңырқатады. 106 мың шаршы метр! Кәсіпорын әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған. Заманбап технология өз кезегінде, резеңке қоспаларын әзірлеуден бастап, жинақтау мен вулканизацияға дейін толық циклмен шиналарды өндіруге мейлінше мүмкіндік береді. Мұндай өркенді өндіріс ошағы бар болған жағдайда, импортқа тәуелділік азайып, экспорттық бағыт та дамиды.

Жеті элементті жетістік

Шина құрылымы жеті негізгі элементтен тұрады. Гермоқабат өнімнің герметикалығын қамтамасыз етіп, ауаның сыртқа шығуына жол бермейді. Борттық сақиналар мен қанатшалар шина мен дөңгелек дискісінің дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Келесі элемент – бүйірлік бөліктер, осы арада барлық жазулар айқын оқылып, көрінеді. Одан кейін қабаттасып орналасқан каркас келеді. Ол екі түрге бөлінеді: маталы және металды (брекер). Негізгі міндеті – шинаны механикалық зақымданудан мейлінше қорғау. Ал, соңғы элементі – протектор. Осы жетілген жеті элементтің әрқайсысы арнайы жабдық қалыбында өндіріледі, – дейді «Tengri Tyres» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі директордың орынбасары Максим Белявский.

Өндірістік үдеріс бес кезеңге бөлінген. Әуел баста әртүрлі шикізат түрлерінен резеңке қоспалар дайындалады. Соңыра болашақ шинаның жекелеген элементтері: маталы корд, брекерлер, протектор және өзге компоненттер жасалады. Одан кейін барлығы жинақталып, шина қалыбына келгенде оны вулканизациялау үдерісі басталып кетеді. Күрделі қалыптау амалдары арнаулы қалыпта жоғары қысым мен белгілі бір температурада жүзеге асырылады. Осылайша, резеңке қоспасы өз қасиеттерін өзгертіп, өнім қажетті протектор мен бүйірлік бөліктердің суретімен соңғы пішінін еншілейді. Ал, ең соңында дайын өнім мұқият тексеріледі. Бұл тек визуалды бақылау ғана емес, арнайы автоматтандырылған жабдықтарда шина сынақтан өтеді.

Жалпы алғанда, зауыттың өндірістік қуаты жылына 3 миллион жеңіл әрі 500 мың жүк көлігіне арналған шиналар көлемін құрайды. Өткен жылдың маусымында Attar брендінің жеңіл автокөліктеріне арналған шиналардың сериялық өндірісі жолға қойылған-ды. Мұнысы бюджет сегменті болып табылады. Жадыраған жазғы маусым үшін жеңіл автокөліктер мен жолсызды бағындырар темір тұлпарларға арналған қос моделді шина даярланды. Сондай-ақ, сол көліктер үшін өзге де «аяқ киім» – қысқы, «азу тісті» шиналар да өндіріліп келген.

– Attar брендінің өнімдері Қазақстан нарығында өткен жылдан бері қолжетімді. Өнім дилерлік орталықтар арқылы сатылады. Шиналар ресми дистрибьюторлардың мамандандырылған дүкендер желісі арқылы саудаға түскен. Аталған шиналар еліміздің көптеген аймақтарында қолжетімді. Сондай-ақ, экспорт мәселесі де жолға қойылған. Мәселен, былтырдың жазында Attar шиналарының Ресейге алғы жеткізілімдері басталды. Кәсіпорын отандық автозауыттармен де ынтымақтасады, – деп түсіндіреді Максим Белявский.

Мақсат – модернизация!

Орталық облыста инвестиция тарту бойынша жұмыстардың белсенді жүргізілуінің негізгі себебі көпаспектілі әсерге ие болуында. Жобаларға салынған инвестиция заманауи технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және салықтың түсімі. Мысалы, қазіргі уақытта шиналар зауытында шамамен 800 адам жұмыс істейді. Ал, болашақта олардың саны 1100-ге дейін артуы тиіс. Қызметкерлердің көпшілігі шетелде арнайы оқудан өткен. Өйткені, задында зауыт Қазақстандағы алғашқы да жалғыз бірегей өндіріс. Кәсіпорын заманауи автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған.

Айта кету керек, осындай әлеуетті кәсіпорынның іске қосылуы тек импортты алмастыру мәселесін ғана шешіп қоймайды. Анықтағанда, машина жасау саласының дамуына да елеулі үлес қосады. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында бірнеше рет атап өткен. Президент инвестиция тартудың маңыздылығына да баса назар аударған болатын. Осыған байланысты, өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Қазіргі таңда облыста «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылған. Мұнда инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен, оның жүзеге асырылуын мониторингілеумен және жаңа инвестициялар тартумен айналысады кәнігі мамандар. Орталық кәсіпкерлерге құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге, визалық қолдау көрсетуге және инвестициялық келісімшарт жасауға жан-жақты көмек көрсетеді. Яғни, инвестордың мемлекеттік органдардың ішкі рәсімдерін, құрылымын білу қажеттілігін жойып, жобаларды іске асыру үдерісін айтарлықтай жеделдетеді. Тіпті, арнайы show room да жұмыс істейді. Енді кәсіпкерлермен кездесулер әкімдікте ғана емес, дәл осы кең әрі қолайлы орталықта өтеді. Айта кетсек, 2019 жылдан бері өңірде жалпы құны 717,4 млрд теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 7,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Қош, делік. Жол бар. Дөңгелектің шинасы шымыр. Ендігі меже – уақыт пен табандылықта. Себебі, Қазақстанда жасалған кез келген өнім енді жөнекей тауар емес, ұлттың өз қолымен жылнамасына бәдіздеп жазған жаңа дәуір шежіресі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button