Жаңалықтар

Шәкіртке қанат бітірген…

Қатарластарым сынды маған бірден студент атану бұйырмады. Университетке қабылдау сынағында сүріндім. Екінші жылы ақылы бөлімге қабылдандым. Сөйтіп, журналистика мамандығына алғаш қадам жасалды. Бірақ ойымның бәрі филология мамандығына тегін оқуға ауысып алу.

Сабақ басталды. Бірінен кейін бірі ұстаздар дәріс оқып, журналистиканың алғышарттарын түсіндіруге кірісіп кеткен кез. Кезекті ұстаздың алдына келдік. Қоңыр дауысты, мінезі салмақты, жүзі жылы ағай қарсы алды. Ол – Қойлыбай Асанов еді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әрқайсымызбен жекелей танысып, болашаққа мақсатымызды сұрады. Маған кезек келгенде мамандық ауыстыратын жоспарымды жеткіздім. Қойлыбай ағай бұл ойымды құптамады. «Ұстаздық – әрине, абыройлы мамандық. Бірақ, әлемді шарлап, шартараптан ақпарат тарату екінің біріне бұйырмайды. Журналистикаға түсіп тұрып, одан бас тартқаның қалай болар екен? Тағы да ойлан. Жүрегіңді тыңда», – дегені әлі күнге есімде.

Осы бір ауыз сөз менің тағдырымды шешкендей. Бұл кеңес маған қанат бітіргендей, ерекше күш сыйлағандай әсер етті. Сенім ұялатты. Үйге асығып жетіп, ұстаздың ұсынысын анама жеткіздім. Осылайша, журналистика әлеміне «жолдама» алдым. Кейін ағайдың айтқаны тура келді. Әлемді армансыз араладым. Президент ПУЛ-ының құрамындағы санаулы журналист қатарында жүріп, жер-жаһаннан бұқараға ақпарат тараттым. Осы мамандығымның арқасында теңімді тауып, тұрмыс құрдым, бала сүйдім. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы шығар?!

Қойлыбай ағай мені ғылым жолына да жетеледі. Дипломдық жұмысыма жетекшілік етті. Ғылыми жұмыстың қыр-сырын меңгертті. Кейін магистратурада оқуға ықпал етіп, диссертация қорғауда жетекшім болды. Сөйтіп жүріп ұстаздық қызметін ол ғылыммен ұштастыра білді. Зерттеуді, ізденісті Қойлыбай Асановтың докторлық жұмысынан үйрендім. Ағай ғылыми еңбегін қағазға қолмен жазды. Мен оны компьютерге тердім. Білім-біліктілігінің тереңдігін, таным-түйсігінің кеңдігін сонда аңғардым. Жұмыс үстелінде том-том кітаптар, сарғайған басылымдар, көптеген мұрағат құжаттары жататын еді. Қазақтың төл өнері – айтысқа деген жанашырлығын көрдім. Қажыр­лы еңбектің куәсі болдым.

Қазіргідей дүрбелең шақта шынайы ақпараттың маңызы күн сайын артып келеді. Оны сараптап, елге жеткізетін маман – журналист. Ал орталықтан түлеп ұшқан БАҚ өкілдеріне ел аумағында сұраныс жоғары. Өйткені, журналистерді дайындайтын ұстахана мықты. Ондағы жауынгер ұстаздардың еңбегі ерен. Арқа журналистикасының ұстазы Қойлыбай Асановтың болмысы бөлек. Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, жақсы мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дегені есте. Қойлыбай ағайдың ұстанымы тап осылай әрі бізді де осы бағыттан айнымауға үйретті.

Қойлыбай ағай десе менің есіме «айналайын» сөзі қатар түседі. Қоңырау шалсам та, хатқа жауап алсам да, көріп қалсақ та ағайдың алғашқы сөзі «Айналайын, Асима, амансың ба?» … Сондай жылы. Әкелік, ағалық мейірім сезіледі…

Мерейтойыңыз құтты болсын, Арқа журналистикасының ұстазы! Бізге төккен мейірім, шапағатыңыз өзіңізге еселеніп қайтып, өміріңізге сәуле төксін!

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ,
«24 KZ» республикалық телеарнасының арнайы жобалар бөлімінің бас редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button