Жаңалықтар

«Шұбаркөл көмірде» – қоныстой

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ының 27 қызметкері жаңа пәтер кілттерін алды.

Жаңа қоныс иелерінің қатарында жоғары білікті мамандар мен сұранысқа ие кәсіп өкілдері, жас және перспективалы қызметкерлер, сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар да бар. Пәтерге ERG қызметкерлері үшін арнайы әзірленген «Отбасы банк» АҚ арқылы несие беру бағдарламасы бойынша қол жеткізді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлеріне берілген «Шапағат» тұрғын үй кешенінің төрт блок-секциясы ERG және Қарағанды облысы әкімдігі арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынған екен. Бұл үйде Шұбаркөлде жұмыс істейтін 41 отбасы тұрады. Қалған пәтерді жергілікті билік халықтың әлеуметтік осал тобы мен бюджеттік ұйым қызметкерлері арасында кезек тәртібімен бөледі.

– «Шұбаркөл көмір» АҚ әлеуметтік бағдарланған кәсіпорын. Бірінші кезекте өз қызметкерлерінің қамын ойлайды. Баспана – кезкелген адамның бақытты өмірінің бір бөлшегі екенін білеміз. Мамандардың өз пәтері болуы – маңызды. Үй жылы, жайлы болса, ертеңгі күнге алаңдамай, жұмыс істейді. Бұл жаңа үйде балалардың шат күлкісі естіліп, шұбаркөлдіктер өсіп-өне берсін, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.

«Шұбаркөл көмір» АҚ басшылығы мен жаңа қоныс иелерін «Отбасы банк» Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспай құттықтады. «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлеріне «Отбасы банк» АҚ арнайы ERG үшін әзірлеген несиелеу бағдарламасы аясында бірегей шарттар бар. Ол – бастапқы жарнасыз, ұлттық валютада төмен пайыздық мөлшерлеме. Тұрғындар 20 жылға дейінгі мерзіммен сатып алу құқығымен жалға алды. Жаңа үйдің кілттері табысталғандар қатарында «Шұбаркөл көмір» АҚ өнеркәсіп алаңында вахталық әдіспен жұмыс істейтін жас және перспективалы мамандар көп. Солардың бірі – Нұрхат Нұртаза. Күрделі құрылыс бөлімінде инженер. Бүгінде ол кәсіпорынның Жастар кеңесін басқарады.

– Біздің кәсіпорында осындай бағдарлама бар екеніне өте қуаныштымын. Жаңа шағынаудандағы жаңа үйден үлкен екі бөлмелі пәтер алдық. Түсқағаз жапсыру және қажетті жиһаз сатып алу секілді мәселелер ұсақ-түйек. Пәтер алуда бастапқы жарна қажет. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, жас отбасына бастапқы жарнаны жинау оңай емес. Мұнда өте қолжетімді шарттар қарастырылған. Жарна қажет емес, пайызы төмен, – дейді Нұрхат Нұртаза.

Қызғалдақ АЙТЖАН.  

Басқа материалдар

Back to top button