Үш ауыл – үздіктер қатарында
Естеріңізде ме, Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанда «Артта қалған 30 аудан» болғаны? Тарих доңғалағының шығыршығы кері айналмайды. Алға жылжыдық. Азаттықтың арайлы таңымен қауышып, Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға да – 30 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзі тарихқа айналып барады. Не керек, осы 30 жыл ішінде үздік 30 ауылды таңдап алдық. Қанағат! «Тұлға-достық» қоғамдық қоры ұсынған «Үздік 30 ауыл» жобасы мәреге жетті. Тәуелсіздік жылдарында озық дамыған ауылдар саны 30-бен шектеледі дегенге кім сене қойсын?! Одан көп, әрине. Еңселеніп, тұрмысы тұғырланған, келбеті кемелденген ауылдар саны жыл сайын артып келе жатыр. Десек те, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 ауыл таңдалғанын айтады жоба авторы, белгілі ақын, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан ШОҚАН. Сонымен, «Тұлға-достық» таңдаған 30 ауылдың қатарында Қарағанды облысынан 3 ауыл бар. Олар – Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев ауылы мен Нұра ауданының Шахтер, Қайнар ауылдары.
ҮЗДІКТЕР – ҮЛГІ ӨЗГЕГЕ
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі, өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деген болатын. Осынау тарихи сәтте тұсауы кесілген тың жобаның осы талап үдесінен шыққаны қуантты бізді.
…Шүкір, бәсекені бақастыққа балаудан арылып келеміз. Өйткені, бәсекенің түпкі нәтижесі ұмтылуға, талпынуға, дамуға алып келеді. Жоба авторы Мұратхан Шоқан:
– «Үздік 30 ауыл» жобасын қолға алудағы мақсатымыз дамыған ауылдарды өзге ауылдарға үлгі ету болатын. Бүгін сол мақсатымызға жеткендейміз, – деді жоба қорытындысында жарыққа шыққан «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомның тұсаукесер рәсімінде.
Тұсаукесер рәсімі өткен сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың мәжіліс залында Nur Otan партиясының қолдауымен өтті. Салтанатты шараға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, ҚР Парламент Сенатының депутаты, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысты. Қарағанды облысынан ауылдары үздіктер сапынан көрінген Жаңаарқа, Нұра аудандарының әкімдері Юржан Бекқожин мен Аян Шалмағанбетов те мәртебелі меймандар ортасынан табылды.
Үздік 30 ауылдың әкімдері мен азаматтары да – осында. Басқаны білмеймін, өзіме Елордаға ауыл көшіп келгендей әсер қалдырды.
Жоғарыда аты аталған құрметті қонақтардың барлығы сөз алып, жобаның маңыздылығын, тарихи мәнін тілге етті. Жиналғандар назарына Ақмола облысы, Целиноград ауданының «Родина», Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы және Қарағандының мерейін тасытып, абыройын асырған Жаңаарқаның Ералиев ауылы туралы бейнебаян көрсетілді. Әуелі үздік 30 ауылдың, одан кейін тыныс-тіршілігі бейнебаянға арқау болған үштіктің қатарына іліккеніміз шыны керек, мақтаныш сезімімізді оятып, мағмұрланып біз тұрмыз. Ол аз десеңіз, Қарағандыдан барған екі ауданның да әкімі биік мінберден сөз алып, жоба авторларына өңір халқы атынан риясыз алғыстарын жеткізді.
Юржан БЕКҚОЖИН, Жаңаарқа ауданының әкімі:
– Еліміз саясатының басым бағыттарының бірі – ауыл-аймақтарды дамыту екені анық. Олай болса, бұл жоба үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі-өнеге етуге, туып-өскен ауылын көркейтуге үлес қосып отырған азаматтарды дәріптеуге, жастардың назарын туған ауылына аударуға мол септігін тигізетіні анық. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тарту етілген «Үздік 30 ауыл» атты анықтамалық альбомға әр облыстан екі ауыл енгізілсе, Қарағанды облысынан Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылы мен Қайнар ауылы және Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев ауылдық округі кіріп отыр. Олай болса, осындай қуанышты оқиғамен баршаңызды облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің және Жаңаарқа ауданының тұрғындарының атынан шын жүректен құттықтай отырып, риясыз алғысымды білдіремін.
Ауыл қалаға көшіп жатыр дейміз ғой. Осы шарадан кейін маған ауыл қалаға жақындап келе жатқан секілді көрінді. Тағы да Кеңес дәуірінде ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою туралы идеологиялық мақсат болғаны ойыма оралды. «Ұлы державаның» 70 жылда орындалмаған сол мақсаты Қазақстанда 30 жылда орындалғанына көзіміз жетті. Қалаға айналып бара жатқан ауыл көп. Бұл көшке ілесе алмаған ауылдар осы жобадан кейін ұмтылыс танытары тағы анық.
Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіптің: «Бүгін 30 ауылдың жетістігіне қуансақ, келер жылдары үздік 3000 ауылдың ажарына тамсанып отыруға жазсын!» деген тілегіне «Әумин!» дестік.
ҮЗДІКТЕР ҚАЛАЙ ТАҢДАЛДЫ?
Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын көмбесі, рухымыздың соңғы бекінісі. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген қанатты сөзі бар. Иә, Тәуелсіздіктің баянды болуы – тікелей ауылдардың тағдырына байланысты. Белгілі заңгер, жерлесіміз Болат Сыздық дәл осы жобаның тұсаукесеріне қатысты айтқан мына сөзі кімге де болсын ой саларлық.
– Қазір қаланың түрі көбейді. Мегаполис дейміз, «ақылды қала» дейміз, «болашақтың қаласы» дейміз… Соның барлығы – ауылдың алтын құрсағын жарып шыққан перзенттері, – деді Болат ағамыз.
Шынымен-ақ, солай ғой. Ал, жоба авторы Мұратхан Шоқан – Ауыл дамыса, мемлекет дамиды. Ауыл дамыса, азық-түлік арзандайды. Ауыл дамыса, қаладағы баспана мәселесі өзінен-өзі шешіледі. Ауыл дамыса, жұмыссыздық жойылады. Ауыл дамыса, халықтың наразылығы тыйылады, – дейді.
Ақын жүрегінің ауылға алаңдаған лүпілін аңғарасың. Ауылды ақын сүймесе, кім сүйеді? Ауылға ақын араша түспесе, кім араша түседі?
Қазақ ауылдарының қамын ойлап, оларды дамыту жолдарын ұзақ уақыт зерделеген зиялы ұл мақсатқа жетудің жолын тапты ақыры. «Тұлға-достық» қорының атынан 14 облыстың әкіміне ұсыныс-хат жолдады. Қолдау тапқан күні атқа қонып, бір фотограф, бір көлік жүргізушісін алып, жолға шықты. 1 ай 2 күн деген мерзімде 14 облысты аралап шықты. Облыстардағы ішкі саясат басқармалары ұсынған ауылдарға барды. Салыстыру үшін өзге ауылдарды да шола кетті. Талғам таразысы мен ішкі саясат басқармасының ұсынысы дөп келді. Әр облыстан екі ауылдан, Алматы мен Қарағанды секілді аумағы үлкен өңірлерден 3 ауылдан таңдалды. Ұзын-ырғасы – 30 ауыл.
Бізден таңдалған үш ауыл да осал емес. Ырысы тасып, ымыра-бірлігі жарасқан ажарлы һәм базарлы ауылдар. Нұрлы Нұраның «Шахтер», «Қайнар» ауылдары егін шаруашылығымен еңселеніп отырса, жазиралы Жаңаарқаның Ералиев ауылы – төрт түлігі мыңғырған құтты қоныс. Осы ауылдардың барлығын аралап, барлығынан дәм татқан жоба авторы Мұратхан да:
– Ералиев ауылына барғанымда құлағыма жылқының дүбірі келді. Даласынан қымыздың жұпар иісі аңқып сала берді, – деп тамсанады. Ералиев ауылының азаматтары да жолынан жығылған жоқ. Елорда төріндегі салтанатты сәтте Мұратханның иығына Жаңаарқаның бренд шапанын жауып, астына ат мінгізді. Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Жобаның сәтті жүзеге асуына демеушілік көрсеткен Атымтай-Жомарт азаматтардың есімін ерекше құрметпен атады Мұратхан. Олар – «Родина» АФ ЖШС (Ақмола облысы) Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, «Абзал и К» толық серіктестігінің (Қызылорда облысы) директоры Абзал Ералиев, «Қарасу-Астық» ЖШС (Қостанай облысы) Басқарма төрағасы Алмат Тұрсынов, «Шахтерское» ЖШС (Қарағанды облысы) директоры Георгий Прокоп, сондай-ақ, жобаға қатысушы барлық ауылдардың кәсіпкер азаматтары. Барлық демеушілер «Тұлға-достық» қоғамдық қорының Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен, үздіктер анықталып, анықтамалық жарық көрді. Жобаның ендігі кезеңі – Нұр-Сұлтан қаласынан «Ауыл» аллеясын ашу. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде болашақ аллеяның жобасы таныстырылды. Аллеяға Президент саябағынан жер беріліп отыр. Оны абаттандырып, үздік 30 ауылдың аты жазылған 30 мәрмәр тақта орнату көзделуде. Әр тақтаға сол ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі туралы мәліметпен таныса алатындай QR-код орнатылмақ. Бұл да қыруар қаржыны талап етеді.
Ал, Мұратхан ауыл Атымтайларына сенетінін жеткізді. Іске сәт! Ал, біз үздік отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алған қарағандылық үш ауылды кең толғап жазып, «Орталықтың» оқырмандарына жақын таныстыратын боламыз.
Ерсін МҰСАБЕК.