Жаңалықтар

Үшқарада ұшталған қалам

Болатбек те бәріміз сияқты ауыл баласы. Ол да кешегі Тәттімбет пен Мәдилер шыққан киелі топырақта осыдан елу жыл бұрын дүние есігін ашқан. Бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Арқалық кеңшарында Әшім мен Күлшаттың шаңырағындағы он баланың сегізіншісі боп өмірге келген оның балдәурен балалық шағы осы шаруашылықпен іргелес Айрық ауылында өткен.

Айрық орта мектебіндегі алғашқы ұс­тазы Орынтай Қыстаубаева бастаған мұғалімдерін әлі күнге жылы сөзімен, риза көңілімен еске алып отыратын Болатбек орта білімнің жартысын Балқаш қаласында алып, сондағы №2 Абай атындағы орта мектепті тәмамдады.

Суретте: Болатбек Қауысов әріптестері Қайрат Әбілда және Дәулетқали Асауовпен бірге, «Орталық Қазақстан» газеті 2006 ж.

Талабы зор жастың жазу-сызуға қабілеті мен әдебиетке деген құштарлығы ауылдың бастауыш сыныбында оқып жүргенінде-ақ басталған екен. Балауса жазбалары «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып тұрған. Балқашта бағына қарай Абай мектебі оқу ісінің меңгерушісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшара Дәрібекова сынды ғажап адам, білімді ұстаз жолықты. Сол кісінің дайындауымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткізілген үшінші, төртінші республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Бозбала шағында жазған әңгімелері мен новеллалары облыстық «Қарағанды жастары» газетінде жарияланып тұрды. Бұл оның талабына қанат бітіріп, орта мектепті тәмамдаған 1991 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

Университет қабырғасында Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Шәкір Ыбыраев, Намазалы Омашев сынды ғалымдардан, Үмбетбай Уайдин, Асқар Егеубаев, Бауыржан Жақып, Нұртөре Жүсіп сияқты қаламгерлерден дәріс алды. Бес жыл бірге оқыған курстастарының бәрі де бүгінде еліміздің түпкір-түпкіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында елге танымалдары, басшылық қызметте жүргендері де баршылық. Арада қанша жыл өтсе де олармен байланысы мен қарым-қатынасы үзілген емес.

Университеттегі бес жыл оқуы да зыр етіп өте шықты. Болатбек дипломдық жұмысын «Оралхан Бөкеев – публицист» тақырыбында сәтті қорғап, мемлекеттік емтихандардан да сүрінбей өтті. Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы әйгілі жазушы, жампоз журналист Шерхан Мұртазаның өзі болғаны сынақтардың оңайға соқпағанын аңғартса керек. Алайда, Болатбек бұл тұста журналистиканың қыр-сырын біршама меңгеріп, төселіп қалғандай еді. Жоғары курстарда оқи жүріп, республикалық «Халық кеңесі», «Сұхбат» газеттерінде тілші болып қызмет жасады.

ҚазМУ-ды бітірген 1996 жылдың жазында, өкінішке қарай, әкесі өмірден озды. Бір жағы, тоқсаныншы жылдардағы өлі­ара шақтың қыспағымен жер-жерде жаппай қысқартулар жүріп жатқан. Қысқарту дегеніңіз ақпарат құралдарын да айналып өткен жоқ. Сондай себептермен Болатбек жылдан астам уақыт ауылдағы анасының жанында болды. Соның өзінде ақын Кәрім Сауғабаевқа ашық хаты, ауыл-аймақтың жай-күйін суреттеген әр жанрдағы мақалалары жарияланып жатты.

Ал 1997 жылдың соңында өзіміздің облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына тілші болып қабылданады. Соның алдында ғана басылымның бас редакторлығына бекітілген марқұм Мағауия Сембайдың басшы ретіндегі ең бірінші қол қойған құжаты Болатбек Қауысовты қызметке алу туралы бұйрық болып еді.

Редакция босағасын имене аттаған бұйығы мінезді жас маман салған беттен жұмысын дөңгелетіп әкетті. Берілген тапсырмаларды тиянақты орындап, қалам қарымын көрсете бастады. Алдыңғы толқын ағаларынан үйреніп, өзі де жазғандарына жауапкершілікпен қарап, әріптес­терінің оң бағасын алып жүрді. Газеттің барлық бөлімдерінде жұмыс істеп, кез келген тақырыпта мақала, очерк, репортаж жазуда, публицистиканың басқа да жанрларында өнімді еңбек етті. Оның жазғандарын жұрт сүйсініп, тұшына оқитын. Ол әр жазған дүниесінде өзіндік стилін, ешкімге ұқсамайтын жазу өрнегін қалыптастыра білді. Өзіне жүктелген міндеттерді қамшы салдырмастан атқарды. Содан «Орталық Қазақстанда» қызмет атқарған он жылдан астам уақыт бойына журналистік кәсібіне адалдығы мен кішілік ізетінен, кісілік қасиетінен бір танбады.

Енді, міне, сол баяғы жас маман, газеттен кеткенмен, ақпарат саласындағы қызмет жолынан айнымаған баяғы біздің Болатбегіміз арамызға қайта оралып, ердің жасы елуге толып отыр. Бір қарағанда биязы, жаны нәзік, біртоға болып көрінгенімен, ол – болмысы бөлек азамат. Керек жерде өз ойын ашық айтып, пікірін табандап қорғай алатын азамат. Әділдікті сүйеді. Қазаққа аян Қаракесек Шаншар атаның ұрпағы болғасын ба екен, табан асты әзіл-қалжың мен шағып алар шымшымаға да шебер. Ең бастысы – адал, көңілі таза, кісілігі зор жігіт.

Жыл басынан бері «Орталық Қазақстанның» Қарқаралы ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметіне кіріскен ол бұрынғы жазу шеберлігін жаңғыртып, аз уақыт ішінде өзекті мәселелер көтеріп, өндірте жазып жүр. Негізі Болатбек бауырымыз ердің жасына өмірдің сан сынағынан өтіп, шарболаттай шыңдалып, атына заты сай болып жетті. Сондықтан, қаламдас інімді мерейтойымен құттықтай отырып, «Осы бағытыңнан тайма!» дегеннен басқа тілек жоқ менде.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button