Ұшқан ұясын ұлықтаған еңбек
Жуырда газетіміздің белсенді авторларының бірі, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Жұмашұлы Шәдетовтің үшінші кітабы баспадан жарық көрді. Ол «Ұшқан ұям – Үлгім» деп аталады. Атының өзі айтып тұрғандай, автор бұл кітабында өзі туып-өскен Үлгі ауылының өткені мен бүгіні туралы толғана сыр шертеді. Оны бүгінде жасы сексеннен асқан Жеңіс Жұмашұлынан артық ешкім біле қоймайды да.
Бұқар жырау ауданындағы бұл Үлгі ауылы кезінде дүркіреген колхоз да, Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың бөлімшесі де болып, онда аурухана, клуб, почта, орта, кейін сегізжылдық мектептер жұмыс істеп, жүзге тарта үй тұрған. Бұл үркердей ауылдан академик Арықтай Қайыпов бастаған бірнеше ғылым докторлары мен кандидаттары, бес бірдей журналист, әр саланың білікті мамандары шыққан.
Осы жерде қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың ізі қалып, ол өз қолымен еккен бақтың ағаштары жайқалып тұр. Сонау сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында осы кеңшарды Жеңіс Шәдетовтің өзі басқарып тұрғанда осындағы шым үйлердің бәрі сырылып тасталып, орнына екі пәтерлі жаңа үйлер салынған еді.
Кітапта бір кезде осы ауылды дамытып, өркендетуге атсалысып еңбек сіңірген әулеттер, бұрынғы буын мен өз замандастары жайлы жылы әңгімеленіп, сонымен бірге, қазақтың кейбір салт-дәстүрлерін жаңғыртып, сақтау жөнінде ой-пікір айтылған. Оның өне бойы перзентінің туған жеріне деген махаббаты мен жанашырлығына тұнып тұр.
Көпшілік оқырманға арналған бұл кітаптың тілі жатық. Көнекөз қарияларымыздың әңгімесін тыңдап отырғандай әсерде қалдырып, ауылда өскен әр адамның көкейіне ой салып, сағынышын қозғайды.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы