Ғибрат

«Сезім = Сенім» кеші жастарға рухани бағыт берді

Махаббат – өткінші әсер емес, өмір бойы сыналатын сезім. Осы бір ұстанымды арқау еткен «Сезім = Сенім» атты рухани-танымдық кеш академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қабырғасында өтті.

Сурет автордан

«Жастар әлемі» журналы жанынан құрылған «Үкілі үміт» ұйымының бастамасымен өткен кештің өзегі – сезім тазалығы мен сенім беріктігі. Тағылымды кештің басты қонақтары – 44 жыл бойы бір шаңырақтың шаттығын бөлісіп келе жатқан ұлағатты ұстаздар, Шетел тілдері факультетінің аға оқытушысы Жаңбырбай Қағазбаев пен жұбайы Айман Анарбекқызы болды. Олардың өнегелі отбасылық ғұмыры – бүгінгі жастар үшін махаббат пен адалдықтың, түсіністік пен төзімнің айқын үлгісі.

Кеш сахналық композициямен басталып, өлеңмен өрілді. Лирикалық әндер әуелеп, ғашықтық жырлары оқылып, поэзия мен музыка үндестігі көрерменді терең тебіреніске бөледі. Мағжан Жұмабай, Жұмекен Нәжімеденов сынды сөз зергерлерінің махаббат тақырыбындағы өлеңдерімен қатар, студент жастар өз жүректерінен туған отты жырларын оқыды.

– Біз бұл кеш арқылы сезімді тек романтикалық әсер ретінде емес, сенім мен жауапкершілікке негізделген өмірлік ұстаным ретінде көрсеткіміз келді. Осындай тағылымды кездесулер арқылы олардың жүрегіне ой салып, рухани әлеміне сәуле түсіру – басты мұратымыз. Осы тақырыпты арқау етіп алдағы уақытта да оқу ордамыздағы үлгілі жұптарды қонаққа шақырып, жастарға тәлім берсек дейміз, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Үкілі үміт» ұйымының белсенді мүшесі Эльнура Ұланова.

Кеш сұхбат форматында жалғасып, Жаңбырбай Ахметұлы мен Айман Анарбекқызы отбасылық өмірдің мәні, бір-біріне деген құрмет пен сенімнің маңызы жайында ой бөлісті. Ғашықтық хаттары оқылып, есті естеліктер айтылып, шәкірттердің бейнеқұттықтаулары да кештің сәнін келтірді.

Сонымен қатар, іс-шараға қос ұстаздың шәкірттері мен әріптестері, жақын достары, сондай-ақ, Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің мүшелері, «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу ұйымы мен «Ұлағат» оқырман клубының белсенді жастары қатысты.

Кештің ажарын аша түскен айрықша тұстарының бірі – «Сезім» қорапшасы. Мұнда студенттер өз жүректерінен шыққан сезімге толы хаттарын салған еді. Кеш аясында махаббат жайлы орамды ойлары жазылған сол хаттардың бірнешеуі оқылып, көрермендер арасында жүрек жылулығы сезілді десек артық айтпағанымыз.

Жиын соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар бір-біріне алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар тарту етті. Кештің шымылдығы әнмен жабылып, рухани әсермен түйінделді.

Қуаныш САЛТАНАТ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің

ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button