Сезім дастаны: қойылымнан бір дерек
Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының еңбегі ел есінде. Кешегі Ақан серінің «Құлагер» қойылымы біршама байқаудың бас бәйгесін алып, Атығай-Қарауылға атой салмап па еді?! Сезім мен сенім, махаббат тақырыбына келгенде кібіртіктесін бе?
Режиссер Фархад Молдағалидің тың идеяларын Әзілхан Нұршайықовтың сом еңбегімен ұштастырғанда елді елең еткізер әсерлі дүние жарқ етті сахнада.
Бұл Қарағанды төріндегі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған «Махаббат қызық мол жылдар» қойылымы еді.

Біз елестеткен Меңтай бейнесі мен Ерболды актерлер жоғары деңгейде сомдап шыға ала ма? Режиссер Фархад Молдағали спектакльге заманауи бояу қоса ма екен? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін қойылымға бару міндетті еді. Режиссер спектакль арқылы не айтқысы келді?
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағалидің режиссерлігімен сахналанған бірнеше қойылым бұл күнде көптің аузында. Қарағанды төрінде сахналанған қойылымның композиторы – Ербол Нариманұлы, қоюшы-суретші – Айдана Бисембаева. Биін қойған хореограф – Шырын Мұстафина, ал хормейстер – Ғалымжан Берекешов.
Ал, Ербол ролін Дархан Сүлейменов сомдап, көрермен көзайымына айналса, Меңтайды сомдаған Гүлбаһрам Байбосынова залдың ыстық ықыласына бөленді. Актриса мен шығарма кейіпкері Меңтайдың кей қылықтары ұқсастау ма деп те қалдық. Себебі сахнада Гүлбаһрам Меңтайдың ролін сомдап қана қоймай, бір мезет Меңтай тағдырын кешкендей болды.
Спектакль басталғаннан бастап сюжеті романдағы ең негізгі оқиғалармен үндесе бастады. Осы тұста режиссер кейбір оқиғаларды қазіргі кезеңмен ұштастыра отырып, өзінің ой-шешімін ұсынған. Әсіресе, Тұмажанның әрекеті арқылы қазіргі кезде белең алған зорлық-зомбылықты, ашкөздікті көрсеткісі келген.
– Негізгі мақсатымыз шығармадағы әр кейіпкердің жолын жоғалтпай, жоймай, сол қалпы халыққа ұсыну болған. Сол ойға алған мақсатымыз орындалды деп сенемін. Олай деуіме себеп көрерменнің тырп етпей соңына дейін көріп шыққаны. Расымен қойылымда шынайылық пен тазалық бар. Қарағандылық көрермен соны сезген болар, кейіпкерлермен бір көңіл күйде отырып, уақыттың қалай өткенін білмей қалды. Актерлер кейіпкерді қалай сезді, тура солай ойнап шықты. Біз әуелден көрермен мен актер арасында байланыс орнатқымыз келді. Меніңше, дегенімізге жеттік, – деді режиссер Фархад Молдағали.
Спектакльдегі сәтті бейнелердің бірі Тұмажан – Ұлан Болатбектің характерлік сипаттамасы, іс-әрекеті, ым-ишараты өзінің кім екенін аңғартып тұр. Соғыстан келсе де киімі жұпыны емес. Негізгі мақсатын, өз бағытын білетін адам. Сондықтан, ол Меңтайдың жанында алты ай жүрген Ерболдан епті әрі айлалы. Діттеген ойына жетуде неден де болсын тайсалмайды. Бірақ, роман желісіндегі Ерболдың оған берген жазасы спектакльден көрініс тапқан жоқ. Режиссер онысымен қазіргі қоғамда «Тұмажандардың» жазаланбай да жүргенін көрсеткісі келгендей. Дегенмен, актер табиғаты терең ашылған бейнеде «әдемі» сөздер арқылы Меңтайға көрсеткен қорлығын жіпке тізу артықтау секілді көрінді. Оның түрмеге түскенін де айту соншалықты маңызды емес сияқты. Қоғамда қылған қылмысы үшін жазаланбай жүрген «Тұмажандар» толып-ақ жүр. Тіпті, ондай істі қылмыс деп санамайтындар қаншама. Меңтайды қарақұлақ құлындай шырылдатқаны, сөлін сығып алып тастағаны айтылмаса да көрермен көңілінде лықып тұр еді.
Кейіпкерлердің келбеті сақталып, табиғаты ашылғанымен Ербол – Дархан Сүлейменовте біз күткендей таңдай қағар қаhармандық болған жоқ. Өзіне тән жарасымды, зілі жоқ әзілдер айтқаны, асып-сасқан азамат болғаны алғашында ұтымды болғанымен, барлық оқиғада бір халде болды. Жауды жеңген батырдың қанша уақыт өтсе бір хал-күйді (состояние) көрсетуі, тіпті қызыл көрпе жамылған Меңтай бөлмесінен шыққандағы әсері жастық жалын, қайраулы қылшылдаған алмас емес, аңғал ынтызарлық, сөз бен іске шорқақ жігіттің күйі іспеттес. Қос ғашық жолдарының бір үзіліп барып қайта жалғануы тек Ерболдың ынжықтығынан болғандай әсер қалдырады. Оның батыл болмысы, намысы мен шынайы сезімі емес пе еді қызды дүниенің бар қиындығынан өткізіп алдына әкеле алған.
Ерболдың еңсесін тіктетіп, өміріне өзгеше леп алып келген ғашығы – Меңтай-Гүлбаһрам Байбосынова жасаған қайсар да нәзік ару бейнесі нанымды. Бұл бейнені жасауда режиссер тарапынан Байбосынова болмысын ашатын, өзінің нәзік иірімдерін игеретін кейіпкерін жасауға ерік берілген. Гүлбаһрам сахнада өмір сүрді. Режиссер интерпретациясы алғашқы планға қыз мұңы, қасіреті, қайғысын шығарғысы келгенімен, актриса табиғатынан, ізденісінен қосылған нәзік те ақылды бойжеткен болмысы шетте қалған жоқ.
Расында, Ф.Молдағали сахналаған туындылардағы әйелдер галереясы да бір-біріне ұқсап бара жатқанын аңғарғандай болдық. Негізгі сиқыры – қоғамнан, адамнан зәбір көретін бойжеткен-әйел мен оның жанының тазалануы. Иә, олар Қарагөз, Фариза, Ғазиза, Меңтай…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz