ПоэзияРуханиятТұлға

Әсет әлемі

Биыл 150 жылдығы жақындап қалған, көзі тірісінде Қытай қазақтары «екінші Абай» атаған ақын, даусын көктегі ақбауыр бұлттарға дамылдатқан әйгілі әнші, алдына келген бірде-бір ақынға дес бермеген ерен айтыскер, керемет композитор, балуан, сері Әсет Найманбайұлы елін, шыққан тегін түбірлеп айтып кеткен. «Неге» деген сауал кимелейді, әрине.

Ақын кейінгі ғұмырын болжаған тәрізді. Әркім-әркім Әсеттің елін, шыққан тегін өзі айтып кетпесе, әр қиырға салып, сан құбылтатыны анық еді. Ә.Найманбайұлы бұрынғы Қарқаралы уезінің Темірші болысының алтыншы ауылындағы, қазіргі Ақтоғай ауданының Қызыларайында 1867 жылы туып, жас шағында Семейдің Үржарында, одан әрі Қытай жеріндегі Көктұмаға көшіп барады. «Найман ел – айы туған маңдайшадан, Тауықпын, тары тердім найман шалдан» деп жырлайтыны содан. Қазір анда туды, мында туды деп айтылып жүргенмен, кіндік қаны тамған жері – Арқаның ең биік тауы Ақсораң тауының етегінде.

«Ұраным Арғын Шордан Қаракесек, болмайды адалдыққа арам есеп» деген өлеңінің екі жолында Әсет атамыз әуелі шыққан тегін шегелеп айтады. Шор Қаракесектің үлкен бір бұтағы, одан Майлық атамыз тарайды. Ақын осы Майлық руынан. Бұл рудың негізгі жайлаған жері – Қызыларай. Біршамасы кейін аумалы-төкпелі заманда Қарқаралының Көктас ауылына тиіп тұрған Қумая жеріне (Жаңажол) көшіп келген. Ақынның туған жерін, жылын және қайтыс болған жерін, мезгілін жазушы Бексұлтан Нұржекеев пен курстас жан досым, ақын Ғабиден Құлахметов екеуі Әсеттің балаларына арнайы барып, қайтыс болған жылын, жерленген жерін анықтап қайтқан. Ақын басына Алматы, Қарағандының бір топ азаматтары барып қайтқаны жөнінде газетімізде бұрын жариялағанбыз. Бұл жағынан ешқандай күдік, күмән жоқ.

Мәселе ақынның шығармаларында, кейінгі тағдырында. Осыдан үш-төрт жыл бұрын біздің үйден кезінде Қытайдан көшіп келген, кеудесі нағыз алтын сандық Сыдық Батырханов ақсақал дәм татты. Әңгіме Әсет төңірегіне ойысқанда Сәкең екі иығын қомдап, жанары жайнап, жүзі нұрланып сала берді. Ақынның бірталай өлеңін жатқа соқты. Содан А.Байтұрсыновтың төте жазуымен Қытайда басылған Ә.Найманбайұлының кітабын көрсетті. Жата қалып жабыстым. Алматыға екі-үш күн ішінде оралмақ. Кітаптың көшірмесін жасап алуға әзер үлгердім. Марқұм Сыдық ақсақалдың «Әсет екінші Абай ғой» деген сөзі әлі жадымда. Содан төте жазуды тілеуіңді бергір өкіл қызым, осы ҚарМУ-дің журналистика бөлімшесінде ұстаз болған Мейрамхан Жәпек кириллицаға түсіріп берді. Бүгін сол Қытайдағы басылымдағы Әсет толғаулары мен өлеңдерін жариялап отырмыз. Қытайдың Ұлттар баспасы 2000 жылы шығарыпты. Баспаға әзірлеген қандастарымыз Халиолла Нұртазин, Асқар Игенұлы, Омархан Асылұлы, Жұмаділ Маманұлы. Жауапты редакторы Құрмаш Қалиұлы. Баспагерлер кіріспесінде: «Әсет шығармаларына» үңілгенде оның сол заманда талай ғылымнан, тілден хабары мол, әділеттілікті, адамгершілікті, адалдықты, қайырымдылықты, сүйіспеншілік пен адал махаббатты ағынан ақтарыла жырлаған, зорлық-зомбылықты, обыр-озбырлықты, мешеулікті, ащты (ащы б.к. М.Ж.) тілмен шенеген, өз заманының ғұламасы екендігімен мұндалап тұрады. «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендейін, тұтас тұлғасынан қарағанда «Әсет шығармаларының» арқауының шымырлығына, сөз саптауының, өлең жолдарын қиюластыруының шамаусыздығына, ой-өрісінің кеңдігі мен тереңдігіне, сезім-махаббатының ашық жарқындығына мойынсал болмау мүмкін емес. Оның бір жағында оның шығармалары өзі жасаған заманының талай сырын шертіп қалмастан, заманымыздағы оқырмандарға тәрбие беру, ой салу жағынан да мол рухани азық береді деп айтсақ артық болмас» деп жазған.

Әсет шығармашылығы түпкілікті зерттелмеген. Біздің ойымызша біріншіден, Ұлы Абайдың Әсетке тигізген шарапаты, Хакім мектебінің ұлағаты қоғамдалып, қорытындылануы қажет. Екіншіден, Әсет орыс тілін қалай білген? Абайдан кейін Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақша сөйлеткен Әсет «мыслящий», «шорнабегін» (черновик), «вешір» деген орыс сөздерін сол күйі қолданады. Үшіншіден, ұлы М.Әуезов өте жоғары бағалаған Әсет пен Рысжанның айтысы төңірегіндегі әрқилы пікірлерге нүкте қойған жөн. «Қоянды жәрмеңкесінде бұл айтыс болмаған. Әсет өзі шығарған» деген пікірлер бой көрсетеді. Осының анық-қанығы зерттелуі керек. Төртіншіден, Абай үлгісімен толғаулар, өлеңдер шығарған Әсет айтыс ақыны ма, жазба ақын ба? Осыған баға берілуі қажет. Ақын шығармаларын жазып та шығарған деген дерек бар. Бесіншіден, Ә.Найманбайұлының әндері әлі көкпарға түсіп, әркімге телініп жүр. Қайрат Байбосынов та мұны бір кездескенімде айтқан еді. Қабдеш Жұмаділов «Тұл дүние» хикаятында («Жұлдыз») журналы, 2004 жыл, №1) «Аңшының әні» Әсеттікі екенін дәлелдеп, мәтінін де жариялаған. Сол сияқты «Мақпал», «Ырғақты», «Қисмет» сияқты әндерді талдайтын өнер зерттеушілері керек-ақ. Абайдай артына баспа бетінде шығармаларын шығара алмай өткінішпен өмірден өткен Әсет ақынды зерделеу, зерттеу сұранып тұрған телегей теңіздей тақырып.

Р.S. Әсеттің толғаулары мен өлеңдерін бұрынырақ жариялағанбыз. 1988 жылы Қазақстанда шыққан кітабындағы нұсқасы бойынша. Енді Қытай елі шығарған кітабындағы Әсет әлемін пайымдап көріңіздер.

Мағауия СЕМБАЙ

Арыз өлең

Болжаусыз осы екен өлім деген,

Күн бұрын көзіңе көрінбеген.

Зымырап бәйге атындай өтіппін-ау,

Дауылдап дәурендеген көңілменен.

Тіршілік қызығына қызығып ап,

Айқайға қайран басым ерінбеген.

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,

Қаптағы дән секілді себілмеген.

Ертең жазып бүрсігүні бітіремін деп,

Баянсыз тіршілікке сенуменен.

Осы менен дәм таусылды, уақыт бітті,

Ішімде көп сөз кетті терілмеген.

Әрекет тіршілігінде етпеген соң,

Сүйектен не шығады кебіндеген?!

Күлдерім қайта өнерме өрімдеген!

Өмірдің өзек талмас дәнін жимай,

Өттім-ау жорға жырға мінуменен.

Дүниеде менен сорлы ақын бар ма?

Бір сөзі баспа орнына берілмеген.

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Дариға неткен жақсы өлу деген..!

Арманым асқардай едің,

Қаз қонып, аққу көліне.

Білуші ем өлең сөздің айтар жерін,

Білмеппін базары оның тарқар кезін.

Дәурен деп аққу ұшқан айдынымнан,

Сарқылды сәнім кетіп шалқар көлім…

Қайырмасы:

Жеттім бе дәм таусылар уақытысына,

Ажалдың мейірімсіз қатқысына.

Жүріппін елден аулақ есім шығып,

Тұрмыстың тура келіп тапшысына.

Кеудемнен тіршіліктің оты өшер де,

Жанымның қош айтыстым ақ құсына.

Төбемде жарқыраған сәулем себіп,

Лақтырдым қолымдағы затты суға.

Айбарсыз улы арыстан, болдым міне,

Тышқандай бағам барма жақты ашуға.

Қайырмасы:

Жолықтым надан елдің қақтығысна,

Жоқ екен доктырыңның жалғасына.

Зар илеп запыран құсып жатқанымда,

Ызыңдап мазамды алдау-ау бақсысыда.

Әнімді, арызымды тыңдау үшін,

Келіпті елдің жаяу аттысыда.

Сөйлейін сіздерге ақтық шерімді төгіп,

Сіздер ғой ұя болған бақ құсыма.

Барма екен сергек ойлы сезімді жан,

Бір дәрімен таба алатын лоқсытуға.

Қалайық қараңдаршы, қайран дүние-ай,

Қарағым қан болды ғой от қысымда.

Әттең-ай, әттең жалған,

Тарқалмай қалды-ау арман.

Үйімде Қабар айдың жатып алдым,

Алмасты мүсәтір деп татып салдым.

Ажалды Алла маған бергені жоқ,

Құлжадан бес теңгеге сатып алдым.

Өлеңімді ойға алмаған сорлы басым,

Дүрмекке ерітіп жүріп қапы қалдым.

Жайқалған өлеңімнің гүлі солып,

Сөгілген ескі етіктей қақырадым.

Қайырмасы:

Жігіттер жатырқамай, жақын келші,

Сұм ажал ешкімге де салмайды елші.

Жасайын әзіл әнге сүйемелдей,

Шатырдан домбырамды алып келші!

Жігіттер мұнда не бар бөгелгендей,

Алдыңнан төрден тұрып жөнелгендей.

Дерт буып тұрғыр дауыс шықпай отыр,

Әйтпесе айтқан едім жан өлгендей.

Қайырмасы:

Айтайын арызымды ішке толған,

Төгіліп елде көңіл дорбам.

Кеудемнен күй керуені көшер болды,

Жазып ал ей жігіттер бірер жорғаң.

Туған ем атым Әсет, Қара шордан,

Баласы өскен ауыл шықтым молдан.

Зейнолла қазіретке шәкірт едім,

Осы өлең адастырды орта жолдан.

Алдадың аһау жалған,

Қасықтай қайран тілім балға малған.

Қоштасар уақыт жетті туған елге,

Үш жүзім өсіп-өнген сары белге.

Сәлем де артта қалған қалың арғын,

Сан қорған салтанатты өскен жерде.

Жыртылып, айырылған үйрек-қазы,

Саялы қоңыр салқын айдын-көлге.

Қалды ма қайран даусым саңқылдаған,

Қазағым көшіп-қонып тау өзенде.

Жанымда жақын туыс жан болмады-ау,

Үйге де жете алмадым жан үзерде.

Бір әйел, бір ұл, бір қыз балам қалды,

Көре алмай арманымен ақтық демде.

Соларды елім сізге тапсырамын,

Елдік қылып саларсыздар тура жолға!

Зейнеп деп бейнет мен деп барамын,

Мойнымды ұсындыңба терең көлге,

Аяғын шалыс басқан менде бір пенде.

Ән-күйдің отын үрлеп қыздырам деп,

Кез болдым кері аққан қатты селге.

Таусылды қауқар күшім,

Шапқанда шапши туған қарсы өрге.

Алдандым аһау жалған,

Қасықтай қайран тілім, балға малған.

Бордатып жапырақ жайған ақ шынармын,

Дауылдай сөз бұратып отты жалын.

Халықтың болса екен деп,

Аялап ардақтадым достың арын.

Қайырмасы:

Көктума ән тұрған самал желдің,

Тербеген бала кезден Алакөлім.

Оқжетпес, Көкшетау мен Тарбағатай,

Алтай тау Алатауда өсіп-өндім.

Таяу жыл келіп қонып қызай елге,

Жерлерді Көнес-Текес мекендедім.

Жазбақ боп көп жайларым толғанып-ем,

Осында туыс-өскен қалың елдің.

Тарқалмай түйдегімен іште кетті-ау,

Көргеннен жыр-желіге тергендерім.

Қандырған құлақ құрышын тыңдаушының,

Осы ма қайран дауысым жетер жерім?!

Сыймайтын шалқығанда арнасында,

Сарқылып бара жатыр, тасқын селім.

Өмірдің шынарына құлдилатып,

Сырылып мойныма түсті-ау ерін.

Арманы асқардай елім,

Қаз қуып аққу жүзген ала көлім.

Алты алаш ардақтаған Әсет ақын,

Өлеңін – мәпелеген қол қанатын.

Азап атып шаршы топқа ән салғанда,

Ел ұйып қадірлеуші еді сөздің нарқын.

Жігіттер өкінесің әнімді аңсап,

Арман боп еске түсер менің даңқым.

Сөздерім қайран асыл інжу-маржан,

Нөсердей сорғалатып жаудыратын.

Самғаған аспан көкке асқақ үнім,

Сағанда уақыт жетті-ау қарылатын.

Сәлем де еруфада Сталинге,

Сүйегім арғы бетте қазақ затым.

Алдың-ау ақау жалған,

Қасықтай қайран тілің балға малған.

Боз бала осы әнімді үйренерсің,

Өледі деп қайран Әсет күңіренесің.

Бұл әнді бірің бұзып, бірің түзеп,

Ырғаққа келтіре алмай күйзелесің.

Білмесең сыр мінезім бұл өнердің,

Домбыра қайдан жорға күйге келсін.

Асау ән жетегінде жүрмеген соң,

Бұқадай мұрындықсыз сүйрелерсің.

Боршалап іреп сойып өз бетіңнен,

Жан-жақтан найза сұғып түйрелерсің.

Оған да көбейгенде көңілің қайтып,

Жоламай маңайына жиренерсің.

Қайырмасы:

Өлеңмен атақ-жайдым оңға-солға,

Жүйрік ел сүрінбеген терең орға.

Еркелеп ел ішінде кезіп жүріп,

Қапада құтылмастай түстім торға.

Тіршіліктің шамы сөніп бара жатыр,

Қаратып жатқызыңдар басымды оңға.

Астына алты қырдың жетер даусым,

Қырылмен шыққаныма әрең зорға.

Қайырмасы:

Өттік біз өкінішпен Әсет, Біржан,

Меңіреу қара түнді әнмен бұзған.

Шалқытып шалқып жүріп салған әндер,

Мұра боп, естілерме ұрпағымнан…

Байқаймын осы дерттен өлерімді,

Алланың аманатын берерімді.

Түнгі тыныс таңғада жетпес бәлкім,

Сезіндім қазір ел келгеніңді.

Кеудемнен қоңыр ала қаз үйрек ұшты,

Әкетті-ау кәрі-жолдас өлеңімді.

Қайырмасы:

Жігіттер амал барма бұл ажалға,

Үйге де жете алмадым құлағанда.

Үш жүзге аты мәшһүр қайран Әсет,

Қалдым-ау Ұлан-бұра деген жайда.

Ел-жұртым аға-іні көңіл қошым,

Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.

Дауысым сарқылғандай арқыраған,

Сыбырым тандандыра шыққан досым.

Кешегі дәурендеген қайран Әсет,

Бастайын шаршы топқа әннің көшін.

Барады қарауытып қос жанарың,

Ажалдың білмес адам ерте-кешін.

Сіздермен қоштасуым осы болды,

Бәрі бір мейлі дұшпан мейлі досым.

Артымда тірі қалған үлкен-кіші,

Бәріңе осы ақтық айтқан қошым.

Алдың ақау жалған,

Қасықтай қайран тілім балға малған!..

1923 жылдың, жетінші айдың,

жиырма үші күні, Құлжа ауданы,

Көкқарамыр жайлауы.

Пәни дүние

Дүние тәуір-ақсың тұрғаныңда,

Мәжіліс ұлы жиын құрғаныңда.

Хан демей, қара демей қаңғыртасың,

Бетіңді теріс жаққа бұрғаныңда.

Дүние қандай тәтті бет бергенде,

Денеңді балқытады леп бергенде.

Сенімсіз дүние шіркін бір қайар ғой,

Артына бұрылмайды жек көргенде.

Дүние сырларым көп әрбір түрлі,

Сайқалдай айнығышсың екі қырлы.

Жүзіндей ұстараның аударылған,

Опасыз болдың неге оңғақ сырлы.

Күле кіріп шықсаң күңірентіп,

Алдамшы көргенім жоқ сендей қуды.

Мәңгілік секілденіп жолдастығың,

Жақсыны жамандыққа еттің құрбы.

Қатыгез аямайтын бір мінезің,

Күңірентіп әкелесің ажал сұмды.

Сенім сіз сенің мұндай сұмдығыңнан,

Талайлар қанды жаспен бетін жуды.

Жаныңа еліктіріп ерткеніңде,

Білгізбей өткізесің ұзақ жылды.

Жарқырап күнің шығып тұрсаңдағы,

Тұманды түсіресің қара түнді.

Бұл дүние сұлу әйел сақтанарлық,

Қызық жоқ аз өмірде мақтанарлық.

«Алды үміт, арты өкініш» алдамшы өмір,

Алдайды бос үмітпен бопсаларлық.

Қиын жол қияметтің майданына,

Даярла аспабыңды ап барлық.

Тобынан соңғы түс үш-ақ тайпа,

Баласы Хан Сан Ипас өскен Зифа.

Ұжмақтан Адам Хауа айрылғанда,

Қарапат табысқаны мұз далада.

Айыпқа тыңдаған жан алмағайсыз,

Қызыққа тіршілікте қанбағайсыз.

Бұл дүние бояп қойған бір шүберек,

Болады деп пәни жолдас нанбағайсыз.

Ажал бар егер болсаң Аллаға құл,

Сияқты байсыз қатын дүние тұл.

Дүниені біреу өлсе біреу алар,

Оңғағын бұл дүниенің осыдан біл.

Халықпыз жер жүзінде кезек келген,

Атам – Адам, Хауа Анадан – ғибрат қыл.

Сүлеймен, Зұлхарнайын патша қайда?

Болыпты тәні шіріп, сүйегі күл,

Айнасы екі ғалам Нұр Мұстафа.

Пәни мүлік болды ма соғанда бұл,

Қаһарман Рүстем сынды қыран да өткен.

Айрылар бір күн жақтан буынсыз тіл,

Алланың арыстаны Ғали қайда?

Қазадан құтылды ма мініп дүлдүл,

Барынша үмітке жәрдемші шаһар шарлар.

Айырған қылдан қылшық талай бұлбұл,

Саудағы саналы жас базарланса.

Болар ем бұл дүниеге жаралған гүл,

Түк білмеген қазекең не әзірлейді.

Сақтанып, рауатқып, айтқаным бұл,

Басыңа ажал өлім келген күні.

Қызыл тіл жақ пен басты тастарсың төл,

Жазылған бозбалаға бұл хикая.

Бір мың тоғыз жүз үшінші жыл,

Тауарих осылайша таратады.

Сөз түбі терең ғажап дария біл,

Өткізіп сап мұсаны астым деген.

Тәкәппар перғауынды жұтты ғой Ніл,

Аспанға ғайып болған Ғазірет Ғайса.

Жазылған оған тағдыр осылайша,

Көзден нұр, бойдан қуат, мидан ақыл.

Дәрмен жоқ жастық дәурен бізден тайса,

Ақынның осы айтылған тәржімесін.

Білгендер мағыналап жұртқа жайса,

Қаңғыдық аш құланша дүние кезіп.

Көк шалғын табылар деп қайда майса,

Жалғанның аз тоятын көптей көріп.

Қызықтық торғай қуған тұрымтайша,

Жарығы адамзаттың оқу-білім.

Қашырған қараңғыны туған айша,

Кеудемде асыл сөзім шірімесін.

Малдан зекет бермеген сараң байша.

Күн, Айың таразыда ауыр тартып.

Ұят сол періштелер көзіңді ойса,

Жалғанның бар қызығы базарға ұқсар.

Жалғаншы жанды алдағыш сұмға ұқсар,

Асыл киім, семіз ат, сұлу қатын.

Алғызып кетер күні бірақ мықтар,

Жан шығарда болмайды көрген түстей.

Көрсең де тіршілікте не қызықтар…

Ағалар өлмеймін деп ойламаңыз,

Жазылған тағдыр ғалам бір сызық бар.

Көркем қыз, көңіл ашар дүние балдай,

Қалған жоқ еркек кісі бір-бір алмай.

Қаяусыз қатты сүйіп махаббатпен,

Қайтысты дәнемені тындыра алмай.

Өзіңді сүйген дүниең сындырады,

Кетерде бір қайрылып салмай.

Жалаңаш іш көйлекпен көрге тастап,

Іс бітті жан шыққанда болдың қандай.

Өлмек хақ, тумақ сүннет өзекті жан,

Бара бар ажал бесік жоқ пен барға.

1903 жыл.

♦ ♦ ♦

Хан Шыңғыс Қарқаралы қалдың ба атам,

Көкшетау көтеріңкі шөбің жасаң.

Кір жуып кіндік кескен жер ме едің,

Сарыарқа ойқой сені көрем қашан?!

Айрылды Россияға ғадалаттан,

Тіл қалды ташу тарғыт далалаттап.

Ұлықтан ынсап кетті байдан қайыр,

Зорлығы, зомбылығы шектен асқан.

Кешегі ел сұраған би болыстың,

Күндері Мекалаймен бірге батқан.

Алаңсыз Арқада өскен қайран қазақ,

Жазықсыз жаумен жұттың зарын тартқан.

Шөлмегі зұлымдықтың сынғалы тұр,

Арқаға бар сойқанның ері батқан.

Сықылды иттің құрты алман салық,

Көрінісі соқты жандап неше батпан.

Сырбаздап бірін-бірі жандаралдар,

Бейнебір аш қасқырдай жалаң қаққан.

Сүтке тиген күшіктей сүмірейіп,

«Госпадиндер» Тоқашқа киім сатқан.

Тіміскіп ажал азап елдің ішін,

Ана менен сәбиді зор жылатқан.

Айырылып ақ патша ар намыстан,

Қырсығы тиді жұртқа тәңірі атқан.

♦ ♦ ♦

Жас жігіт надандықпен алданады,

Адам деген атақты малданады.

Байқамай пайдасыздық соңына еріп,

Жолынан өнер сымбат құр қалады.

Сұлу ат, келте киім, керме кербез,

Сүйініп сипатына таң қалады.

Пысықпын деп көп сөйлеп мылжың болып,

Ант ішіп, бір сөз айтса қарғанады.

Шұғыл мінез сұмпайы, сөзі әдепсіз,

Біреумен қалжыңдасса шамданады.

Өтірікке өлгенше шебер болар,

Сүйкімсіз мінезбенен заңданады.

Торғай жеп қыран бүркіт тоят алмас,

Опасызға қайтсе жүрек жалғанады.

Өз ойында баспын деп кім саналмақ,

Мен надан деп айтуға арланады.

Оқудың түзетпейтін адамы жоқ,

Қараңғы мінбарларға шам жанады.

Ақылды – аз ашулы, көп пікірлі,

Пайдалы насихатты аңғарады.

Жаманның көрпесінің өлшеуі жоқ,

Әлбетте артын білмей паңданады.

Аман жұрт бір айыптан табылар ма?!

Ақыл көзбен қарасақ хан-қараны.

Білімдінің азығы-шикі надан,

Оқымай қайдан жазсын бұл жараны.

♦ ♦ ♦

Аспанда көңіл қыран шарықтайтын,

Жақсы адам қапаланып тарықпайтын.

Наданға зат танымас жолдас болсаң,

Көңілің әр нәрседен арықтайтын.

Адамға ашық жарқын ашына болсаң,

Көңілің хаяуланып қашықпайтын.

Асыл, жасық, ауыр, жеңіл, арзан, қымбат,

Адам аз мұны өлшеп парықтайтын.

Ағайын араз болса барыспайды,

Көңілі қарайған соң алыстайды.

Жақсының атын естіп жақсы құмар,

Көз көріп, сырын алмай таныспайды.

Бәйгеге қосқанменен мәстек келмес,

Шын жүйрік шапқан сайын қарыштайды.

Дұспаннан достық күтпе жарастым деп,

Ежелгі ішкі кегі қалыспайды.

Қозғал елім, қолыңа ал осы айнаны,

Ойламай оқыс кетіп бас пайданы.

Шала өлген шамасы әбден бітіп,

Бойына кірер ме екен жұрттың жаны.

Табылып әрбір елден маслаклары,

Мекен қып иеленсе асыл тауды.

Басқаға арзан қазаққа қандай қымбат,

Жайылған жұртқа бірдей ғылым пәні.

Ел соңында есейіп ел болар ма,

Қазақтың қайнамаған ішкі қаны?!

♦ ♦ ♦

Қалақша қар бұзар ма күрегенмен,

Етке өтпес ағаш пышақ ірегенмен.

Жаманды жақыным деп тұтпа қайрат,

Болмайды құрай бақан тірегенмен.

Қанша алса қайыршыда қанағат жоқ,

Шықпайды екі бүйірі тілегенмен.

Болмайды қарға сұңқар ешқашанда,

Үстінде алтын тұғыр түлегенмен.

Аузынан сөз, қолынан іс өнбесе,

Пайда не құр үзеңгі шіренгенмен.

Түбінде бір кәдеге сол жарайды,

Мін ұстап әрбір сөзден іле берген.

Қарасын ешнәрсенің білмей тұрып,

Қалмайды итте сүйкім үре берген.

Көңілге алғаныма жеткенім жоқ,

Бір адам мендей болар жүре берген.

Жамағат сен тыңдасаң айтамын сөз,

Адамның біреуі алтын, біреуі жез.

Әрқашан жолдас болсаң жақсымен бол,

Бағаңды кетіреді қор менен ез.

Бұлғақтап асау кердең жүргенменен,

Алдыңда құрулы тұр бір қайың тез.

Қызыл гүл Иран бағы көшер бір күн,

Жаманнан шамаң келсе бір күнде без.

Мизамға жаман адам жөн келмейді,

Өзіне еш адамды теңгермейді.

Сөзіңе айтып тұрған құлақ салмай,

Өзім ақ білемін деп өңмендейді.

Болған соң қара көңіл амал бар ма,

Соларға өкпе айтқанмен түк өнбейді.

Жақсы адам жат кісіні дос қылады,

Жаман адам дауға дау қостырады.

Жаманды ертіп қасыңа аңға шықсаң,

Бұғып жатқан аң болса бастырады.

Бұл дүние ойлы жанға емес жолдас,

Ойсыздар бұдан шетін кетсе болмас.

Тасыған жас шағыңда судай көңілің,

Жетектеп нәпсі шіркін бұзбай қоймас.

Болғанда ақыл дария нәпсі зындан,

Бұларға дүниені құйсаң толмас.

Жабыға жал біткенмен тұлпар болмас,

Ақылсыз асыл сөзге іңкәр болмас.

Жапалақ жүні қызыл болғанымен,

Қаз ілер айдын көлден сұңқар болмас.

Жас өмір жанып тұрған алқызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.

Жастық шағың жауқазын желбіреген,

Өмірдің мағынасын түсіне біл.

Ән салдым жаскүнімнен сал болған соң,

Бойымда бозбалалық бар болған соң.

Қаракөз айналақтап шыға алмайды,

Қонақ көп үйдің іші тар болған соң.

Жеңгесі сыртта тұрып сөйлеседі,

Жасырын үйдің арты жар болған соң.

Отырып қалқажанды біраз күттім,

Қарамай қайта кету ар болған соң.

Қалқатай көп күттірмей тезірек шық,

Әлі-ақ өзің келерсің зар болған соң.

Қайтамын қайтіп тастап сені қиып,

Қып-қызыл екі бетің қан болған соң.

Шарықта шамаң барда бозбалалар,

Қолыңнан түк келмейді шал болған соң.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button