Сервис сапалы болу керек
Облыста туристік саланың даму қарқыны – әсте-әсте. Бұған әлеуеті бар облыстың негізгі туристік орталықтары – Қарағанды қаласы, Қарқаралы ауданы, жағажай туризмін дамыту орталығы – Балқаш көлінің жағалауы. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қазандағы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысындағы тапсырмасына сәйкес, туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері Балқаш қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасына енгізілген. Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде құзырлы мекеме өкілдері аймақ басшысына ағымдағы ахуал жайлы баяндады.
Былтырғы деректер облыс 360 мыңнан астам туристі, оның ішінде 16 мыңға жуық шетелдіктерді қабылдағанын айғақтады. Биыл сандар еселенеді деп күтілуде. Мақсатқа жету жолында демалыс орындары абаттандырылып, Алматы мен Астанадан Балқашқа күнделікті рейстер ұйымдастырылды. Мұнымен бірге, облыс тұрғындарының өтініші бойынша «Қарағанды-Балқаш» пойызының вагондар саны едәуір артқан.
Аппараттық жиында туризмді дамыту туралы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев баяндады. Оның айтуынша, Балқашта 68, Қарқаралы ауданында 15 демалыс орны бар.
– Туризмді дамытудың негізгі нүктелері – Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы. Балқашта абаттандыру, инфрақұрылымды дамытып, туристер қош көрерлік жағдайды жақсарту мәселелері үнемі бақылауда. Бертіс шығанағындағы туристік нысандарға электр желілерін тарту, су және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Биыл қала жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды, – деді Дастан Құдабаев.
Шілде айында Балқашта JasArtsFest музыка фестивалі мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Рух желкендері» регатасының өтуі жоспарланған.
Қарқаралы өңірінде де туризм саласын дамытудың Жол картасын әзірлеу басталды. Кәсіпкерлік басқармасы басшысының айтуынша, бұл іспен Урбанистика орталығы айналысуда.
– Жол картасында Қарқаралы бөгетінің іргелес аумақтарын, Қаратөбе учаскесіндегі тоғанды абаттандыру, Қарқаралыдан Бұғылы шатқалы мен Үлкенкөл курорттық аймақтарына электр желілерін, автомобиль жолын, су құбыры мен кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарастырылған, – дейді спикер.
Қала маңындағы туризмді дамытуға да көңіл бөлінуде. Қарағандының төңірегінде азаматтардың бос уақытын өткізетін 75-ке жуық орын бар. Демалыс күндік турлар бар. Абай ауданы, Топар ауылындағы қоғамдық жағажайды жабдықтау жоспарлануда.
Биыл Балқашта, Қарқаралы, Бұқар жырау және Нұра аудандарында туризм саласында сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
– Туристік әлеуетті дамыту үшін жол бойындағы сервистік нысандардың жетіспейтін инфрақұрылымын дамыту қажет. Демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударған жөн, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz