«Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Қазір егін орағының нақ қызған шағы. Осыған орай, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының өкілдері облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорнына баспасөз турын ұйымдастырып, фермерлерге арналған жаңа онлайн-сервисті таныстырды. Тоқталайық.

Президент талабы
Ауыл шаруашылығы саласында табыстың кілті – қаржыландыру механизмдерінің тиімді жаңаруы мен оңтайландырылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет былтыр желтоқсан айынан бастап шаруаларға жеңілдетілген несиелер легін беруді қолға алды. Шарапатты шара, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тың мүмкіндік туғызды. Жаңа қаржыландыру жүйесі арқылы шаруалар қауымы қажетті ресурстарды алдын ала сатып алу мүмкіндігіне ие болды, бұл олардың егін егу, егін жинау және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын уақытылы әрі тиімді жүргізуіне игі ықпал етеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін фермерлер үшін тұрақты қаржылық қолдау мен тиімді несие шарттары жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен еді.
Қаржыландыру жүйесіндегі өміршең өзгерістер фермерлердің егіс алқабындағы жұмыстарын уақытылы бастауына әрі техникаларын жаңартуға көбірек септеседі. Сайып келгенде, мұның бәрі өнімділікті арттыруға, шығындарды азайтуға және шаруашылықтарды тұрақты дамытуға сеп. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен жеңілдетілген несиелер ауыл шаруашылығы саласын жаңа белестерге көтеруге, оны тұрақты әрі тиімді дамытуға бағытталған нақты қадам екендігі анық.
Биылғы 1 қаңтардағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларының жалпы саны 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені мен басқа да техника түрлерін қамтыған. Көзайым көрсеткіш еліміздің аграрлық секторындағы жаңартудың оң динамикасын айғақтады. Әсіресе, 2024 жылы техниканы жаңарту деңгейі 5,5%-ға жетіп, өткен жылдар көрсеткішінен айтарлықтай үстем түскен. Ал, 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 9%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл – республиканың ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңғырту бағытындағы нақты қадамдардың бірегей нәтижесі деп бағамдарлық меже. Тұтастай алғанда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артқан. Үздіксіз өсімге елдің ауыл шаруашылығын дамыту үшін бөлінген қаражаттың арқасында жетілдірілген қаржыландыру механизмдері мен жеңілдетілген лизинг бағдарламасының ықпалы зор. Бұған дейін «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 250 млрд теңге бөлініп, 6 000-ға жуық жаңа техника сатып алынуы көзделген. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы өтінімдерді қабылдауды бастағаннан бері 129 млрд теңгеден астам сомаға 3 500-ден аса өтінім келіп түсті. Ал, 85,7 млрд теңгеге 4 580 техника жеткізуге 2 400 шарт жасалды. Осындай оңтайлы қаржыландыру схемалары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің заманауи техникаға қол жеткізуін жеңілдетіп, олардың өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізді.
Егіс науқанында жаңа заманауи техникалар белсенді түрде пайдаланылып, астық танабын 70%-ға дейін қамтыған 5,6 мың егіс кешені жұмыс істеді. Қазіргі кешендер дәлдік егіншілік жүйелерімен жабдықталған, яғни, GPS, автопилот, тұқымдарды дәл себу, тыңайтқыштар мен гербицидтерді қолданудың тиімді жүйелері арқылы егіннің өнімділігін арттыруда зор рөл атқарады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы мұндай технологиялық жаңартулар мен инновациялар аграрийлердің жұмысын жеңілдетіп, олардың өнімділігін арттырып, аграрлық сектордың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде.
Сандық шешімдер шарапаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру туралы айтқан сөздері тек ұран ғана емес, нақты іске асатын жоспарға айналды. Биылғы егін орағының кезіндегі жасалған реформалардың әсерін көріп отырмыз. Өндірістік үдерістердің тиімділігі артып, егін алқаптарын өңдеудің мерзімі қысқарып, аграрийлердің жұмысы жеңілдегенін байқаймыз.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, аграрлық сектордағы тұтынушыларға жан-жақты қолдау көрсететін сенімді серіктес. Мақсаты – мемлекеттік қолдау құралдарының нақты нәтижелерін айқын көрсету, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін талқылау әрі фермерлерден кері байланыс алу. Өңірлерге баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Осакаров ауданының аумағында орналасқан дәнді және майлы дақылдарды өсіруге маманданған «YUGER2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандарымен жүздесті. Биыл атаулы компания 13 мың гектардан астам жерге егін еккен. Мұның қатарында 10 мың гектардан астам бидай, 2 мың гектар зығыр, 1 мың гектар жасымық және басқа да дақылдар түрлері бар. Компанияда 44 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа техника арқасында фермерлер қысқа мерзім ішінде үлкен көлемдегі егістік алқаптарды өңдеуге мүмкіндік алған. Компания болашақта өз қызметін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл үшін жаңа техника мен технологияларға инвестиция салуды жалғастырып, ауыл шаруашылығындағы тиімділікті арттыру мақсатында инновациялық шешімдерді енгізуді көздейді.
Иә, күзгі егіс науқанының ең басты серігі – жаңа заманауи техника. Теңдессіз техника фермерлерге қысқа мерзім ішінде кең алқаптарды тиімді өңдеуге өріс сыйлайды. Мысалы, аптап ыстықта ауа баптағышы бар комбайнға кіріп еңбектенудің өзі бір ғанибет. Қазіргі таңда, алқаптардағы еңбек өнімділігі артып, әр жұмысшының уақытты үнемдеп, сапалы өнім алуына игі ықпал етуде. Жаңа техникалар мен технологиялар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Әлбетте, бұл өз кезегінде өндіріс тиімділігін арттыруға және жергілікті аграрийлердің жұмысын жеңілдетуге мейлінше мүмкіндік туғызып отыр.
Кәсіпорын өкілдері өз қызметі туралы айтып, өндірістік нысандармен, алқап, астық қоймаларымен және қызметкерлерге арналған жаңа жатақхананы көрсетті. Талқылауға облыстың әртүрлі аудандарынан келген фермерлік шаруашылықтардың өкілдері қатысты. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев қатысуымен кездесу өтіп, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке рәсімдеуге арналған жаңа онлайн-сервис таныстырылды. Бір пайдалысы, бұрынғыдай ұзақ-сонар кезекке тұру мен алыс шақырымдарды бағындырмай-ақ, кез келген қарапайым шаруа ісін дөңгелету үшін үйіндегі компьютер тінтуірімен-ақ құжаттарын тапсырып, жаңа техникаға өтініш бере алады. Небәрі 10 минуттың ішінде келісім берілген жағдайда қолданушы қажетті техникасын рәсімдей алады. Техниканы алған фермерлерге салтанатты түрде кілттер табысталады. Технологияның жаңа мүмкіндіктері фермерлердің өтінім беру үдерісін жеңілдетіп, қажетті техникаларды алуға жол ашады.
– Жыл сайын дәнді дақылдардың ассортиментін байыту үстіндеміз. Серіктестік бес жылдан бері ісін дамытып келеді. Егіс алқабы – 12 324 гектар. Ісімізді мейлінше әртараптандыруға күш салып келеміз. Әлбетте мұның барлығы мемлекеттің жан-жақты қолдауының негізінде іске асып жатады. Қолданыстағы техника атаулысын қызметкерлерімізге барынша жайлы да қолайлы болуы үшін жаңартып тұрамыз, – дейді «YUGER2023» серіктестігі директорының орынбасары Михаил Волокушин.
Қағазсыз құжат құпиясы
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының жаңа онлайн-платформасының таныстырылымы демекші, аталған инновациялық жүйе фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржыландыру алу үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді. Таныстырылым барысында компанияның қызметкерлері нақты уақыт режимінде өтінім беріп, бірнеше минут ішінде дайын шешімді көрсетіп, қатысушыларды таңғалдырды. Онлайн жүйенің басты ерекшелігі, қағаз түріндегі құжаттарды рәсімдеу қажеттілігін жоққа шығаруы. Жаңа сервис барлық рәсімдерді электронды форматта жүргізуге мүмкіндік беріп, фермерлердің уақытын үнемдейді әрі құжаттарды жинау мен өңдеу процесін айтарлықтай жеделдетеді. Мұның өзі, әсіресе, егін жинау науқаны секілді тығыз уақыттарда аграрийлер үшін үлкен артықшылық.
Компания өкілдері оңтайлы онлайн-платформаның тиімділігі туралы айта отырып, «ҚазАгроҚаржы» жүйесінің мақсаты тек техникаларды сатып алуды қаржыландыру ғана емес, сонымен қатар, фермерлерге қолжетімділікті арттыру, өтінім беру үдерісін жеңілдету және цифрлық шешімдерді ұсыну екенін жеткізді. Сенімді сервис – жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысын жақсартуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған нақты қадам. Платформаның артықшылығы – веб-бағдарлама тек уақытты үнемдемейді. Мұнымен бірге, фермерлердің өз өтінімдерін дер кезінде әрі дәл өңдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолданысқа енгізілген жаңа технологиялар аграрийлер үшін ауыл шаруашылығы саласын заманауи деңгейге көтеруге зор ықпал етуде.
Осы орайда облыс ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға жоғары сұраныс бар өңірлердің қатарында тұрақты түрде көш бастап келетінін айтып өту маңызды. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының өкілдері ұсынған ресми деректеріне сәйкес, 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне шамамен 89,2 млрд теңге инвестиция салынған. Түп нәтижесінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 5 300-ден астам техника сатып алу мүмкіндігіне ие болып, өңірдің аграрлық секторының дамуына елеулі үлес қосты.
– Қарағанды облысының аграрийлері өндірісті жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Біздің фермерлер лизингтік бағдарламаларды белсенді түрде пайдаланады және биылдың өзінде айтарлықтай оң динамиканы байқап отырмыз. Өтінімдер саны сенімді түрде артуда. Ерекше атап өтерлігі, шаруашылықтар негізгі назарды заманауи тракторлар мен комбайндарға аударып отыр. Бұл тікелей егіс және орақ науқандарының тиімділігіне оң әсер етеді. Мақсатымыз – тек қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ, өтінім беру үдерісін барынша жеңіл әрі ыңғайлы ететін заманауи цифрлық шешімдерді аграрийлерге ұсыну, – деп атап өтті Еркебұлан Жұмжаев.
Ал, жыл басынан бері компания филиалына жалпы сомасы 15,3 млрд теңгені құрайтын 997 техника бірлігіне қаржыландыруға өтінім түскен. Бүгінге дейін 763 техника бірлігін сатып алуға арналған шарттар жасалып, жалпы құны 11 млрд теңгені құраған. Өз кезегінде фермерлер 5% жылдық мөлшерлемемен берілетін жеңілдікті лизингке орасан қызығушылық таныту үстінде. Аталған бағдарлама аясында жалпы құны 10,5 млрд теңгеден асатын 742 техника бірлігін алу қаржыландырылды. Бүгінде облыстағы «ҚазАгроҚаржы» филиалы 1 100-ден астам клиентке қызмет көрсетіп отыр.
– Біздің Қарағанды облысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалымен өте тығыз әріптестік байланысымыз бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанында агроөнеркәсіптік кешен комитеті жұмыс істейді, онда біз саланың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Жалпы, еліміздің барлық өңірлерінде палатаның филиалдары бар. Онда біздің кеңесшілер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге құжаттарды жинап, өтінімдерді толтыруға көмек көрсетеді. Егер фермерлерде қандай да бір сұрақтар туындаса, олар біздің филиалға жүгіне алады. Біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Қазық
Сонымен, «ҚазАгроҚаржы» ұран еткен «Жерге – техника, жүрекке – күш!» деген қанатты сөзді осы күнде әрбір фермер өзінің күнделікті еңбегінде терең сезінеді. Өйткені, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы тек жер мен техниканың көмегімен ғана емес, жаңа технологиялар мен цифрландырудың ересен күшін пайдаланып, өздерінің зор мақсаттарына қарай қадам басуда. Елімізде ауыл шаруашылығын жаңғырту мен тиімділігін арттыру бағытындағы өміршең реформалар мен мемлекеттік қолдау шаралары бірқатар оң өзгерістерді өзімен қоса алып келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтқандай, ауыл шаруашылығының болашағы тек реформаларда ғана емес, сонымен қатар, сол реформалардың тиімді жүзеге асырылуында екендігі ақиқат.
Тың техника мен теңдессіз технологияның біртұтас жүйесі аграрлық секторда үлкен серпіліс тудырды. Мысалы, биылғы егін науқанында қолданылған заманауи егіс кешендері мен агрономиялық технологиялар әрбір фермер үшін жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, өнімділікті бірнеше есе арттыруға салым қосты. GPS, автопилот және дәлдік егіншілік жүйелері арқылы фермерлер енді уақытты үнемдеп, сапалы өнім ала алмақ. Осы жаңашылдықтардың барлығы да ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, аграрлық сектордың тұрақты әрі жоғары өнімді болуына негіз қалап отыр. Өркенді өзгерістер жергілікті шаруалардың бизнесін өркендетуге деген сенімін күшейтуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласы үшін зор қолдау көрсетіліп, кешенді секторды дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралар жүйелі түрде жалғасын табуда. Сондықтан да, болашаққа деген сенім мол.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»