Бас тақырыпБілім

Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тұрақты дамып келеді

Бүгінде еңбек нарығындағы түйткілді түйінді тек дипломы бар мамандар тарқата алмайды. Жұмыс берушілер тәжірибесі бар, кәсіби дағдысы қалыптасқан жас кадрларды талап етеді. Сондықтан, жастарды тек теориялық біліммен ғана емес, нақты өндірістік тәжірибемен де даярлау маңызды. Осы қажеттілікті өтеуде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланыс ерекше маңызға ие болып, дуальды білім беру жүйесі кеңінен енгізілуде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Білім басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тұрақты дамып келеді. Өңірде бүгінде 51 колледж жұмыс істейді. Оның 35-і мемлекеттік, 16-сы жекеменшік оқу орындары. Бұл білім беру ұйымдарында 126 мамандық және 178 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Қазіргі уақытта облыс колледждерінде 33 647 студент білім алуда. Оның 26 305-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыса, 7 842 студент ақылы бөлімде оқып жатыр. Сонымен қатар, кәсіпорындардың нақты сұранысы бойынша жұмысқа орналастыру міндетімен 1310 студент білім алуда. Бұл көрсеткіштер өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімделе дамып келе жатқанын көрсетеді.

– Колледждер мен кәсіпорындардың өзара ынтымақтастығы студенттердің сапалы білім алып, практикалық дағдыларды меңгеруіне кең мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысып, өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыруға қолдау көрсетеді. Мұндай серіктестік студенттердің нақты өндірістік ортада тәжірибе жинақтауына және болашақ мамандығын іс жүзінде меңгеруіне ықпал етеді. Нәтижесінде түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі артып, кәсіпорындар қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етіледі. Өңірде дуальды білім беру жүйесі де белсенді түрде енгізіліп келеді. Дуальды білім беру – студенттердің теориялық білімді колледжде алып, практикалық дағдыларды кәсіпорын базасында меңгеруіне негізделген оқыту моделі. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 37 колледжде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылып, оған 8 132 студент қатысуда. Сонымен қатар, 473 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Бұл жүйе студенттердің оқу барысында өндірістік тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына дайын маман болып шығуына мүмкіндік береді. Қарағанды облысы индустриялық өңір болғандықтан, еңбек нарығында техникалық және өндірістік бағыттағы мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, энергетика, құрылыс, дәнекерлеу ісі, өнеркәсіптік өндіріс, инженерлік және IT бағытындағы мамандарға қажеттілік артып келеді. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуы, жаңа өндірістердің іске қосылуы және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы осы салалардағы мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты колледждерде аталған бағыттар бойынша кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінуде, – деді білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

Басқарма дерегінше, 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы колледждерді 9 028 жас маман тәмамдаған. Бүгінде олардың 6 230-ы, яғни шамамен 69 пайызы бірден тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 4 407 түлек өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Бұл оқу бағдарламалары мен өндіріс талаптарының өзара үйлесімді екенін көрсетеді. 409 түлек жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруды немесе әскери қызмет атқаруды таңдаған. Ал, 218 түлек шетелде тәжірибе жинақтауды жөн көрген. Қазіргі уақытта 2 145 түлек жұмыс іздеу үстінде. Жалпы алғанда, өңірдегі колледж түлектерінің басым бөлігі еңбек нарығында сұранысқа ие болып, облыстың кадрлық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қосып отыр.

Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне де кең мүмкіндіктер қарастырылған. Колледждер мен кәсіпорындар арасында жасалған келісімшарттар негізінде студенттер өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді.

Қазіргі уақытта облыстағы колледждер 473 кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Дуальды оқыту жүйесі арқылы студенттер оқу барысында өндірістік ортада тәжірибе жинақтайды.

Жәйрем кен байыту комбинаты мамандармен жұмыс істеу қызметі бастығының орынбасары Айнагүл Шайхина өндіріс саласындағы кадр тапшылығына тоқталды.

– Біздің комбинатта кен байытушылар, металлургтер, өндірісті автоматтандыру мамандары жетіспейді. Тау-кен саласының мамандары да қажет. Басты талабымыз – базалық білім. Тау-кен ісі химиядан басталады, әрі қарай есептеу, жоспарлау секілді күрделі үдерістер бар. Сол бағыттарды меңгеріп, дамуға дайын жастар керек, – деді ол.

Амина Абижанованың айтуынша, колледжде алған білімі қазіргі жұмысында өз жемісін беріп отыр.

– Теориялық білім мен тәжірибелік дағдылар кәсіби қызметінде үлкен көмек көрсетті. Жұмысқа орналасу барысында айтарлықтай қиындықтар болмады, себебі алған білімім еңбек нарығында өз орнымды табуға мүмкіндік берді. IT мамандығын таңдауы да жұмысын жеңілдеткен. Қазіргі таңда интернет сервистер мен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқандықтан, бұл саладағы білім кәсіби қалыптасуыма тікелей әсер етті. Түрлі бағдарламалармен еркін жұмыс істеу күнделікті тапсырмаларды жылдам әрі тиімді орындауға көмектесті, – деді ол.

Сонымен қатар, бұл сала ең алдымен компьютерді еркін қолдана білуді талап ететінін атап өтті. Себебі, бүгінгі цифрлық дәуірде көптеген жұмыс процестері мобильді қосымшалар мен компьютерлік бағдарламалар арқылы жүзеге асады.

Ол қазіргі таңда да ізденіс үстінде екенін айтты. Алған біліммен шектелмей, оны үнемі жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеру маңызды деп санайды. Колледжде алған біліміне оң бағасын беріп, болашақта студенттерге әлемдік деңгейде қолданылатын бағдарламаларды көбірек оқытса деген ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін IT мамандарын жан-жақты, заманауи құралдармен және терең біліммен даярлау қажет.

Колледждердегі білім беру бағдарламалары да еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылып отырады. Бүгінде жұмыс берушілердің қатысуымен 133 білім беру бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарламалар студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған. Жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру мақсатында өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында гидротехникалық құрылыс және мелиорация бойынша Құзыреттер орталығы ашылған. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде «Ақылды үй» зертханасы іске қосылса, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде студенттердің кәсіпкерлік және кәсіби дағдыларын дамыту мақсатында «Coffee Time» брендімен студенттік дәмхана жұмыс істейді.

Облыстың алты колледжі халықаралық аккредиттеуден өтіп, білім беру бағдарламаларының халықаралық талаптарға сәйкестігін растады. Өңір студенттері кәсіби шеберлік чемпионаттарына да белсенді қатысып келеді. «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алып, 5 алтын, 7 күміс және 14 кәсібилік медальонын жеңіп алды. Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін «Abilympics Karaganda» II өңірлік чемпионаты ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде де өңір студенттері жоғары нәтижелер көрсетуде. 2025 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен WorldSkills China чемпионатында Қарағанды облысының студенті «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша бірінші орын алса, Абу-Дабиде өткен EmiratesSkills чемпионатында өңір студенті «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреті бойынша күміс медаль иеленді.

Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова да айтып өтті.

– Қазіргі уақытта колледжіміз аймақтағы бірқатар кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Біз өндіріс орындарымен меморандумдар мен келісімшарттар жасасып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отырмыз. Сонымен қатар, кәсіпорын мамандары оқу процесіне қатысып, тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізеді. Дуальды білім беру жүйесінің басты мақсаты – студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыру. Бұл жүйе студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Студенттер оқу барысында өндірістік ортаға бейімделіп, нақты жұмыс процесін меңгереді. Соның нәтижесінде олар еңбек нарығына дайын, тәжірибесі бар маман ретінде қалыптасады. Қазіргі уақытта техникалық және өндірістік бағыттағы мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, логистика, электрмонтаж, дәнекерлеу, механика және өндірістік технологиялар салаларындағы мамандар аса қажет, – дейді ол.

Өндірістік тәжірибе оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылып, студенттер кәсіпорындарда тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен жұмыс істейді. Кәсіпорын өкілдері оқу бағдарламаларын әзірлеу мен жаңартуға да қатысады. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі жыл сайын артып келеді. Көптеген студенттер өндірістік тәжірибеден өткен кәсіпорындарда жұмысқа қабылданады. Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңарту, жаңа оқу зертханаларын ашу, сондай-ақ, кәсіпорындармен серіктестікті нығайту көзделген.

Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы тиімді ынтымақтастық студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бүгінде дуальды білім беру жүйесінің дамуы, өндірістік тәжірибенің кеңеюі және жұмыс берушілердің оқу процесіне белсенді қатысуы жас мамандардың еңбек нарығына тез бейімделуіне жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтып, экономиканың тұрақты дамуына да оң әсерін тигізеді.

Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button