Серіктер салған ізбенен…
Қарағанды зерттеу университетінде бокстан КСРО Кубогының иегері, Азия чемпионы, Атланта Олимпиадасының қатысушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бектас Әбубәкіров пен бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионы, КСРО спорт шебері Елеусіз Қыдыралинді еске алуға арналған жасөспірімдер және кіші жасөспірімдер арасында ІІ Қарағанды облысының ашық біріншілігі өтті. Аталған турнирге 13 өңірден 185 спортшы қатысып, 17 салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Афинада өткен ХХVIII жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, Қарағанды облыстық бокс мектебінің басшысы Серік Елеуов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бокстан КСРО спорт шебері Елеусіз Қыдыралин – Қарқаралы ауданы Бейбітшілік ауылының тумасы. Спортқа сегізінші сыныпта келіп, ерекше қабілеттерін көрсете бастады. 1990 жылы жасөспірімдер арасында өткен облыстық спартакиядасының жеңімпазы, Қарағанды қаласында өткен ересектер арасында Қазақстан біріншілігінің жүлдегері атанып, 63,5 кг салмақ дәрежесінде Ұлттық құрама командасының мүшелігіне өтеді.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бектас Әбубәкіров – Қарқаралы ауданы Томар ауылында дүниеге келген. Алғашқы жаттығуларын 10 жасында Томар ауылындағы бокс үйірмесінен бастаған. Ол 20 жасында ТМД біріншілігінің күміс жүлдегері атанады. Оған қоса, бокстан КСРО кубогының иегері, Ташкентте өткен Азия чемпионатының жеңімпазы және 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қатысушысы.
– Қос спорт саңлағын еске алу мақсатында өңірде жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасында былтыр бокстан Қарағанды облысының ашық біріншілігі ұйымдастырылған болатын. Бүгінде игі бастама жалғасын тауып, кіл мықтылардың басын қайта қосты. Турнирдің мақсаты – жас спортшыларды спортқа баулу. Әрі саламатты өмір салтына тәрбиелеп, жас-жеткіншектердің спорттық дәрежесін шыңдау. Өмірден өтіп кеткен ағаларын есте сақтап, еңбегі мен ерлігін жас спортшылардың бойына сіңіру. Келесі жылы демеушілердің қолдауымен республикалық деңгейде өткізсек пе деп отырмыз. Алдағы 4-5 жылда халықаралық деңгейде өткізуіміз әбден мүмкін. Осы турнирдің өтуіне басқарма басшысы мен облыстық бокс федерациясына алғыс білдіреміз. Одан бөлек, оқу орнында дайындалатын балалардың ата-аналары да қолқабыс етті. Осы спортшылардың арасынан Әлем, Олимпиада чемпиондары шығады деп үміттенеміз. Бұл жол – оңай жол емес. Спорт болған соң еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді, – деді бас төреші, AIBA халықаралық санатындағы үш жұлдызды төреші Қуаныш Қауашов.
Биылғы жарыс былтырғыдан өзгерек. Қатысушылардың да қарасы қалың. Әрі сыйақы мөлшері де артқан. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық беріледі. Бұдан бөлек, спорттық киімдер мен спорттық жабдықтары сыйға табысталады. Айта кетейік, Бектас Әбубәкіров, Елеусіз Қыдыралиннің отбасы арнайы ақшалай жүлде бәске қойды.
Жарыс қорытындысы бойынша, Томар ауылының атынан шыққан 54 келі салмақта Бекнұр Абдыхан қарсылас шақ келтірмеді. Ал, 63,5 келі дәрежесіндегі Елеусіз Қыдыралиннің жүлдесі жарыс ережесі бойынша болмағандықтан, 60 келідегі боксшыға берілді. Бұл салмақта жұдырықтасқан Кеңпейіл Айтбек үздік шықты. 37 келіде бақ сынаған Әли Нағашыбекке «Үздік техникасы үшін», 49 келідегі Дамир Атамбаевқа «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлық табысталды.
Гүлім НЕСІПБЕКОВА,
Қарағанды зерттеу
университетінің ІІ курс студенті