Серік шығармашылығындағы Сарыарқа
ХХ ғасыр адамзат тарихында өркендеу сипатымен белгіленгенімен қоса опаттарға, есепсіз адам шығындарына, қоғами қайшылықтарға, түрлі қайғылы-қасіретті оқиғаларға толы болған. Осы қасіретті-дүрбелең жылдары қазақ халқы да орасан зор құрбандықтар мен мұңлы, шерлі күндерді басынан өткізді. Соғыстардағы адам өлімі түсінікті құбылыстар болғанымен, қазақ даласында Кеңес үкіметі басшыларының қатыгез, опасыз, қитұрқы, дәрменсіз саясаттарының салдарынан 4 миллионға жуық қазақ ұлтының үлкенді-кішілі өкілдері азап өліміне душар болды.
Қуғын-сүргін заманында да мыңдаған қазақтың оқып-жетілген бетке ұстар адал ұлдары атылып, жүздеген мың кінәсіз жала жабылғандар «итжеккенге», Солтүстік мұзды мұхит жағалауына айдалды. Біразы жан ұшырып, ұрпақ келешегін ойлап, оларды аман-есен алып қалу үшін, ойға-қырға жөңкілуге, тіпті шетел асуға мәжбүр болды. Соны ойласақ, қазақтың құрбан болған дарабоз ұлдары Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бастаған арыстар еске түседі. Сонымен қатар, Сарыарқаның кең даласында жалпы халқымызға төнген қиын-қыстау кезеңдерде жан азабын шеге жүре бас көтеріп, олардың тәлкекке ұшыраған қамын ойлап, белсенді іс-әрекет жасап, ақиқатқа толы зарлы өлең-жыр айтып, жұртты жігерлендірген, аяусыз-қатқуыл саяси кезеңде «түсінікті саяси себептермен» аттары аталмай, елеусіз қалып келген талай дарынды ақжүрек ақындар болған.
Осы орайда, профессор Серік Негимовтың үлкен адами және ғылыми ерлігі – аталған ақындардың өлең-жырларын жан-жақтан тірнектеп жинауы еді. Ол үлкен ізденістердің арқасында бүкіл Қазақстанды шарлап, «жоқтан бар жасап», одан қолы зорға жеткен қолжазбалар мен көнекөз қариялардың, көкірегі ашық ұлтжанды азаматтардың аузынан естіген өлең-жырларды қағазға түсіріп, біразын «жабық архивтерден» жазып алып, жіті зерттеп, сол ақындардың еңбегіне шынайы баға беріп, еліміздің әдеби мол қорына, зерек оқырман кеңістігіне «Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы» атты көлемді монографиясында кең қамтылған деректерді қалың жұртшылық назарына ұсынған. Бұл монографияның басты тұлғасы – Қарағанды облысы, Шет ауданының тумасы, ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы саналғанымен, онда, Сарыарқада өмір кешкен ақын-жырау, дүлділдер туған атамекенін жырлаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Шортанбай, Доскей, Біржан сал, Кенішбаймен қоса Орталық Қазақстан өңірінен шыққан ақындар Майасар Жапақұлы, Түсетай Қоржынбайұлы, Зәру Әлиев, Ермағанбет Асаубайұлы, Қами Ахметов, Сейпілқазы Әптиекұлы, Рысқұл Жақанұлы, Сейдіғалы Қамиақпарұлы, Ақыжан Мұқашұлы, Қасен Нарымбекұлы, Кәмила Түсіпбекқызы, Сәбит Адамияұлы туралы да мұқият әдеби талдау жасалған. «Бұларды ақын еткен, гөй-гөйлетіп сөйлеткен – тар заманның қиянаты» деп, ақындық дарынның туындауының басты себептерін әділ атап өткен С.Негимов. Онымен бірге, ғалым бұл ақындардың соңғы легі өлең құрамы, дәстүрі мен стилі бойынша Арқаның белгілі ақындары Шашубай, Әсет Найманбаев пен басқалардың салып кеткен сара жолын үлгі еткенін айқындап, бетін ашқан. Бұл еңбекте: шыншыл, өткір Шортанбай ақынға арналған тұстарында, оған – «төкпе жырдың дүлдүлі» деген ерекше теңеу берілген.
Жалпы Сарыарқа ақындық өнеріне аса жоғары баға бере отыра, С.Негимов өзінің аталған еңбегінде олардың өлең, дастандарын жан-жақты саралап, мынадай қорытынды сипаттама берген: «Ақиқатында, Сарыарқа – таңдайына бұлбұл ұя салған балкөмей өнерлілер мен ғайыптан сыр жеткізген дарындылардың алтын ордасы! Сұлулықтың мекені». Сөз жоқ, бұл – асыл ой-пайым, өлең өнері тарихында алтын әріппен жазылатын тамаша тұжырым.
Осыған жіті көңіл бөлейік, зерделі замандас! Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы (1862- 1934) саналы өмір кешкен уақыт қоғамдағы шытырман талас-тартыс кезеңімен тұспа-тұс келеді. Оңынан да, солынан да қыспақ көрген, аштықты да, жалаңаштықты да сезген, жақын-жуықтан айырылған халықтың қасіреті шыншыл ақынның жүрегін жараламай өтпеді: олар оның ақындық дарынын өршелендірді. Мысалы, Сәрінжіп ақын:
«Көрмеймін деп едім,
Шыққыр көзім не көрдің?
Қайран қазақ баласы,
Ажалыңнан өлмедің.
Біреуге себеп болар ма ем,
Ерте неге келмедім?
Осынша қазақ баласын
Бір оқпенен атады деп
Айтқандарға сенбедім», – деп, ашына жырға қосқан.
Ел басына қиын-қыстау ауыртпалық түсіп, қалың жұрт алтын дала Сарыарқадан еріксіз жер ауу салдарына душар болғанда, Сәрінжіп ақын «Сарыарқа» дастанында:
«Сарыарқа, қалғаның ба,
қайран мекен,
Оралып қайта айналып
келер ме екем?
Үшқойтас, Сарыоба мен
Мұқыр өзен,
Сендерді басқа жерден
табар ма екем?
Жөңкіліп жаудан үркіп аумаса ел,
Еркімен жерін тастап,
ел кеткен бе?»
Туып өскен ыстық Сарыарқасын қимай кетіп бара жатқанын ақын былай суреттейді:
«Қос Арап, Босаға мен
Шөл Қараоба,
Көрік беріп тұрсың-ау сар далаға.
Осындай қызықты жер
артта қалды,
Алдымыз толған адыр,
толған оба».
Осыларды елестете келе, ақынның жүрегінде туып-өскен кең даласына арналған махаббаты, үміт оты сөнбейтініне сенімді, сондықтан:
«Сарыарқа, қалдың кейін
Кербетеге,
Себепсіз мекенінен ел кете ме?
Қош енді, қайта айналып
көргенімше,
Туған жерге жалғанда жер жете ме?!» деп түйіндейді.
Осы дастанда жергілікті таулар, өзендер, көлдер, бұлақтардың 95 атауы анық аталып, суреттелген. Өз басым осы табиғи жаратылыстарды 1969-1971 жылдары Қарағанды облысы, Шет аудандық прокуратурасында тергеуші болып қызмет атқарып жүрген кезімде, олардың көбісін өз көзіммен көріп, ал халық ақындары туралы ауыз-екі естеліктерді естіп, тебіренген шақтарым болған еді.
Ақшатаулық ақын Сәбит Адамияұлы (1940-1983) Сарыарқаны әсерлі бейнелей келе былай деді:
«Айғыржал, құлан жота
қырқалардың,
Әрқайсы әсем жырдың бір парағы.
Көкшенің шынарынан
өпкен бұлттың,
Өзін де тамсандырған
Қарқаралдың»
Шытырман өмір жолын кешкен Зәру Әлиев нақақтан жабылған жала салдарынан мойнына тағылған жазасын Ресей қиыр шығысындағы Воркутада өтеп жүріп,
мына шумақтарды жазған:
«Сарыарқа, орталығың – Баянауыл,
Биік құз, қалың орман Қарқаралы,
Сан ерге ел мен жердің өткен зары.
Кіндігі Сарыарқаның осы жерлер,
Ертеден мекен еткен жұрттың бәрі»
Сарыарқаны ыстық махаббатпен жырлаған Орталық Қазақстан өңірінің аталған ақындарының өлең-толғаулары, ел тарихына қатысты әдеби-мәдени деректері, осы монографияда терең зерттеліп, әр алуан сипаты, айқын сараланған. Аттары аталған ақындардың көркемдік сипаты, биік жыр-толғаулары профессор С.Негимовтың ерен еңбегінің арқасында барша халқымыздың өшпес рухани мұрасы болып қалатыны кәміл.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ, заңгер.