Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған ХІІІ халықаралық турнирде облыс командасы V орынға табан тіреді
Қарағандыда бокстан ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған ХІІІ халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Аталған турнирде 400-ге жуық боксшы өнер көрсетіп, үш күн бойы өзара мықтыны анықтады. Қарағанды облысы атынан 10 ұл және 19 қыз қатысып, облыс қоржынына 18 медаль салды. Оның екеуі – алтын, алтауы – күміс, қалғаны – қола. Осылайша, облыс командасы жалпыкомандалық есепте V орынға табан тіреді.

Аталған турнирдің беделі жыл өткен сайын артып келеді. Қатысушылардың қатары да айтарлықтай көбейіп, дода деңгейі жаңа белеске көтерілуде. Өткен жылы облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте көш басында болса, биыл бұл мәртебеден айырылып отыр.
Дегенмен, аймақтың бокс мектептерінен шыққан спортшылардың табысы көңіл қуантады. Мәселен,
Теміртау қаласындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен алты боксшы бақ сынаған. Нәтижесінде, бір алтын және бір қола жүлде еншілепті. +85 келі салмақта сынға түскен Анель Кугабаева екі жекпе-жек өткізіп, алтыннан алқа таққан.
– Анельдің салмағында төрт боксшы болды. Аз дегенімізбен, олар да тәжірибелі боксшылар. Спортта салмақ ауырлаған сайын соғұрлым қауіп те күшейе түседі. Сол себепті Анельге екінші нөмірлі боксшы болып жұдырықтасуға кеңес бердім. Әрі аяқпен ойнап жүріп, қарсыласын күтіп алу қажет.
Соның шабуылына қарсы әрекет етеді. Менің осы тапсырмамды ойдағыдай алып шықты. Спорт мектебінен апарған бес боксшым да облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы. Бесеуінің біреуі алтын алса, үш боксшым кемі қола жүлдеге ілігеді деп ойлаған едім. Бұйырғаны, бір қола болды. Осы боксшыларыммен алдағы уақытта басқа да турнирлерге барамыз, – деді аталған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қазбек Сахиев.
48 келі салмақта өнер көрсеткен теміртаулық Жасұлан Мұсабеков турнирдің қола жүлдегері атанды. Жас боксшы екі қарсыласын жеңіп, жартылай финалдық бәсеке үшін тартыста қарсыласынан айласын асыра алмады. Ол бұл кезеңде өз- бекстандық боксшымен кездескен болатын.
– Бокспен шұғылданып жүргеніме үш жылдан асыпты. Ал, Сәпиев турниріне алғаш рет қатысуым. Мұнда кіл мықтылар жиналады екен. Бұған дейін 46 келіде жұдырықтасқанмын. Бұрынғы салмағымда республикалық турнирден топ жардым. Осы турнирге жаңа салмақта, яғни, 48 келіге шықтым. Мұнда жаңа қарсыластар. Осал емес. Бірақ, барымды салдым. Алдағы уақытта ел чемпионаты өтеді. Соған бару үшін тыңғылықты дайындалу керек, – деді қола жүлдегер.
Айта кетейік, Жасұлан бұған дейін 46 келіде елордада өткен республикалық турнирден ІІ орын иеленген. Ал, Балқашта өткен А.Апачинскийді еске алуға арналған республикалық турнирден алтыннан алқа таққан. Одан бөлек, бірнеше мәрте облыстық турнирден жүлде салған. Ерлер арасында облыс атынан сынға түсіп, жалғыз алтын алған Майқұдықтағы №76 бокс мектебінің тәрбиеленушісі Андрей Гелм. Ол 80 келі салмақта қолғап түйістіріп, қарсылас шақ келтірмеді. Боксшымыз бұл турнирге де алғашқы мәрте қатысуы екен. Десе де, өз салмағында үш қарсыласын жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейік, бұл турнирге осы мектептің бес спортшысы қатысқан көрінеді. Оның үшеуі жүлдемен оралды. Яғни, мектеп қоржынында бір алтын, бір күміс және бір қола жүлде бар.
– Қарсыластарым осал емес. Алғашқы қос қарсыласымды ұпай айырмашылығымен жеңдім. Ал, ақтық кезеңде қарсыласымды нокдаунға түсірдім. Бокспен шұғылданып жүргеніме жарты жыл да толған жоқ. Оған дейін грек-рим күресімен айналысқанмын. Облыстық, республикалық турнирлерден жүлде иеленгенмін. Бірақ, боксқа қызығушылығым ашылып, қолыма қолғап кидім. Сөйтіп, бар ынтамды салып дайындалдым. Қарап отырсам, жаныма жақыны осы бокс екен. Арада біршама уақыт салып бірден облыстық турнирге қатыстым. Ол жерден І орын иелендім. Сөйтіп, осы турнирге жолдама еншіледім. Нәтижесінде, өзімнің екінші турнирімнен де алтын алдым, – деді боксшы.
Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте алматылықтар көш бастады. Одан кейінгі сатыға Ұлытау облысының спортшылары табан тіресе, үздік үштікті Өзбекстан спортшылары түйіндеді. Ал, IV орынға Тәжік боксшылары жайғасты. Биыл облыс құрамасы өз биігінен сәл төмендеді. Дегенмен, үміт үзілген жоқ. Топ жаратын спортшыларымыз жеткілікті. Демек, биылғы сәтсіздік келер жылғы жеңістің бастауы болар деп түйдік.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген
Александр МАРЧЕНКО



