Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды
Қарағандыда ұлдар мен қыздар арасында бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған ХІІІ халықаралық турнир басталды. Оған әлемнің сегіз елінен 2010-2011 жылы туған 400-ге жуық спортшы қатысуда. Биылғы бәсекеге облыс құрамасы сапында барлық салмақ дәрежесінде 70-ке жуық спортшы қатысуда. Чемпионаттың ашылу салтанатына Серік Сәпиев арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған турнирге қатысушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Осы тұрғыда Серік Жұманғалиұлы:
– Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ия, жыл сайын қатысушылардың қатары артып келеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Дәл осы турнирде шыңдалған спортшы бұдан да байрақты бәсекелерде топ жаратыны сөзсіз.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің директоры Ерден Халилин сөз алып, өңірдегі спорттың жетістігіне тоқталды.
– Біздің елде бокс – бірінші спорт түрі. Құрметті ата-аналар, балаларыңызды спортқа баулыңыздар. Әсіресе, олимпиадалық спорт түрлеріне тартыңыздар. Олай дейтінім, бүгінде Олимпиадалық спорт түрлеріне үлкен қолдау бар. Әрі дәл осы бокске қолдау ерекше. Соған сай ел спортшылары да барған турнирлерінен жүлдесіз қайтпайды. Көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатып жүр. Соңымыздан еріп келе жатқан спортщылар өз тілінде сөйлейтін, ел намысы үшін тырысатын намысты болып өсуі қажет, – деді Ерден Балтабайұлы.

Жарыстың бірінші күнінде шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Арина Словестникова шымкенттік қарсыласынан айласын асыра алмады. Жерлесіміз өзі 60 келі салмақта қолғап түйістірді. Ал, бұл салмақта 13 боксшы бар екен.
– Бокстан осындай ірі чемпионатта өнер көрсетуім — бірінші мәрте. Жалпы, мен кикбокспен шұғылданамын. Бес жыл үзбей дайындалып, бірнеше турнирде өнер көрсеткенмін. Ал, бокс қолғабын киіп, рингкке көтерілуім бірінші мәрте. Қарсыласым осал емес. Бірнеше турнирлерде топ жарған. Биыл тәжірибе жинадым. Енді қателіктеріммен жұмыс істеймін. Келер жылы топ жарамын, – деді Арина.
Айта кетейік, өткен жылы дәл осы турнирден облыс құрамасы төрт алтын, жеті күміс және 14 қола жүлдені иеленіп, жалпыкомандалық есепте І орын иеленген болатын.
Жарыс 25 қазанға дейін жалғасады.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz