Спорт

Сергектік серпін сыйлайды

Кеншілер қаласында жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық турнир өткізіліп келеді. Биыл да аталған доданың жалауы желбіреді. Биылғы мерейтойлық, XXV спартакиадаға аймақтың түпкір-түпкірінен мемлекеттік қызметшілер қатысып, бақ сынауда.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Нақтырақ айтсақ, облыстық біріншілікке жергілікті атқарушы органдардың 200-ге жуық қызметкері, қалалар мен аудан әкімдіктерінің командалары және аймақтық іріктеу кезеңдерінде спорт түрлері бойынша бірінші орын алған басқармалар қатысуда.

Турнирдің жарыс бағдарламасына волейбол, шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту, 3×3 баскетбол сияқты спорт түрлері енгізілген.

– Елімізде саламатты өмір салты мен спорт біріктіруші күш әрі ұлттық идеяға айналып отыр. Мемлекет саясатының стратегия­лық бағыттарының бірі – бұқаралық спорттық қозғалысты кеңейту. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиада – қазір іске асырып жатқан міндетімізге қосатын нақты үлес. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің беделі дене шынықтырумен және саламатты өмір салтымен тығыз байланысты болуы тиіс, – деп атап өтті жарыстың ашылуында облыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов.

Турнир қорытындысы негізінде облысымыздың құрамасы жасақталады. Құрама команда 10-17 маусым аралығында Өскемен қаласында өтетін республикалық біріншілікке қатысып, аймақтың намысын қорғайды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button