Ресми

Сенімнен – нәтижеге: Қарағанды облысы жоғары қолдауды қалай қамтамасыз етті?

Жаңа Конституцияның пайда болуы референдумның ең маңызды нәтижесі. Оны рекордтық белсенділік деңгейінде көпшілік қолдады. Халықаралық бақылаушылар дауыс беру процесінің ашықтығы мен ұйымдастырылуын жоғары бағалап, айтарлықтай құқықбұзушылықтардың болмағанын растады. Референдумның ашық және объективті өтуіоның нәтижелерінің әділдігіне деген сенімімізді едәуір арттырады.

Сурет автордан

Бұл біздің қоғамымыз үшін тарихи жетістік. Бүкіл әлем үшін қиын кезеңде бірлігімізді және азаматтық прагматизмді көрсеттік. Дауыс беру күні сайлау учаскелеріне бірден 640 мың қарағандылықтың келгені – мен үшін ең қуанышты жағдай. Бұл жерлестеріміздің қоғам үшін жауапты істе белсенділік танытқанын білдіреді.

Атап өткім келетін тағы бір мәселе – аумақтық комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы. Негізінен дауыс беру әрдайым әкімдіктер мен сайлау комиссиялары үшін стресс-тест болып табылады.

Менің ойымша, біздің облыста саяси науқанның сәтті өтуі кәсіби кадрларға негізделді. Атап айтсақ, құқық саласының мамандары, ғалымдар, кәсіпорын қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, шығармашылық компаниялардың жетекшілері, жастар ұйымдарының белсенділері, барлық деңгейдегі депутаттар мен кәсіпкерлер республикалық референдумның жұмысына белсенді қатысты. Дискуссиялар барысында біз үнемі пікір алмастық, өзімізді толғандырған мәселелерді нақтыладық, Конституцияның әр тармағын практикалық қолдану тұрғысынан бағаладық.

Кездесулерде адамдар таныс жүздерді көрді, сенім білдіретін адамдардың дауыстарын естіді. Абстрактілі ұрандардан бас тартып, өндіріс орындарында, мәдениет, оқу және медициналық мекемелерде, сауда ұйымдарында күнделікті офлайн іс-шараларды таңдап, кездесулер өткіздік. Мыңдаған әңгімелер, пікірталас шаралары біздің аймақты осындай оң нәтижеге жеткізді. Осы үлкен диалогқа қатысушылар бір-біріне ашық және адал болды. Әңгіме көбіне өндірістегі қауіпсіздікті арттырудан бастап білім мен медицинаның қолжетімділігіне дейінгі мәселелерді қамтитын кәсіби тақырыптар төңірегінде өрбіді.

Жаңа Конституцияны қабылдау үлкен трансформацияның бастамасы екенін түсіну керек. Алдағы айларда саяси және құқықтық саланы, мемлекеттік басқару жүйесін, азаматтық сектордағы өзара әрекеттестікті өзгерту бойынша кең көлемді процестер басталады. Жаңа конституциялық заңдар мен басқа да заңнамалық актілер қабылданады, олар мемлекеттік және азаматтық институттарды күшейтеді, азаматтардың құқықтарын қорғауды арттырады.

Сонымен қатар, жазда Құрылтай сайлауы өтеді. Ол депутаттардың кәсіби дағдылары негізінде құрылатынына сенімдімін. Біз сіздермен бірге елдің құқықтық механизмін жаңғыртудың бірегей жүйесінің куәгері және қатысушысы боламыз. Қазір әр күн бір жылға тең болып жатыр, осы орайда біз болашақтағы шақыруларға және амбициялық жоспарларға дайынбыз.

Зара ШАЛАБАЕВА
облыстық мәслихат депутаты

Басқа материалдар

Back to top button