“Таза Сенім” мәселені түпкілікті шешеді
Азаматтардың өтінішін сапалы әрі уақытылы қарастыру – мемлекеттік биліктің ашықтығы мен тиімділігін айқындайтын басты өлшемнің бірі. Өйткені, мемлекетке деген сенім, әділдік пен заң үстемдігіне деген көзқарас осы жауаптан басталады. Бұл тұрғыда өңірде «Таза Сенім» жобасы іске қосылды. Жоба «Құқықтық тәртіп – өзіңнен басталады» қағидаты аясында жүзеге асырылмақ. Жобаны іске асыру үшін пилоттық режимде бес мемлекеттік орган тартылған.

«Таза Сенім» жобасының негізгі мақсаты – қызметтік көмек көрсету, мәселелерді талдау және жүйелі шешімдер мен алгоритмдер әзірлеу. Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Бердібеков аталған жобаны өңір тұрғындарының өтінішін қарау сапасын арттыруға бағытталған игі бастаманың бірі екендігін атап өтті.
– Бүгінде «Е-Өтініш» жүйесі азаматтардың өтінішін қарастыру процесін барынша ашық әрі түсінікті етті. Өтініш берушілер өз арызының барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік алады. Дегенмен, дәл осы ашықтық бірқатар жүйелік мәселелерді де айқындап берді. Мысалы, мазмұнсыз формалды жауаптар, қарастыру мерзімдерінің ұзақтығы, өтініштерді негізсіз қайта бағыттау мәселесі жиі кездескен. Ал, мұндай жағдайлар біздің беделімізге кері әсерін тигізеді. Сол себепті «Таза Сенім» жобасы дәл осы мәселені түпкілікті шешеді деп ауыз толтырып айтуға болады, – деді Ержан Сәкенұлы.
Жобаны жүзеге асыруға пилоттық режимде полиция, мемлекеттік кірістер департаменті, әділет органдары, білім және денсаулық сақтау басқармасы тартылды.
Ал, Қарағанды облысының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті жобаны үйлестіруші ретінде бекітілді. Сонымен қатар, жобаны қолдау аясында прокуратура, құқықтық статистика органдары, әкімдік, мемлекеттік қызмет, депутаттар мен Кәсіпкерлер палатасы да жұмылдырылды. Әрі жоба шеңберінде семинарлар өткізілетін болды. Оған барлық мемлекеттік органның басшылары мен қызметкерлері қатысуға міндеттелді. Егер пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша оң өзгерістер байқалмаса, ықпал ету шаралары қатаңдатылмақ.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің басшысы Ақмарал Қыдырова былтыр азаматтар тарапынан келіп түскен өтініш саны 24 пайызға азайғанын атап өтті.
– Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, жер қатынастары, құрылыс, әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамту мәселесіне қатысты екен. Атап айтсақ, бұзушылықтардың басым бөлігі белгіленген мерзімдердің сақталмауында. Одан бөлек, құзыреттілікті дұрыс айқындамау салдарынан өтініштердің қате мекемелерге жолдануы, азаматтардың өтініштерін қарау сапасының төмендігі, деректемелердің бұрмалануы сынды кемшіліктер бар. Бұл жайттар лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіби талаптардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын айғақтайды, – деді Ақмарал Бекесқызы.
Бұдан кейін азаматтардан келіп түскен өтінішпен жұмыс істеу үдерісін түсінікті, жеңіл әрі тиімді ету мақсатында көпшілік өз ойын ортаға салды. Пікір алмасты. Бұдан былай дәл осы жоба аясында кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерге баса назар аударылатын болды. Ал, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы бұл жобаны бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
– Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Себебі, бизнес ұзақ бюрократиялық процедуралардан әбден шаршады. Кәсіпкерлерден түсетін өтініштер түрлі сылтаулармен қаралмай, жатып қалады. Біздің негізгі мақсатымыз – әр кәсіпкердің өтінішін жедел қабылдап, кәсіби мамандардың деңгейінде қарастырылуын қамтамасыз ету. Осы орайда, «Таза Сенім» жобасының бізге пайдасы тиер еді, – деді кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Азамат Даненбаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



