Аида Әбікеева Хамориді 5:0 есебімен жеңіп, көрермен көңіліне сенім ұялатты
Ливерпульде 4-14 қыркүйек аралығында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде әлемнің 68 елінен 540 былғары қолғап шебері бақ сынап жатыр. Дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысуда. Олардың қатарында облысымыздан Аида Әбікеева және Сабыржан Аққалықов бар.

65 келі салмақта өнер көрсеткен Аида алғашқы жұдырықтасуында венгриялық Анна Лука Хамориді 5:0 есебімен жеңіп, жарыс жолын сенімді бастады. Оның бұл жеңісі жігерін жанып, алдағы жекпе-жектерге дем берді.
Шахтинск қаласының түлегі Сабыржан Аққалықов та өз салмағында (75 келі) басты фавориттердің қатарында. 2021 жылғы жасөспірімдер арасындағы додада әлем чемпионы атанған ол жазда Астанада өткен World Boxing Кубогында алтын медаль иеленіп, бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Аида болса сол сайыста қола медаль еншілеген еді.
Түйіндей айтқанда, Ливерпульдегі Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын былғары қолғап шеберлеріне сенім мол. Қарағандылық қос боксшының жарыс жолы сенімді басталды. Сабыржан Аққалықов алтыннан дәмелі болса, Аида Әбікеева алғашқы жеңісімен көрермен көңіліне сенім ұялатып, «қоланы алтынға алмастыра ма?» деген үміт отын жақты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»