АймақҚарағанды

Сенімді серіктестік

Облысқа Солтүстік Каспий жобасының операторы – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую бастаған делегация келді. Бұл кездесу – жай ғана жұмыс сапары емес. Бұл – өнеркәсіптік әлеуеті зор өңір мен халықаралық мұнай-газ алыбы арасындағы ықпалдастықтың жаңа парағы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сапар қорытындысында облыс әкімдігімен меморандумға қол қойылды. Онда тараптар жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға уағдаласты. Бұл – ел Президентінің отандық бизнесті өркендету жөніндегі тапсырмасымен үйлесетін нақты іс.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Қарағандының кәсіпорындары өз өнімдерін паш еткен көрме ұйымдастырды. Темір мен болаттан бастап, жабдықтар мен құрылғыларға дейін көрмеге қойылды. Бұл көрме тек өңір әлеуетінің айғағы.

Мұнан соң маңызды алаң – дөңгелек үстел өтті. Онда облыстың өнеркәсіп иелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жанбыршин, Мәжіліс депутаты Арман Қалықов, Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС өкілетті органы, Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы өкілдері бас қосты. Олар ортақ мүддені, және жергілікті қамтуды арттыруды талқылады.

– Бүгінгі кездесу NCOC компаниясы мен облыстың бизнес-қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға бағытталған. Өзара тиімді серіктестік үшін жаңа көкжиектер ашатынымызға сенімдімін. Бұл біздің кәсіпорындарға және бүкіл өңірге пайда әкеледі. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Әкім өз сөзінде облыстың былтырғы өнеркәсіптік жетістіктерін де атап өтті. Өндіріс көлемі 4 триллион теңгеден асып, еліміз бойынша екінші орынға шықты. Минералдық-шикізат базасы, географиялық тиімді орналасуы, логистикалық мүмкіндігі мен кәсіби кадрлар – мұның бәрі инвесторларды тартуда шешуші факторлар екенін айтты. 2024 жылы өңірге салынған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеден асқан.

NCOC басқарушы директоры Джанкарло Рую Қарағанды облысына келудің стратегиялық мақсаты – жергілікті қамтуды ұлғайту екенін айтты.

– Қарағанды облысы орасан зор өнеркәсіптік әлеуетке ие және біз халықаралық техникалық стандарттар мен сертификаттарға сәйкес келетін жаңа серіктестерді іздестірудеміз, – деді ол.

Дөңгелек үстелде Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығының бас директоры Дастан Әбішев те сөз алып, орталықтың қызметі жайлы баяндады. Айтуынша, олар операторлар арасында сұранысқа ие тауарлардың тізімін жасап, алдын ала 300-ге жуық қазақстандық кәсіпорынды іріктеген. Соның ішінде 21 кәсіпорын – Қарағанды өңірінен.

Кездесу барысында қарағандылық өндірушілер NCOC компаниясының өкілдеріне өз ұсыныстарын тікелей айту мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жергілікті қамту, келісімшарттар мен сатып алулар жөніндегі бөлім мамандарымен пікір алмасып, Солтүстік Каспий жобасының ерекшеліктерімен танысты.

Қол қойылған меморандум – қазақстандық қамтуды арттыруға, өзара сенімге және ортақ нәтижеге бағытталған нақты қадам.

Делегация сапары облыстың бірқатар кәсіпорындарын аралаумен аяқталды. Инвесторлар өндіріс орнында болып, өнім түрлерімен, жұмыс процесімен таныс­ты.

Бұл кездесу – Қарағандының мүмкіндігі мен ниетін, ал, халықаралық компанияның сенімі мен ашықтығын көрсеткен оқиға. Келісім бар жерде – келешек бар.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button