Senim 109: сенімді серпілтер серіктес
Проблемаға тап келіп, кедергіге кездестіңіз бе? Немесе, шұғыл ақпарат қажет болды ма? Енді, есік жағалап, босаға күзетудің қажеті жоқ. Тек қана, ұялы телефоныңыздан «109» нөміріне хабарласып, кез келген мән-жайды анықтап, айтар ұсынысыңызды да жедел жеткізуге болады. Мәселен, аяқасты Балқаш қаласына жол жүру керек болды. Жоғарыдағы көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, «Қарағанды-Балқаш» тас жолының ашық-жабық екенін қолма-қол біле аласыз. Және де, аялдамада тұрып, діттеген жеріңізге қандай автобус баратынын да анықтап алсаңыз болады. Осындай және өзге де қызметтерді атқаратын «Senim109» байланыс орталығы 25 қарашадан бастап пилоттық негізде іске қосылды Қарағандыда. Жұмысқа кіріскендеріне аз уақыт болған байланыс орталығы қала тұрғындарының коммуналдық мәселелеріне, медициналық қызметтерге, білім беру, қоғамдық көлік жұмысына және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтарын, ұсыныстары мен шағымдарын қаншалықты ескеріп, халық сенімін ақтауда? Бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарылды? «109» қысқа нөміріне тәулігіне қанша қоңырау түседі? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, орталықтың тыныс тіршілігімен танысып қайтқан едік…
ӨТІНІШТЕР ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев VIII азаматтық форумның пленарлық отырысында цифрлық технологияларды қолдана отырып, «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің ықпалымен «Senim109» бірыңғай байланыс орталығы құрылды.
Бүгінгі күнге дейін call-орталыққа тест түрінде 2500-ден аса өтініш келіп түскен. 2004 анықтамалық сұрақтарға жауап беріліп, 566 өтініш мемлекеттік органдарға және қаланың коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріне жіберілді. Тиісті мекемелерге жіберілген өтініштердің жартысынан астамына жауап қайтарылған. «Жыл соңына дейін облыс бойынша барлық мекемелерді тіркеп, түскен өтініш, шағымдарды жауапсыз қалдырмаймыз» дейді орталықтың қызметкерлері. ЖАН-
ЖАҚТЫ САУАЛҒА – САЛМАҚТЫ ЖАУАП
Орталыққа түскен өтініштер өңделіп және тіркеу нөмірін бере отырып, тұрғындар өтініштерінің тізіліміне енгізіледі және одан әрі мәселені белгіленген мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызмет көрсету орындарына жіберіледі.
Егер, анықтамалық сипаттағы өтініш болса, онда операторлар ақпаратты тез арада өтініш берушіге береді. Орталықтың «Білім базасында» халық арасында жиі қойылатын сұрақтардың жауабын табуға болады. Қарауды талап ететін өтініш келіп түскен жағдайда, талдау бөліміне жібереді.
Талдау инспекторының міндеттеріне тоқтала кетсек, біріншіден, сall-орталық жұмысының бейнелі аналитикалық анықтамаларын дайындап, оған талдау жүргізеді. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелермен қызметтік хат алмасу да – осы бөлімнің жұмысы. Сондай-ақ, «Ашық қала» ақпараттық жүйесінен деректерді автоматты түрде сall-орталық жүзеге асыратын операциялық үдерістердің нәтижелеріне мониторинг жүргізеді.
Ол аз десеңіз, «Интеграциялық шина» ақпараттық жүйесі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етеді.
Ал, сапаны бақылау қызметі бөлімінің мамандары дауыс беру, эмоциялық жағдай, белсенді тыңдау, сөйлеу сауаттылығы, әңгіме жүргізу ережелері, шақыруды өңдеу алгоритмін үйрету бойынша тренингтер өткізіп тұрады. Бұдан әрі қызметкерлердің жұмысын тиімділіктің негізгі көрсеткіштері бойынша бағалайды
Сонымен қатар, қызметкерлерге психологиялық көмек көрсету мақсатын іске асыру үшін кәсіби психологтар психодиагностика, жеке сабақтар, тренингтер, психологиялық бақылау және әңгімелесу сынды шаралар ұйымдастырылады.
БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ БАР
– Қазіргі уақытта қала тұрғындарының ғана өтініштері қабылданады. Биыл толықтай Қарағанды облысын қамту және өтініштерді тәулік бойы қабылдау жоспарланып отыр. Келешекте жұмыс уақытын 24/7 қылмақ. Call-орталыққа түскен барлық қоңыраулар жазылатынын айта кетейін. Ол тұрғындардың өтініш, шағымдарының шынайылығына көз жеткізу үшін қажет, – дейді байланыс орталығы басшысының міндетін атқарушы Рахат Сәдуақасов.
Рахат Сәдуақасовтың айтуынша, байланыс орталығында 80-нен астам жұмыс орны бар. Әзірге 40 адам жұмыспен қамтылып отыр екен. Оның 12-сі оператор. Алдағы уақытта оператор құрамын толықтыру жоспар да бар. Белгілі бір салада тәжірибесі бар адамдар келгенін құптап отыр басшылық тарап. Мәселен, төтенше жағдай департаменті, жедел жәрдемде қызмет жасаған, сол саланың жобасын, терминін, ахуалын түсінгені тиімді екенін айтады. Сондай-ақ, қызметкерлер жалақысын жоғарылату мәселелерін де назарда ұстауда.
ОРТАЛЫҚ ПАРАҚШАСЫН ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ
Орталықтың инстаграм парақшасына жүгінген тұрғын жануарлар үйіне барар жолды қардан тазалауға көмек қажеттігін сұраған. Қызметкерлер жедел жұмыс істеп, өтінішін тіркеп, Қазыбек би ауданы әкімдігіне жолдаған. Бірнеше сағаттың ішінде аталған аумақ толықтай тазартылған. Желі қолданушысы алғысын білдіріп, жұмыстарына тілектестік білдіріпті.
Сондай-ақ, байланыс орталығына Facebook әлеуметтік желісіндегі «Senim 109» парақшасы арқылы шығып, хабарласуға болады. Әлеуметтік желілердегі барлық хабарламалар #senim109 хэштегімен белгіленіп, 25 символдан кем болмауы тиіс. Шағым мен ұсынысты senim109. kz Telegram бот-қа және senim109.kz интернет-порталына жіберуге мүмкіндік бар. Бүгінде орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына да бірнеше өтініш келіп түскен. Осы тараптан аудиторияны кеңейтіп, жұмысты жүйелі етсек дейді байланыс орталығының басшылары.
Байланыс орталығына ұялы және қалалық телефоннан «109» нөмірі бойынша қоңырау шалуыңызға болады. Жүйеге әзірше Қарағанды қаласының 60-тан астам мемлекеттік мекемесі тіркелгенін тағы да айта кетейік. Жыл соңына дейін сервисті облыстың барлық тұрғындары үшін қолжетімді етуді мақсат етіп отыр. Халыққа қолайлысы да – осы жүйе.
Қасымхан ҒАЛЫМ