«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап…»
Дүниеде не көп, мейрам, той көп. Дүрілдетіп, дүбірлетіп жатамыз. Оның өсіп-өнуімізге пайдасы бар ма, жоқ па? Мәселе – сонда. Негізінде, қазақ әу бастан «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген еді. Осы тұрғыдан келгенде Абай күні – ерекше мереке. Неге? Өйткені, Абай – қазақ ақыл-ойының темірқазығы, адастырмайтын, ең тура жолды нұсқап тұратын маягы іспеттес. Ендеше, қазақтың ойлау жүйесін жаңа арнаға бұрған данышпан ақын тойының қазаққа пайдасы туралы аз-кем сөз қозғалық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деген еді «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында.
Шындығында, мерекелердің қатарына Абай күнін енгізу – өсіп-өнгісі келетін, елінің әл-ауқатын арттырып, дамыған елдердің қатарына қосылғысы келетін жұрттың тірлігі. Демек, адаспаппыз. Келе жатқан жолымыз тура һәм түзу жол. Яғни, шығармалары біздің күнделікті өмірімізге аса қажетті ең қымбат дүниемізге айналуы тиіс.
Хакімнің өзі айтпақшы, енді, бізге не істемек керек? Анаған да мынаған да еліктеп-солықтап көрдік. Болмады. Одан түк шықпады. «Қонақжай елміз» деп көрінгенді төрімізге шығарғаннан да ештеңе өнбеді. Бір мезгіл мақтангершілікке салынып, өткенімізбен мақтанғанда дүниені төңкере жаздадық. Ол да дұрыс болмай шықты. Шындап келгенде, ата-бабаңның кім болғанынан қазір өзіңнің кім екендігің маңызды екен…
Мықтысың ба, өнетін істі жағаладың ба, демек арғы жағыңда бір сөнбейтін сәуле бар деген сөз. Оны дабырлатып, әлемге жар салудың қажеті қанша?
Мәселен, жапондар – ғылымға, өнерге бас иген ел. Олардың жауапкершілігі, азсөзділігі, әр ісіне мұқияттылығы, патриоттығы үлгі аларлықтай. Атом бомбасының зардабын тартып, құрып кетуге шақ қалса да, еңсесін түсірген жоқ. Пайдасыз дабыра мен бос қылжаққа жуымай, қысқа уақыт ішінде пайдалы даму жолына түсті. Қазір әлемдегі алпауыт елдер қатарында.
Бір ғана мысал келтірейін. Жапондықтар Париждегі Олимпиада ойындарында да медаль саны жағынан алдыңғы сапта келе жатыр. Күні кеше грек-рим күресінен екі бірдей балуаны татамиге шықты да, алтынды қанжығалап кете барды. Қарап отырып, таң қаласың, қызығасың. Ұлттық рух, ұлттық намыс деген атойлап тұр. Мұны олардың түрінен байқамауыңыз мүмкін. Ал, іс-әрекетінен нақты менмұндалап тұрады…
Абай бабамыздың жолын жалғаушы Алаш қайраткерлерінің неліктен осы Жапон елінің үлгісімен дамығысы келетінін енді ұқтық.
Абай күнін белгілеп, оны жыл сайын атап өтуіміз Абайдың жолымен жүрген шәкірттерінің ұстанымын түсінгенімізге дәлел.
Сонда түбіңе жететін – мақтаншақтық, өсекқұмарлық, ысырапшылдық сынды жаман қасиеттер. Абай күні – бізге осындай жаман әдеттермен күресуге күш беретін күн. Жігерлендіретін алға жетелейтін қастерлі күн.
Ендеше, әңгіме ауаны мақтаншақтық туралы өрбіп жатса, хакімнің осы тақырыптағы бір өлеңіне үңіліп көрелік.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл,
тастай көрме».
Міне, қараңыз. Мұның бәрін Абай өлеңінде шамамен бір жарым ғасыр бұрын айтылған. Ал, біз әлі жүрміз «Абай кемеңгер, Абай данышпан» деп. Түптеп келгенде хакім осыншама даналықты мақтану үшін қалдырмап еді. «Түйсінсін, іс қылсын харекет етсін, көш соңында қалмасын!» деп көз нұрын, ғұмырын сарп етті. Ғылым-білім, өнер мен адал еңбектен басқаның бәрінің бос әурешілік екенін ұққандықтан, елінің ертеңіне алаңдады.
Кейбіреулер сынды озық ойын мал табуға пайдаланған жоқ. Тасқа басып қалдырды. Құдайдан «Ұрпағым қуыскеуде болмасын!» деп тіледі.
Енді бізге не қалды тындыратын? Бізге бүгін Абай шығармаларына үңілу қалды. Оның әр сөзін, әр жырын жаттау ләзім. Абай күні мерекесі – осы келелі істің бастаушы күші. Хакімнің өзі қара сөздерінің бірінде әр саналы адамның өзінен есеп алуы қажеттігін айтады. Бұл біз үшін өмірдің бұлжымас қағидасы болуы керек!
Ең болмаса, жылына бір рет бас ақынымыздың сөзіне үңіліп көрейікші. Жылына бір өлеңін жаттап, бойымызға сіңірейікші. Соған амал жасап, сонымен өмір сүрсек, адаспасымыз анық. Әр өлеңі мың жылға азық. Сенбесеңіз, шамалы уақытыңызды қиып, жоғарыдағы өлеңді оқып көріңіз…
Мұны жете түсінген әлемнің дамыған елдері Абайдың өлеңдерін аударып, хакімнің құрметіне ескерткіш қойып, атына көше, мектептерін беріп жатыр. Осылай Абай даналығын ұрпақтарының бойына сіңіруде.
Абайдай данасы, Абайдай кемеңгері бар ел көш басында жүруге лайық. Ал, ол үшін Абаймен өмір сүруіміз қажет-ақ. Оның әр сөзін жүректің көзімен оқып, мәніне түсінсек, басқа адам болып шыға келеміз.
Демек, Абай күні – бізді өзімізді тануға, өркениетке ұмтылуға бастайтын қастерлі мереке. Бұл мейрам бізді телеарналарымызды жаулап алған бәтуәсіз қылжақ пен шұбарланған тілден, белең алған намыссыздықтан арылтуға көмектеседі. Абайдың әр сөзі қандай дәмді болса, оның атындағы бұл күн де, бұл мереке де сондай сәнді болуы шарт!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»