Бас тақырыпРухани жаңғыру

Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесті

Парламент депутаттары ауыл аралап жүр. Жержерге шығып, ел тынысымен танысуда. Парламент Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктелген міндеттер мен алтыншы шақырылымдағы ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуы мен «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде сөйлеген сөздерінен туындайтын міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында Қарқаралы ауданында халықпен кездесті.

 

Сенат депутаты ең алдымен ат басын Егіндібұлақ селосына тіреді.

Бүгінде мұндағы «Балқантау» цехының өнімді жұмысы өңірге білініп отыр. Цех жұмысын аралап көрген депутат ризашылығын білдіріп, ұжымға табыс тіледі.

Осы селодағы агротехникалық колледж, Қ.Смайлов атындағы №43 орта мектеп пен «Айгөлек» бөбекжайбақшасын аралап, білім беру саласының жетістіктерін саралады. «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша сауалдар қойылып, мұғалімдер еңбекақысының ерекшеліктері мен зейнет демалысына шығудағы жаңалықтарға назар аударылды.

Ауыл халқымен өткізген кездесуден кейін актив жиынын өткізген депутат ойға түйгендерін ортаға салып, селоның келешегіне сенім білдірді. Елбасының нақты тапсырмаларына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Елдің әлеуметтік жағынан өсіп-өркендеуіне бағытталған бағдарламалар тілге тиек болып, түскен сауалдарға жауап қайтарылды.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы С.Борамбаева ауыл еңбеккерлерінің жалақысының төмендігі, зейнетақы қорының қазіргі жайы, қолдағы малымен күн көріп отырған халықтың өз ісін бастауға келгендегі несие алудағы кедергілері туралы айтып берді. Айлап-жылдап құжат жинатып, соңында несиенің орнына салатын кепілі жоқ деп қайтаратын банктердің келеңсіз жұмыстары сөз болды. Аудандық мәслихат депутаттары – Р.Смағұлов, М.Адамов ауыл жолдарының жөнделуі жөнінде, білім саласындағы жаңалықтар мен алдағы жазда аталып өтетін Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтың 100 жылдығы хақында пікір қосты. Көпбалалы ана А.Ахаева тұратын үйінің тозғанын, суық болғандығынан аурусырқауға ұшырағандықтарын айтып, көмек сұрады. Бұл жөнінде аудан әкімі Х.Мақсұтов жауап беріп, көмек берілетінін жеткізді.

Осы күні Сенат депутаты Р.Әбдікеров Балқантау ауылдық округінің орталығы Қарабұлақта да болды. Мұндағы мектеп, мешіт, спорт кешенін аралап, тұрғындармен ой бөлісті. Осындағы «Балқантау» шаруа қожалығының жетекшісі М.Құттина егістікке пайдаланбай қалған жерлерді жайылымға айналдыру, ардагер ақсақал А.Сүлешов тендер жайында, Б.Көшенов мектеп мұғалімдерінің жетіспеушілігі жайында айтып берді.

Алыс ауыл халқының жағдайымен танысып, ахуалын білген Парламент Сенатының депутатына аудан әкімі Х.Мақсұтов ел атынан алғыс білдірді. Өз кезегінде сенатор да барлық мүмкіншілікке күш сала отырып, елдің мұң-мұқтажына көмек берілуіне ықпал ететінін жеткізді.

Сенат депутатының кейінгі сапары Бұқар жырау ауданында жалғасты.

Аудан орталығы Ботақара кентінде жергілікті атқарушы билік өкілдерімен, қауымдастық мүшелерімен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдап, Керней ауылының жұртшылығымен жүздесті.

Кездесуді аудан әкімі Ш.Мамалинов жүргізіп отырды. Рысқали Қалиақбарұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылдауды тапсырғанын тілге тиек етіп, осы тапсырмалардың негізгі қағидаттарына кеңінен тоқталды.

Кездесуге қатысқан алты баланың анасы Гүлден Тоқабаева әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде жеке қосалқы шаруашылықты кіріс ретінде есептемеуін сұрап, өтініш білдірді.

Мысалға, қолда сиыр болса, оның сатып алатын жемі-шөбі болатындығын айтып, сұраққа кеңінен тоқталып өткен Ш.Мамалиновтың сөзін тыңдаған Р.Әбдікеров мәселені назарға алып, тиісті органдарға жеткізетіндігін хабарлады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев та кездесу барысында ардагерлер туралы заң, азаматтық неке, жастардың шетелге шығуы, шетелде діни оқу, үштілділікті оқыту жөнінде сауалдарын жолдап, олардың жоғары жақта назарда болуын сұрады.

Аудан жұртшылығымен кездесуден кейін Сенат депутаты азаматтарды жеке қабылдап, өңірде шешілмей тұрған түйткілді мәселелермен танысты.

Аудандық мәслихат депутаты Абылай Сұлтанғали Бұқар жырау ауданы бойынша 870 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналы болуға кезекке тұрғанын айта келе, он 12 пәтерлі, үш 16 пәтерлі үйді жобалық сметалық құжаттамасы аудандық бюджет есебінен дайын тұрғанын, Сенат депутаты ретінде осы мәселенің шешілуіне атсалысуын сұрады.

«Бұл мәселе жөнінде облыс басшылығымен, республикалық өкілетті органдармен келіссөздер жүргіземін» – деді өз жауабында Р.Әбдікеров.

Сонымен қатар, азаматтарды жеке қабылдауда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Байғожин 10 елді мекенде су мәселесін шешуге, аудандық кеңестің комиссия мүшесі Шахвели Курбанов Ғ.Мұстафин кентінде көлік көпірін салуға атсалысу жөнінде өтініштерін білдірді.

Әрбір мәселе бойынша тиісті құжаттарды реттестіріп, назарда ұстайтындығын айтқан Р.Әбдікеров, су, баспана, инфрақұрылым жүйесі тұрғындардың сапалы өмір сүруінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігін баса айтты.

Ауданға жұмыс сапарында Сенат депутаты Керней ауылына ат басын тіреп, жыршы-жырау сыныбымен, коворкинг орталығының жұмысымен танысып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындармен кездесіп, Елбасының Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді тағы бір мәрте пысықтап өтті.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Back to top button