Бас тақырып

Сенат Төрағасы өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың даму қарқынымен танысты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысында өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті жұртшылықпен және бірінші өңірлік «Талдау мектебінің» тыңдаушыларымен жүздесті. Іс-шаралар барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, Палатаның мәслихаттармен және сарапшылармен өзара іс-қимыл форматтары талқыланды.

Суреттер ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметінен

Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында айтылған бастамаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың кешенді әрі жүйелі бірлескен жұмысы қажет. Осыған байланысты мәслихат депутаттарымен және ҚХА мүшелерімен кездесуде жергілікті өкілді органдар мен сараптамалық-талдау қоғамдастығын заң шығару қызметіне белсенді тарту мәселесіне баса мән берілді. Мұндай формат Қазақстанның сапалы экономикалық өсуіне, Құрылыс, Цифрлық кодекстерді, Банктер мен банк қызметі туралы заңды, басқа да қажетті заңдарды уақтылы қабылдауға және Парламент қызметін одан әрі жетілдіруге тың серпін береді. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде заң шығару үдерісі мен шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға арналған және саяси реформаларды біртұтас институционалдық жүйеге біріктіруді көздейтін парламенттік реформаға да назар аударды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытына ерекше назар аударып, еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Оны сапалы іске асыруға үлес қосу – бәріміздің маңызды міндетіміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Парламенттік реформаның нәтижесінде мәслихаттардың да рөлі артады. Өйткені сіздер жергілікті жерлерде халықпен тікелей жұмыс істеп келесіздер. Қорытынды шешім азаматтардың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады, – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының әлеуетін одан әрі арттыру үшін күш біріктірудің маңызы зор екенін айтты. Бұл өңір ірі индустриалды орталық ретінде елдің экономикалық дамуы жолында ерекше мәнге ие. Қазіргі таңда бірқатар басым бағытта жоғары көрсеткіштер байқалады. Бұл үрдіс жаңа экономикалық модельге көшуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Сенат депутаттары өткен аптада алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарап, облысқа қосымша қомақты қаржы бөлуге қолдау білдірді. Палата алдағы уақытта да өңірді дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береді, – деп, Мәулен Әшімбаев облыстың әлеуетін арттыру жолындағы маңызды міндеттерге тоқталды.

Машина жасау саласындағы сын-қатерлер мен басым бағыттарға арналған дөңгелек үстелде де аталған мәселе кеңінен талқыланды. Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысы қуатты индустриялық базаның және металлургия саласымен тығыз интеграцияның арқасында еліміздегі машина жасау кешенінде көшбасшы орынға ие екенін атап өтті. Ол соған қарамастан, бірқатар өзекті мәселелер де бар екенін тілге тиек етті. Бұл қатарда импортқа тәуелділік, кадр тапшылығы, техникалық және цифрлық олқылықтар сияқты түйткілдер бар.

– Бүгін біз елімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен машина жасаудың белсенді дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты бірқатар мәселелерді шешу маңызды. Солардың бірі – қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету және инвестиция тарту. Осы және басқа да проблемаларды шешу мақсатында Сенат машина жасауды қолдауға арналған жеке заң жобасын әзірледі. Жалпы, Қазақстандағы машина жасау саласы айтарлықтай әлеуетке ие. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар, бизнес, ғылым және білім жүйесінің тиімді бірлескен жұмысы қажет. Мұндай ынтымақтастық бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастыруға, оқшаулауды арттыруға және қазіргі заманғы, тиімді әрі экспортқа бағытталған машина жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Палата төрағасы өз сөзінде.

Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастары – бірінші өңірлік «Қарағанды Талдау мектебінің» қатысушыларымен кездесуде жас буынның еліміздің дамуы және реформаларды іске асыру жолындағы рөліне кеңінен тоқталды.

Сенат Төрағасы сарапшыларға Taldau Community-дің құндылықтары және жобаның негізгі мәні жөнінде айтып берді. Ол Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуында аналитикалық тәсілдер маңызды рөл атқаратынына үнемі көңіл бөліп келе жатқанын тілге тиек етті.

Осыған байланысты Талдау мектебі бірнеше жылдар бойы мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, білім және ғылым мекемелерінің және басқа да саладағы жас мамандардың талдау қабілетін шыңдауға қолдау көрсетіп келеді.

Сапар аясында сенаторлар Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті.

Сондай-ақ олар боччадан жолдастық матчты тамашалады. Бұдан басқа, депутаттар өңірдегі бірқатар кәсіпорынға арнайы барып, өнім өндіру технологиясымен танысты.

Сенаторлар алдымен, Qarmet диспетчерлік-талдау орталығына барды. Бұл нысан – компанияның цифрлық өзгерісінің орталық элементтерінің бірі. Орталық 2024 жылы ашылған және бүгінде Qarmet-тің барлық көмір өндіру нысандарына кешенді мониторинг жүргізеді. Оның көмегімен жабдықтар мен персоналдың жай-күйі, өндіру және қайта өңдеу параметрлері, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі, сондай-ақ, көлік және энергетикалық жүйелердің жұмысы тәулік бойы бақылауда болады.

Палата депутаттары барған келесі нысан – Саран қаласының индустриялық аймағында орналасқан автомобиль шиналарын шығаратын «Tengri Tyres KZ» ЖШС зауыты. «Attar» брендімен шиналар шығаратын кәсіпорын 2024 жылы іске қосылды. 

Оның жобалық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шиналарын құрайды. Нысанда резеңке қоспасын дайындаудан бастап құрастыруға, вулканизациялауға және дайын өнімнің сапасын көп сатылы бақылауға дейінгі өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Бүгінде зауытта 900-ге жуық адам жұмыс істейді.

Сонымен бірге сенаторлар автобус және коммерциялық техника шығаратын «QazTehna» ЖШС зауытына барды. Кәсіпорынның құрылысы 2019 жылы басталды. Жоба аясында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының өндірістік және қойма алаңдарының 40,5 мың шаршы метр аумағы жаңғыртылды.

Бүгінде кәсіпорынның қуаты жылына 1200 автобус пен 10 мың коммерциялық техника бірлігін құрайды. Зауыт жұмысшылары өндірісті оқшаулау деңгейінің артқанын айтты. Кәсіпорында автобус шанақтарына қажетті металл элементтерінің кең спектрін шығаруға арналған Қазақстандағы алғашқы гидравликалық штамптау пресі орнатылған. Өндірісте Qarmet металлургиялық комбинатында шығарылатын отандық мырышталған болат пайдаланылады. Ол халықаралық сапа сертификатынан өткен және техниканың сериялық шығарылымында қолданылған.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев тұрмыстық техника мен электроника өндірісіне маманданған «Silk Road Electronics» ЖШС зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын 2023 жылдың соңында пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда тұрмыстық техниканың жеті санаты шығарылады. Олар: теледидарлар, кір жуу машиналары, су жылытқыштар, ас үй плиталары, ауасорғыштар, шаңсорғыштар және шағын пештер. Өнімдер Artel, Shivaki, Royal және басқа да серіктестердің брендтерімен өндіріледі. Зауыт 2025 жылы Samsung маркалы 39 мың теледидар мен кір жуғыш машиналарын шығарған. Олардың ішінде қазақ тіліндегі ЖИ және интерфейспен жабдықталған модельдер де бар. Қазірдің өзінде 2026 жылғы сериямен Samsung теледидарлары, сондай-ақ, Artel брендімен жаңа ас үй плиталары шығарыла бастады. Өндірісте жергілікті материалдар, соның ішінде Qarmet металы белсенді қолданылады.

ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button