Сенат депутаттары жастармен жүздесті

Газетіміздің өткен санында Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін тұрғындарға түсіндіру мақсатында ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары төрт күнге өңірімізге жұмыс сапарымен келгенін жазған едік. Сөйтіп, дүйсенбі күні ҚР Парламентінің Сенат депутаттары, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий КИМ және аталған комитет мүшесі Владимир ВОЛКОВ Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессор-оқытушылық құрамымен, студент жастармен кездесті.

Сондай-ақ, шараға қатысушылар қатарында ҚР Парламентінің Сенат Аппаратының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі Николай Турецкий, облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов, облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Қайрат Нүркенов және облыстық мәслихат депутаты, аталған білім ордасының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев болды.

Құрметті қонақтар! Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне қош келдіңіздер. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, білім ордамызға қызығушылық танытып, университет ұжымымен, студент жастармен кездесу үшін уақыт бөлгендеріңізге ризашылығымызды білдіреміз. Біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түбегейлі талқыладық. Ал, бүгінгі кездесу – қазақстандық қоғамды дамытудағы Елбасы бастамаларының ролін терең түсінуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Еркін Көбеев.

Сөз барысында университет ректоры жиналған профессор-оқытушылық құрам мен студент жастарға қадірлі қонақтарды таныстырып, олардың еңбек жолына, атқарған қызметтеріне, ел дамыту жолындағы қосқан үлестеріне тоқталды. Сонымен қатар, осы білім ордасының Тәуелсіздік жылдарынан бергі жеткен жетістіктерін, бағындырған биіктерін, көз қызығарлық оң өзгерістерін тілге тиек етті.

Білім ордасының басшысы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін университет ұжымы мен студент жастары зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді. Көшбасшымыздың бірегей бастамалары, әсіресе, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі күнгі дамуына мол мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті. Ал, Мемлекет басшысы тілге тиек еткен студенттерге жатақхана жетіспеушілігіне қатысты Еркін Көбеев – мұндай мәселе Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де мүлде жоқ екенін баяндады. Алайда, білім ордасы жатақханаларын, әлеуметтік нысандарын жаңғырту, кампус аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатынын айтты.

Ректордың бұл сөзін келген қонақтар да растай түсті. ҚарМУ – Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны екенін жеткізіп, жемісті жетістіктерін, айтулы түлектерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, білім ордасы жатақханалары мен корпустарын аралап, студенттер жағдайын өз көздерімен көргенін айтты.

Десе де, кездесуге келген халық қалаулылары жұмыс сапарларының негізгі мақсатын да ұмытқан емес. Депутаттар Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тыңдаушылардың сан түрлі сауалдарына жауап берді. Негізінен, кездесу осы сұрақ-жауап ретінде өрбіді десе де болады. Ең бастысы, сан салада қызмет етіп үлгерген, тәжірибесі талайға үлгі боларлық Сенат депутаттары жастарға жат әдеттен аулақ болып, биік белестерді бағындыруға қатысты оң бағыт-бағдар беруге тырысты. Бұл ретте, студенттерді халық қалаулыларының жүріп өткен жолы мен өмірге деген ұстанымдары да бейжай қалдырмады.

Рауан Қабидолдин.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.