Семинар сергек серпін сыйлады
Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында қабылданған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі ісқимыл жоспары аясында «Әділдік – құқықтық мемлекет құрудың негізі» атты семинар өткізілді.
Кең ауқымды жиында жоғарыда аталған нақты іс-әрекеттер жоспарын жүйелі жүзеге асыруға қатысты Қарағанды облысы құқық қорғау органдарының қызмет тәсілдері таныстырылып, облыс және металлургтер қаласы тұрғындарын Президент бағдарламасында алға қойылған міндеттерді орындауға жұмылдыру жолдары таразыға тартылды.
Ілкімді ұйымдастырылған ісшараға облыстық прокуратура, облыстық сот, облыстық полиция департаменті басшыларының орынбасарлары мен қызметкерлері, Теміртау қаласының прокуратура, сот, полиция органдарының басшылары және жауапты мамандары, Теміртау қаласы әкімдігінің лауазымды мамандары, қалалық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері, қаладағы қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, Ішкі істер министрлігі оқыту орталығының тыңдаушылары, облыстық және қалалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушыларды маңызды шараның басталуымен Теміртау қаласы әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары Мирас Құттыбай құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
-
Президент бекіткен іс-қимыл жоспары аясында уақыт талабына лайықталған жаңа заңдар қабылданып, тың реформалар жүзеге асырылады. Мұның барлығы елдегі адам капиталының деңгейін одан әрі арттыруға бағытталып, халықтың материалдық жағдайы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсарта түсуді мұрат тұтады және соған берік негіз қалайды.
Әділдік – қашанда маңызды тақырып. Сол себепті, бүгінгі семинарда елдің әр азаматының мүддесін ескере отырып, түп-тамырында ілгері басу үрдістері мен әділдік жатқан құқықтық мемлекет құру және оны дамыту мәселелерінің талқыға түсуі – құптарлық іс, – деген Мирас Жанатбекұлы басқосуға қатысушыларды күн тәртібіндегі сауалды талқылауда белсенділік танытуға, сондай-ақ, Президент алға қойған міндеттерді оңтайлы іске асыруға қатысты ұтымды ұсыныстар беруге шақырды.
Іс-шара басталар тұста жиылған қауым Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 12 маусымда қызметіне ресми кірісуі сәтінде сөйлеген сөзін бейнебаян көрсетілімі арқылы тағы бір мәрте тыңдады.
Содан кейін Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма басшысы Бекзат Ахметовтің «Қарағанды облысы прокуратура органдарының ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша міндеттері», Қарағанды облыстық сотының судьясы Қарлығаш Нұрмағамбетованың «Қарағанды облыстық сотының сот төрелігін іске асыру сапасын арттыру бойынша міндеттері» және Қарағанды облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Евгений Әбішевтің «Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша жұмыстары» тақырыбындағы баяндамалары зор ынтамен тыңдалып, егжей-тегжейлі талқыланды.
Бастапқыда күтілгендей, тиянақты талқылаулар кезінде жұмысты талапқа сай жүргізу үдерістеріне қатысты біршама ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Нәтижесінде, оларды тиісінше тұжырымдап, жұмыс барысында қолданысқа енгізу жайын қарастыру туралы мәміле жасалды.
Санаға сергек серпін сыйлаған семинар түйінінде оған белсенді түрде қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне ұйымдастырушы тарап – Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хаттары табыс етілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ