Басты тақырыпШет

СЕКСЕН ЖАСТАҒЫ ШӘКІРТТЕРІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

      Мына Шет өңірінде ғасыр жасаған екі абыз ақсақал бар. Екеуі де Мұғалім. Ұстаздардың ұстазы. Академиктердің ұстазы. Сексен жастағы шәкірттердің ұстазы.

     Біреуі – Шәукей Жұқанұлы болса, екіншісі – Жұматай Құтжанов ақсақал. Өткен сенбіде сол абыз ақсақалды ғасыр жасымен шәкірттері құттықтады. Олардың алды сексен жаста еді…

    Баян Рақышев, Серғазы Әдекенов, Жамбыл Ақылбаев, Қасымбек Медиев сынды ел таныған академиктер осы Жұматай ақсақалдың шекпенінен шыққандар. Тағы екі шә­кірті мемлекеттік сыйлық алыпты. Құттықтауға келген шәкірттері­нің әрқайсысын елағасы деуіміз керек. Олардың арасында белгілі жазушы Кәмел Жүністегін, ауыл шаруашылығының майталманы, «Құр­мет» орденді Боранбай Жұмкинді, ҚР еңбегі сіңген байланысшы Мейрамбек Балтинді және басқаларын атауға болады.

    Жұматай ақсақал біз барғанда сәл тұмауратып қалыпты. Соған қарамастан, өткен күнді мүдірмей жылнамалап отырды. Құттықтауға келген қалың жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Менің жасыма келіңдер. Ме­нің көрген қиыншылығымды көрмеңдер. Ұстаздың да ұстазы болса шәкірттің де шәкірті болады. Шәкірттеріңмен жүз жасаңдар, – деді.

     Алдымен құттықтау сөзін мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев алған. Қашанда шешен сөйлейтін Қаскең ұстазын «Батыр мұғалім» деп қадап тұрып айтты. Ерекше ерлігі үшін берілетін «Богдан Хмельницкий» ордені Шет өңірінде тек осы кісінің омырауында жылтырайды. Самсаған ордендер мен медальдардың арасынан оны да жазбай таптық.

     Қасымбек шәкірті ұстазына ал­ғысын айта отырып, басына бө­рік кигізіп, иығына шапан жауып, аяқ астына қалы кілем тастады.

     Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров облыс­тық мәслихаттың депутаттар кор­пусының атынан құттықтап, облыс әкімінің Құрмет грамотасын тап­сыр­ды, астына ат мінгізді. Мұндай құр­метті Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов те жасады.

    Ақындар Марат Шайкин мен Мұ­рат Жадай арнау жырларын төк­ті.

     Ақ жаулықты әжелер той дас­тарқанының шашуын шашты. Осы мерейтойға орай, абыз ақсақал, ұстаздардың ұстазы туралы кереқарыс «Мәуелі бәйтерек» атты жинақтың тұсаукесері жасалды. Оның таспасын Қ.Медиев, мәслихат хатшысы Р.Әбдікеров және аудан әкімі М.Жандәулетов қиды.

Төрехан МАЙБАС

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button