Сексен бес – сеңгiр жаста құтты ордамыз
85 жылдық тарихы бар С.Сейфуллин атындағы Халықтар достығы орденді Қарағанды облыстық қазақ драма театры қазыналы Қарағанды өлкесімен бірге жасап келеді. Республикамыздағы байырғы өнер шаңырақтарының бірінен саналатын Сәкен театры алғаш 1932 жылы жұмысшы жастар театры ретінде есігін ашқан. Театрымыздың негізін қалаушылар қатарында кейіннен Қазақстанның халық артистері атағын алған Жәмила ШАШКИНА, Рахия ҚОЙШЫБАЕВА, Мүлік СҮРТІБАЕВ еңбек еткенін мақтаныш етеміз.
Арнаулы білімі жоқ, сахналық өнер мектебінен өткен маман режиссерлер мен суретшілер жетіспейтін, немесе спектакль қоюға ыңғайлы тұрақты ғимараты да болмаған жас өнерпаздар үшін тыңнан театр тұрғызудың қаншалықты қиынға соққандығы бүгін айтпаса да түсінікті.
1934 жылдан қара шаңырақ Қарағанды қазақ жұмысшы жастарының театры деп аталады. Драма үйірмесінен ұлттық театрға бағыт алған шығармашылық ұжым сахна тарихын Н.Гогольдың «Үйлену» комедиясымен бастайды. Кәсіби театр ретіндегі алғашқы репертуарда Б.Майлинның “Майдан”, “Талтаңбайдың тәртібі”, С.Сейфуллиннің “Қызыл сұңқарлар”, Ж.Шаниннің “Арқалық батыр”, “Шахтада”, тағы басқа пьесалары сахналанып, бірден көрермендер ықыласына бөленеді.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің тұңғыш онкүндігіне республикалық музыкалы драма театрымен бірге (қазіргі Абай атындағы академиялық опера және балет театры) құрылғанына аз ғана жыл болған Қарағанды театрының жетекші артистерінің де өнер көрсетуі үлкен мәртебе еді.
Театрдың өсіп-өркендеуіне әр жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген артистері З.Көшкінбаев, Ә.Шәймерденов, Т.Жабаев, Қ.Әлімбаева, Р.Баймағамбетов, Қазақстанның халық артистері Қ.Сатаев пен Ә.Абылаева және тағы басқа да сан қырлы артистер мен актерлар зор үлес қосты.
1944 жылы Қазақ ССР Президиумының қаулысымен Қарағанды театрының сегіз артисіне Республиканың еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақ беріледі.
1950 жылдардың аяғы 1960 жылдардың басында Қарағанды театрына алғашқы кәсіби артистер мен режиссерлердің жаңа толқыны келіп қосылады. Олардың қатарында кейіннен Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған, «Қыз жібек» фильміндегі Шеге рөлімен көзге түскен Әнуар Молдабеков, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағына ие болған Өмірзақ Асылбеков, Қайныкен Әлімбаева, Қалила Жетімтаева, Ерғали Жүнсібековтер болды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Ерғали ағамыз болса, күні бүгінге дейін сахнадан қол үзбеген саңлақ.
Сондай-ақ, әр жылдары театрға арнайы келіп спектакль қойған қазақ өнерінің көрнекті тұлғалары Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Маман Байсеркенов, Есмұхан Обаев Қарағанды театр өнерін айрықша дамытты.
1962 жылы театр алғашқы құрылғаннан еңбек етіп келе жатқан Жәмила Шашкинаға Қазақстанның халық артисі атағы, сонымен қатар, тағы бір топ артиске еңбек сіңірген атағы берілді.
1964 жылы Қарағанды театрына кезінде сталиндік репрессияның құрбаны болып кеткен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді.
Театр репертуары өте бай. Әлемдік классикамен қатар, әр дәуірдегі драматургтердің шығармалары көрермендерге жыл сайын ұсынылып отырады.
1968 жылы Бүкілодақтық жас таланттар байқауында Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» туындысы сахналанып, байқаудың Қызыл туымен марапатталады.
1979 жылы С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы КСРО Мәдениет министрлігінің бірінші дәрежелі дипломына ие болады.
1982 жылы көпұлтты театр өнерін дамытқаны және 50 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Халықтар достығы» орденімен марапатталуы өнер шаңырағының тағы бір биік белеске көтерілуі болатын.
Театрдың көптеген Халықаралық, Республикалық фестивальдерде жүлделі орын алып, өнердің биігінен көрінуі – шығармашылық мүмкіншілігінің мол екендігін, ізденістерінің терең екенін көрсетеді. Фестивальдерде жүлделі орынды 10 рет (Гран-при 2 рет, бірінші орын 2 рет, екінші орын 3 рет, үшінші орын 3 рет) жеңіп алуы – кездейсоқтық емес, жан-жақты ізденістердің нәтижесі.
2000 және 2010 жылдары Мысыр елінде Каир, 2007 жылы Беларусьтың Минск қаласында өткен «Панорама», 2009 және 2015 жылдары Түрік елінің Трабзон, 2011 жылы Украинаның Ялта, 2012 жылы Әзірбайжанның Шеки, 2013 жылы Сербия Республикасының Белград, 2013 жылы Санкт-Петербург қаласындағы «Монокль», 2014 жылы Түрік елінің Анталия және Кони, Татарстанның Қазан қалаларында өткен Халықаралық театрлар фестивалдерінде озық ойлы, жаңашыл шешіммен қойылған спектакльдерді көрсетіп, еліміздің мәртебесін асқақтатып, абыроймен оралды.
Сәкен театры ұжымы 2014 жылы Тараз қаласында өткен I Халықаралық театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Король Лир» қойылымымен қатысып, театр артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков «Актер өнеріне қосқан үлесі» номинациясымен Король Лир ролін шебер орындағаны үшін марапатталды.
2015 жылы Түркияның Трабзон қаласында өткен 16-шы Халықаралық «Қара теңіз жағалауында» атты фестиваліне М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен қатысып, көрермендерден жоғары баға алып, үлкен марапатқа ие болып қайтты.
2016 жылы бауырлас қалалар «Қарағанды мен Ескишехир» арасындағы ынтымақтастық келісімінің аясында Тәттімбеттің 200 жылдық мерейтойына орай Түркияның Ескишехир, Анкара, Амасия және Болу қалаларында бірқатар мәдени іс-шараларға халықаралық TҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен қатысып қайтты.
2017 жылы Түркия Республикасының Кония қаласындағы Халықаралық театрлар фестиваліне, ал 26-30 маусым аралығында Македонияның Скопье қаласына 5-ші Халықаралық Битолск Шекспирлік фестиваліне У.Шекспирдің «Гамлет-тәпі» /трагифарс/ (реж. Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ.Қасымов) спектаклімен өнер көрсетіп қайтты.
Бұл күнде театрда ардагерлер қатарына қосылған аға буын өкілдері,
Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Е.Жүнісбеков, К.Жұмабеков /Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты/, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Кемалов, артистер Г.Рашкалиева, Н.Жансүгірова, А.Ахметқалиева, М.Қисықов, С.Жұмағали, М.Садықанов, Ш.Нукина, Б.Бәкіжанов, Б.Кемаловалармен қатар, әр жылдары арнайы оқу орындарын бітіріп келіп, жемісті еңбек етіп жүрген артистер З.Абдыхалықова, Қ.Жырымбаева, Б.Ахметов, Г.Базарбаева, Қ.Жарылғапова, Б.Жағыпарова, Д.Айғазинова, Д.Заитова, М.Шәкенов, Ғ.Берденбетов сынды жастар сомдаған кейіперлер көрермендер мен сыншылардан жақсы баға алып, шалқар шабытты, кең тынысты өнер иелері екенін танытып келеді.
«EXPO-2017» Халықаралық көрмесі жабылар сәтте Астанада өткен Қарағанды облысының күндерінде облыстық қазақ драма театры Астана көрермендері мен қонақтарына ұлы классик М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы мен «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көрсетіп, табыспен оралды.
Қарағанды театрының Астанадағы қойылымын тамашалаған мәртебелі қонақтардың бір тобы сонау Татарстан республикасынан келді. Делегацияны бастап келген Татарстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Василь Гаязович Шайxразиев Қарағанды театрын Татарстанға шақырып, бірқатар қойылымдарын біздің көрермендер тамашалайтындай мүмкіндік туғызамыз деп уәде беріп кетті.
Биылғы жылы Тәуелсіз Қазақстан елі ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толуын кең көлемде атап өтіп жатыр. Кемеңгер тұлғаның 350 жылдығына орай С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург К.Жұмабековтің «Қаздауысты Қазыбек би» тарихи драмасының премьерасымен жаңа 86-шы маусымның шымылдығын ашты.
Кезінде белгілі театр сыншысы, өнертанушы, профессор Әшірбек Сығай Қарағанды театрына берген жоғары бағасының бірінде «Табыс тасқындарына «бастары айналмаған» ұжым ертеңгі күндерге де есесін жібергілері келмейді» деп атап өткен екен. Олай болса, 85 жылдың биігінен ертеңгі күнге көз салған Қарағанды облыстық қазақ драма театры «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір театр өнерімен» миллиондаған көрерменін рухани ләззат пен қуанышқа бөлей беретін болады!
Сансызбай БЕКБОЛАТОВ,
С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры,
ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.