Руханият

Сейілге деген сағыныш маздап…

Сиқырлы саздың иесіндей, сұлу әннің киесіндей болған Сейілін елінің сағынғаны рас. Біз мұны Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өткен аяулы әнші Сейіл Аяғанды еске алуға арналған «Ән-Аға» атты кешке жиналған халықтың қарасынан аңғардық.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Еске алу кеші басталмай тұ­рып, көпшілік әншінің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым жасады. Есті ән тыңдармандары жақсы біледі, Сейілден көз жазып қалған соң рухтас досы, қазақтың әнші қызы Роза Әлқожа «Сейіл жүрек» сағыныш әнін жазған еді.

«…Жүрсеңдағы кей нәрсеге кейіп жүрек,
Сендегідей жоқ ешкімде мейір жүрек.
Сейілден соң кетседағы пейіл жүдеп,
Сейіл жүрек, Сейіл жүрек…», – деп келетін сағыныш сазын әнші Гүлдана Макшонова шырқап, кеш көрермендерінің көңілін тербеп, көзіне жас үйірді.

Бұл кештің бұрынғы кештен өзгешесі, Сейіл әншінің өнерде жүріп, ізінен ерген ізетті інілері, қаракөз қарындастары ән шырқады. Әнші ағаларының шырқаған әндерін, сүйіп тыңдаған әуендерін Қуандық Төкенов, Аяжан Әкеева, Арайлым Жүкенова, Ақжол Мүрсәлім, Шыңғыс Сәрсенбай, Ербота Ұзақбаев, Қасиет Мұқатаев, Нұрғиса Рахадұлы, Сейілбек Бохаев секілді таланттар мен «Тәттімбенд» вокалдық аспаптық ансамблі тамаша орындады.

Кешке арнайы келген дәстүрлі әннің дүлдүлі, «Арқаның қызыл асығы» атанып кеткен Жақсыкелді Кемалов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов сахна төріне көтеріліп, әншінің шығармашылық жолы, әнге деген риясыз махабба­ты, ел ішіндегі сыйы жөнінде естеліктерімен бөлісті.

Әншінің асыл жары, шығармашылығының шырақшысына айналған Қымбат Түсіпбекованы да ел алдына шығарып, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің ұжымы сый-сияпат тапсырды. Өйткені, дәл кеш өткен күн – Сейіл әншінің дүние дидарын ашқан күні.

– Ортамызда Сейіл әншінің өзі болғанда 53 жасқа толар еді. Үйде өнердегі достарымен бірге думандатып жатар ма еді?!. Еске алу кешінде әндері шырқалып жатқаны жалғыз менің жаныма батпайтынын, сіздерге де оңайға түспейтінін мен жақсы сезініп отырмын. Өзі үйде отырғанда үнемі айтып отыратын-ды. «Мен – сұлу әнге адалмын», деп. Расымен, өнерге деген махаббаты шексіз еді. Сол себепті де, еліне сыйлы болды деп ойлаймын. Сейілді төбесіне көтерген халықтан айналып кетейін, – деді көңілі толқып, көзіне жас іркілген жары Қымбат.

Сейіл ғажап орындаушы ғана емес, сырлы сазгер де. Кеште тек ақын Қайрат Асқардың сөзіне жазылған Сейіл марқұмның «Бал сезім» әнін Ербол Алшынбай тамылжытты.

Астанадан арнайы келген аңыз әншінің туған інісі Шыңғыс Мұқаев ағасының үнемі шырқап жүретін «Таңғы тілек» әнін гитарамен орын­дағанда ел-жұрт үздіксіз қол соқты. Гитара шертісі, үніне дейін айнымай қалғандығына қайран қалысты.

Ғажап әнші «Жас қаламымен» көпшіліктің жүрегіне жол тапқан еді. Репертуарындағы бұл әннің де шоқтығы сөзсіз биік. Кезінде осы әнге бейнебаян түсіріп, «Youtube» желісінен 5 миллионнан аса қаралым жинаған еді. Сол туындыны төл шәкірті Мұрат Қоңыр шебер шырқап, көпшілік риза болысты. Кештің шымылдығы сол әнмен жабылды. Көрермен тік тұрып, қошемет қылды.

Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің концерт залына келген көрер­мен сыймағанын да көз көрді. Кешті тамашалаған өнерсүйер қауымнан біз шын талантқа көрсетілген тағзым мен ән құдіретіне көрсетілген құрметті аңғардық.

Сейіл ағамыз алты ішекті гитараны қалай қолына алғанын, өнерге келгені жөнінде бір естелігінде былай бөліседі:

«Алты жасымда әке-шешем маған домбыра алып бергені есімде. Ол кезде күні бойы ойын қуып үй көрмейміз. Кешке қарай ұйқыға біржола келіп, құлаймыз. Түн ортасы ұйқылы-ояу домбырамен айқайлап ән салатын көрінемін. Әке-шешем көрші-қолаңнан қысылғаннан, ертесіне «балам, түнде айқайлауға болмайды. Күндіз айт әнді», дейді екен. Сөйтсе, әкемнің апасы Қазыкен шешей ата-анама: «оятпаңдар, балаға бір құдірет қонғалы жүр», десе керек. Қазыкен апа – кезінде өлең шығарған, ән салып, мандалин тартқан кісі. Кейін домбырам сынып қалды. Содан совхозға гитара келді. Қазақ радиосынан Қорабай Есеновтер құйқылжытып жатады. Қазір қайдам, бізді ол кезде «Қазақ радиосы» тәрбиеледі ғой. 7-8 жасымда гитара тартып, сол кісілердің орындауындағы және басқа да дәстүрлі әндерді өз әлімше орындайтынмын. Сөйтіп, домбыраны гитараға алмастырдым. Көбіне гитараны домбыраша тартып, көсіп-көсіп алатыным содан қалса керек. Кейін бұл өз стиліме айналды. Негізі, мен эстрада жанрында жүргеніммен, табиғатым – қазақтың халық әндері».  

Міне, содан бері есті әндерді ғана шырқаған Сейіл Аяған ғұмыр бойы сұлу әнге адалдық танытып өтті.

Көпшілік кештен «Шіркін-ай, Сейіл салған ән қандай еді?!» деп, қимай тарқасты. Ел жүрегіндегі өнер иесінің екінші өмірі осылай жалғасып жатыр.

«Бұл Сейіл – тірі қалған Оғызыңдай, Гитара – Қорқытыңның Қобызындай» деп басталады ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының «Сейілдің гитарасы» атты өлеңі. Гитарасы шаңырағында төрде ілулі тұр. Адал серігін үздіксіз күткен күйі. Иә, оның әр шегінде шер тұр…

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button